Ақпараттық портал

Зорлық-зомбылықсыз қоғамға бір қадам

Қазіргі қоғамда небір қатігездіктер орын алып, тасбауыр әке, безбүйрек аналардың кесірінен бейкүнә балалар зорлық-зомбылық көруде. Заман дертімен ел болып күресіп, зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейтіп, мемлекетіміз түрлі жобаларды қолға алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» деген болатын.

Осыған орай, аудан әкімдігінің мәжіліс залында “Intellect 7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы” РҚБ президенті Маржан Еликулова, “Intellect 7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы” РҚБ құрылтайшысы, сот-медициналық эксперті Нұрбол Жықбаев, “Intellect 7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы” РҚБ қаржы директоры Жанар Кемельбекова, Жамбыл облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кинжеханованың қатысуымен зорлық-зомбылыққа қарсы форум өтті. Оған құқық қоғау органдарының қызметкерлері, аудандық білім бөлімінің мамандары және білім беру ұйымдарының психологтары қатысты.
Форум барысында «Сот-медициналық сарапшы қорытындысындағы шындықтың сипаты» тақырыбы бойынша “Intellect 7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы” РҚБ құрылтайшысы, сот-медициналық эксперті Нұрбол Жықбаев баяндама оқып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал, “Intellect 7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы” РҚБ президенті Маржан Жомартқызы «Тағдыр» жобасы аясында тұрмыстық, сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұлғаға тиімді түрде көмек көрсетуде сараптамалық қызмет пен біліктілікті арттыруда кәсіби мамандарды дайындау мен ынтымақтастықта жұмыла қызмет атқару бағдарламасымен таныстырды. Бұған қоса, «Анықтау, айшықтау мен алдын алу кезеңдерінде немесе тергеу амалдары мен сот ісі кезеңінде ведомствоаралық деңгейде өзара ынтымақтастық алгоритмі» бойынша “Intellect 7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы” РҚБ қаржы директоры Жанар Кемельбекова шеберлік сағатын өткізді.
Сондай-ақ форумда қазіргі қоғамдағы өткір мәселелер көтеріліп, отбасылық құндылықты нығайту, бала тәрбиесімен айналысу, зорлық-зомбылықтың алдын алу төңірегінде түрлі ой-пікірлер талқыға түсті.
Жиын соңында «Тағдыр» бағдарламасы аясында «Зорлық-зомбылық пен қатігездік жағдайларымен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби ынтымақтастығы» тақырыбында біліктілікті жетілдіру курсына қатысқандарға сертификат берілді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.