Ақпараттық портал

Бірлесе шешкен тірлікте береке бар

Өткен тарихқа көз жүгіртсек, небір зобалаңды көрген текті халқымыз жан-жақтан жау анталағанда да, ішімізден ін қазып, іріткі салғанда да, ел басына қара бұлт үйіріліп, нәубет төнгенде де бүтіндей ұлтты бірлікке ұйыстырған билердің кесіп айтқан сөзі мен шешіп айтқан түйініне жүгінген. Әр заманның өз жүгі, ауыртпашылығы, қиындығы бар десек, тәуелсіз елімізге де көз алартып отырған жаулар жетерлік. Ең қауіптісі, асыл дініміздің атын жамылып, әсіре діншілдер тегіс жұртты теріс ағымға жетелеп, құрдымға бастап бара жатыр. “Тек” деген бір-ақ ауыз сөзбен ұрпағын тиып отқан халықтың ұрпағы болған біздер бүгін аталыққа, даналыққа қадам басқан шақта өмірде бар жиған тәжірибемізді елдікті сақтап қалуға сарп етуіміз керек.
Қасиетті топырағымыздан “от ауызды, орақ тілді”, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйреп айтар, ақыл айтқанда ағын судай арқырар шешендер, көсемдер, билер өткенін тарихтан білеміз әрі айтып та жүрміз. Ұлтты ортақ мүддеге жұмылдыратын да, ұлт болып ұйыстыратын да, ұлтты дамудың даңғыл жолына түсіретін де ең басты киеміз-бірлік екені бесенеден белгілі. Сол жолда даналықтың мектебін қалап кеткен билердің дәстүрлі жолын жалғау-бізге аманат.
Осыған орай, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында 2018 жылдың 18 қарашасында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын Билер кеңесі құрылған болатын.
Билер кеңесінің басты мақсаты-қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті насихаттау, дау-жанжал деңгейін төмендету, құқық бұзушылыққа жол бермеу, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды сақтау, жастарға, тұрғындарға құқықтық және адамгершілік тәрбие беру. Сондай-ақ, аса ауыр емес қылмыстарды, отбасылық-тұрмыстық және еңбек дауларын сотқа жеткізбей медиация тәртібімен тараптарды татуластыру болып табылады.
Облыстық билер кеңесі құрылып, іске кіріскен алғашқы күннен бастап Жамбыл облыстық сотымен бірлесе отырып «Билер кеңестері жайлы Ереженің» жобасы жасалып, ол республика аумағына тарайтын «Қарахан» журналының 2019 жылғы №1 санында жарияланды. Аталған ереже 2019 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында өткен ардагерлер ұйымдарының республикалық жиынында талқыланып, мақұлданды. Сонымен қатар, өз жұмыстарында басшылыққа алулары үшін басқа облыстарға таратылды.
Облыстық билер кеңесінің ұйымдастыруымен 9 алқа мәжілістері, 3 дөңгелек үстел, 22 семинар-кеңес өткізіліп, 209 азамат қоғамдық қабылдауда болды. Облыстық және аудандық баспасөз беттерінде билер кеңестерінің жұмыстары туралы 257 мақала жарық көрді. Билер кеңестерінің іс-тәжірибесі туралы 3 кітап жарық көрді. Атап айтсақ, Сарысу ауданынан Қ.Мамбетовтың “Адал би-Әділ би” атты кітабы жарық көріп, кітапта Сарысу ауданында құрылған “Билер кеңесі” және қазақтың үш биі Төле, Әйтеке, Қазыбек билері турасында мағұлматтар жазылған. 2023 жылдың 9 айында билердің қатысуымен 1109 іс қаралған.
Кейбір аудандық, ауылдық билер кеңестерінің арасында ынтасыз, ықылассыз, жігерсіз, нәтижесіз жұмыс істеп отырғандары жоқ емес. Бүгінгі біздің жұмысымыздағы орын алып отырған осы олқылықтар мен шешімін табатын түйінді мәселелер әрдайым басты назарда болу керек, себебі алда ауқымды міндеттер, ойлар, межелер, жоспарлар аз емес. Жалпы, біз ең алдымен ұсақ-түйек, отбасындағы, ағайын, көрші-қолаң, жас-жұбайлар арасындағы дау-дамайдың барлығын сот отырысында шешіп қана қоймай, билердің, ақсақалдардың араласуымен де шешуге күш салудамыз. Біздің мақсат – тараптарды араздастыру емес, мейлінше табыстырып, жастардың отбасын сақтап қалуына, бауырлардың арасының суып кетпеуіне мейірім сынасын қағу.
Елімізде жас отау құрғандар арасында ажырасу күрделі мәселе болып тұр. Бүгінгі қоғамда әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Кеше ғана қол ұстасып қосылған жас жұбайлар араға айлар салып, болмашы нәрсеге бола ажырасып жатқанын көріп жүрміз. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстар да дұрыс жолға қойылмай келеді. Меніңше, бұл олқылықтың орнын толтыруға аудандық, ауылдық билер кеңесінің мүшелері өзіндік үлес қосқаны жөн. Сондай-ақ, бұл бастамаға аналар және әкелерден құралған кеңестер де үлес қосқаны абзал. Отбасылық мәселелерді мемлекет дәрежесінде қарап, нақты бағдарлама қабылдаған жөн деп санаймын. Жалпы дамыған елдерде даудың 80-90 пайызы бітіммен аяқталады. Ұлыбритания, Канада т.б елдерде дау көбіне медиация тәртібімен шешіледі. Тек бітіммен шешуге келмейтін күрделі даулар ғана сотта қаралады. Сотқа жүгіну өте қымбатқа түседі. Медиацияны қолдану тек соттың жұмысы деп түсінеміз. Дауды сотсыз шешу әдісін жұртшылық әлі жете түсінбейді.
Осы кемшіліктерді жою үшін аудандық, ауылдық билер кеңестері үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізулері керек.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Медиация туралы» заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біздің осыған байланысты өз ұсынысымыз бар. Ең алдымен «Медиация туралы» заңнамаға билер кеңестері жайлы арнайы бап қосып, «Медиатор би» деген атауды енгізу. Екінші ұсынысымыз, бүгінгі таңда елімізде 60-тан аса медиаторлық ұйымдар бар, олардың қатары күннен күнге өсуде. Алайда басқа елдердегідей мемлекет тарапынан реттеуші орган жоқ, осы жағы ескерілсе. Үшіншіден, барлық елді мекендерде билер кеңестері ардагерлер кеңестерімен бірігіп жұмыс жасайды. Кабинеттер жабдықталған. Осы ретте билер кеңесінің жұмысын жандандыру үшін материалдық көмек керек екенін айтқым келеді. Іс-шаралар өткізуге, кеңсе тауарларын алуға, электронды пошта қызметіне қаржы қарастырған жөн. Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар қоғамдық ұйымдарға тендер арқылы шеше алады.
Біткен іске тоқмейілсу – бізге сын. Бастысы – бағытымыз айқын. Алдағы жылдарға құрған жоспарларымыз ретімен іске асатын болады. Жан жадыратар жақсы іске мұрындық болуға бекініп отырған жайымыз бар. Қазақылықтың иісі аңқып тұратын, салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, үлкенге құрмет, кішіге ізеттің нақ үлгісі көрінетін, еңбек пен бейнеттің жарасымды көрінісі көзге ұратын берекелі елімізде Билер кеңесінің ықпалымен талай жан жадыратар істердің легі жалғасын таба берсін. “Ауылдың басы болмасам да, сайының тасы болайын” деген ұстанымға байланған біздерге қандай сәтте де кейінгі буын жүгініп жатса, ақылымызды аянып қалмаймыз. Дана халқымыз «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» деп тауып айтқан ғой. Біз де кемел шаққа жетіп, өмірден көргеніміз бен түйгенімізді келер ұрпаққа қалдырсақ, өнеге деген сол болар.
Оңласын Есіркепов,
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы
Билер кеңесінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.