Діні түзу елдің болашағы жарқын
Бұл күндері ұлт болашағы, ұрпақ қамы, ұлттық тәрбие деген сөздерді ұранға алып, ортақ мақсатқа ұйысудамыз. Қазір екінің бірі келешегімізге күмәнмен қарап, болашағымыз бұлыңғыр бола ма деседі. Тәрбиеге келгенде ұзын арқан, кең тұсауға салынғанымыз анық. Кешегі Алаш зиялылары тіл мен дін тағдырын талқыға салып, соның жолында егеске түсіп, қасық қаны қалғанша күресіп өткен еді. Қараңғылықта қалғып-мүлгіген жұртты “Оян, қазақ!” деп аттандап, ел мен жерді кезіп жүріп, көзін ашуға барын салды. Сол күрес нәтиже бермей, бүгінде екі есе күресуге мәжбүр хәлге түскендейміз. Ал, бүгінгідей жан-жақтан жат ағымдағы аш қасқырлар анталаған заманда үміт арқалаған жастарымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесіне кім кепіл? Жастарды айтпай-ақ, ересектердің көбісі дәстүр мен діннің ара-жігін ажырата алмай, ата-баба жолынан безініп, жат ағымға санасы езіліп, ел ортасына іріткі салуда. Кезінде шындықты шымбайына жеткізе айтқан Шерхан атамыз “Дін мен дәстүр бір-біріне үйлесімділік тауып, қабыса кеткенде ғана ақиқат биігіне көтеріліп, ұлтты тәрбиелеудің кілтіне айналады” деп тегін айтпаса керек. Міне, осы сөздің үдесінен шығу бізге артылған жүк болса, әсіресе елдің діни сауатын ашуға септесетін имамдарымыздың дін мен дәстүрді шегіне жеткізе дәріптеуде атқарар еңбегі орасан. Осыған орай, Шу ауданының бас имамы Кенжемолдаев Алмас Рысханұлымен дін төңірегінде аз-кем әңгіме өрбіткен едік.
-Дін-тәрбиенің рухани тірегі деген сөзге келісесіз бе? Тәрбиенің тізгінін босатып алуға не себеп болды деп ойлайсыз?
-Иә, дін-тәрбиенің рухани тірегі деген сөзге толықтай келісемін. Дін мен тәрбие-егіз ұғым. Біз тәрбиенің тетіктерін алға тартқанда сонау ықылым заманнан арқауы үзілмей бізге жетіп отырған халық ауыз әдебиетінің бай мұраларын пайдалануымыз қажет деп ойлаймын. Халқымыздың ертегі-жырлары, аңыз-әпсаналары, салт-дәстүрлерінің өн бойында адамның тұлға болып қалыптасуына жол ашатын негіздер бар. Тал басіктен жер бесікке дейінгі ғұмырында тәрбиеге баса көңіл бөлген қазақ халқы бала өмірге келгеннен-ақ жат әдеттерден аулақ болуға үйретеді. Ислам дінінің негізі де сол ғой, яғни толық адам қалыптастыру.
Мен қазақтың әрбір салтының астарына үңіліп, әр сәт сайын тәнті боламын. Мынаны қараңызшы, дүниеге келген балаға бесік жырын айтқанда “Бұл дүниеге келген соң, сұрауы бар судың да” деген жолдар кездеседі. Бұны тәрбие негізі десек, Ислам дінінде де біреуге қиянат жасамауға, өзгенің ала жібін аттамауға, әр нәрсенің сұрауы бар екендігіне үйретеді. Қазір ұмыт бола бастаған, көбісі біле бермейтін 5-6 айға толған, еңбектеуге талпына бастаған баланың “бауырынан табақ өткізу” дәстүрі бар. Бұл ырым бойынша ауылдың инабатты, салиқалы, салмақты, жалпы бойына жақсы қасиеттерді жинаған адамдарына бір табақ асты ұстатып, баланың оң жағынан, сол жағынан алма-кезек өткізеді. Мұның мәні, бала жаман әдеттерден аулақ болсын дегені әрі балаға ананың сүтінен басқа тәніне азық болар өзге де ас-ауқат бар екені, ол ризықты Алла беретіні көзделеді. Халық ауыз әдебиетінен бөлек, Абайдың қара сөздері, Шәкәрімнің жантану ілімі, басқа да ақын-жазушыларымыздың еңбектері ислам дінімен қабысып жатады. Сондықтан да кейінгі жастарымызды оқуға шақырамын. Бұған қоса бала тәрбиесінде Мағжан Жұмабаевтың мына бір сөзін «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» деген сөзін басшылыққа алу керек деп ойлаймын.
-Біздің ауданда дін тұрғысында ақпараттық-танымдық іс-шаралардың өту деңгейі қандай? Жат діни ағымдар адам санасын улайтыны және оның шырмауына түспеу жолдары жиі айтылып жүр ме?
-Текті халқымыздың бай сөздік қорында “Тамшы тас теседі” деген нақыл сөз бар. Шын мәнінде тамшыдай болса да тұрақты әрекет еткен жанның ісінің өнімділігі болмақ. Бүгінгідей алмағайып заманда жан-жақтан оқша жауған бәлекеттерден жастарымызды қалай қорғаймыз деген сауал алдыңғы толқынның санасында сайрап тұр. Осындайда тырс еткен тамшы құрлы үн шығара алмасақ, елге деген жанашырлығымыз қайда?
Айтайын дегенім, уағыз-насихат бөлімі бойынша Шу ауданында белсенді түрде жұмыстар жүргізілуде. Жант мүшелерімен онлайн және офлайн форматта 45 іс-шара өткізілді. Жұма уағызы 1232 мәрте, бесін және ақшам уағыздары 1120 мәрте үздіксіз жүргізілді. Рант мүшелерімен 6 кездесу өтті. Атап айтсақ, ауданымызға Рант мүшесі Нұралы Бақытұлы екі мәрте келіп, бес мекемеге, мешіттерге уағыз-насихат айтылды. Сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетінің жанындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясы төрағасының орынбасары, РАНТ мүшесі Салтан Сакен, Актөбе облысының найб имамы Нұрбол Смағұлов өңірімізге келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұған қоса имамдарымыз Жант мүшелеріне арналған семинарларға қатысты. Жант мүшелері кітапхана қызметкерлерімен, ауыл тұрғындарымен, түрлі мекемелердің қызметкерлерімен, мектеп оқушылары және колледж студенттерімен кездесулер өткізді. Ауданда Ихсан ілімін насихаттау қарқынды түрде жүргізілді. Осы мақсатта онлайн 8 мәрте, ал офлайн 49 мәрте уағыз айтылып, бейнематериалдар жарияланды. “Ихсан-рухани тәрбие негізі” тақырыбында көшпелі семинар өтті.
Биылғы жыл “Ізгі қоғам жылы” болғандықтан, бұл салаға да басымдық берілді. «Ізгі қоғам-өзгеру өзіңнен басталады» деген тақырыпта имамдар ортасында семинар өткізілді. Осы бағытта жыл бойына жалпы есеппен 51 іс-шара атқарылды. Жастар істері секторы бойынша ауданда уағыз-насихат жұмыстарымен қатар спорттық іс-шаралар да атқарылды. Спорттық жарыс, діни керуен, спорттық дода, әз наурыз мерекесі сынды 61 іс-шара өтті. Аудан жастары мешіттер ұйымдастырған барлық шараларда белсенділік танытты. Дін мен дәстүр бағыты да дініміздің арқау еткен саласы. Осы бағытта да бірқатар іс-шаралар атқарылды. Жалпылама 45 іс-шара аясында уағыз-насихаттар жүргізілді.
Діни оңалту бағыты бойынша жат ағымның алдын алу бағытында 47 жалпы кездесулер жасалып, оған 462 адам қамтылды. 40 жеке кездесу өтіп, нәтижесінде 11 адам оңалды, ал 3-і бейімделу үстінде.
-Асыл дініміздегі ең үлкен сауапты іс-қайырымдылық жасау. Қанымызға сіңген қасиеттен бой тасалап қалу-қазаққа жат және ауыр сын. Осы игі істе ауданның аяқ алысы қалай?
Соңғы жылдары түрлі қайырымдылық ұйымдары құрылып, ел арасынан жүрегі кең, жомарт азаматтар суырылып шығып, жоқ-жітіктің мұқтажын ескеріп, мүмкіндігі шектеулі жандардың ем-домына үлкен көлемдегі қаражат жинап, сауабы мол іске мұрындық болуда. Мемлекет тарапынан да ерекше жандарға ерекше қамқорлық жасалып, олардың мүдделері заңдық тұрғыда қорғалып, қамқорлықққа алынып, түрлі әлеуметтік көмектерге қолжетімділігі жыл сайын артуда. Бұл істе біз де артқа бұғып қалмақ емеспіз.
Қайыры мол қайырымдылық істерге тоқталсақ, ауданымызда «Қайырымды жұма» акциясы бойынша 134 отбасыны қамтыған 21 іс-шара, “Рамазан сыйы” акциясы бойынша 120 отбасыны қамтыған 12 іс-шара өткізілді. Бұған қоса киім-кешек түрінде көмек берілетін игі істе 34 отбасыны қамтыған 11 іс-шара өтті. Сондай-ақ «Жылулық сыйла» акциясы бойынша 77 отбасыны қамтыған 19 іс-шара, «Үміт сыйла» акциясы бойынша 20 отбасыны қамтыған 6 іс-шара, «Құрбан шал» акциясы аясында 1319 отбасыны қамтыған 32 игі іс жасалып және бір отбасыға тосын сый тарту етілді. Бұдан бөлек, 2039 отбасыны қамтыған 178 қайырымдылық істері жүзеге асты.
Алмағайып замандарда әртүрлі ұлт өкілдерін бауырына басқан дархан пейіл қазақ халқы көршілес елдерде орын алған қиын-қыстау сәттерде де қарап қалған емес. Мәселен Түркия мемлекетінде елді есеңгіреткен зілзала апатында біздің аудан көлемі 44300 тонна болатын екі жүк көлігімен гуманитарлық көмек жөнелтті. Ал, қаржылай 9211989 теңге және 500 доллар берді. Баспанаға мұқтаж отбасылардың да мұңы ескеріліп, екі отбасыға құны 15000000 болатын үй берілді. Өрт шалған екі баспанаға 1600000 теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Баласы қайтыс болған әйел кісіге 800000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Жіпке тізіп айта берсек, қайырымдылық істің ұшы-қиыры жоқ және алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Айғаным Асқарбек.