Күн тәртібінен түспейтін мәселе
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс” деген болатын.
Шын мәнінде адастыратын ақпараттың желдей ескен заманында жастарымыз жат ағымның жетегіне ілесіп, жағымсыз әдеттерге бой алдырып, шалыс басып, жүгенсіз кетіп бара жатыр.
Кез келген кеселмен үздіксіз күрестің арқасында ғана нәтиже шығатыны белгілі.
Ең алдымен, лудоманиямен күресу арқылы біраз былықтың бетін қайтаруға болатындай.
Күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе – бала тәрбиесі бойынша Шу ауданының білім бөлімі арнайы кесте бойынша аудандағы білім беру ұйымдарында ата-аналар жиналысын ұйымдастырып, өткізуде. Осыған орай, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Дінмұхамбед Қойториев, Төле би ауылдық округінің әкімі Рахимқұлов Арнұр, ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің мүшесі Тоқтасын Омбаев, ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдалардың қатысуымен өткен аптада Е.Бекмаханов, М.Әуезов, А.Макаренко, Әл-Фараби, С.Шәкіров атындағы білім ошақтарында кезектен тыс ата-аналар жиналысы өткізілді.
Жиын барысында Найман Кенжеханұлы тәрбиенің тізгінін тарта ұстау әрі ұлттық рухымызды көтеру – өзіміздің қолымызда екенін тілге тиек етіп, салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеуге шақырды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасындағы ұрлық-қарлық, әлімжеттік, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау сынды жантүршігерлік фактілердің ауданымызда да көрініс тауып жатқаны алаңдататыны айтылды. Осындай жаға ұстатарлық жайттардың алдын алудың жай-жапсарларын түсіндірген Дінмұхамбед Лашынбайұлы үлкендердің өзі де әлеуметтік желі арқылы алаяқтардың арбауына түсетінін де қынжыла айтты.
Ал, бас имам Алмас Рысханұлы бүгінгідей ақпараттық соғыстың өршіп тұрған заманында жат ағымның жетегіне ілесушілердің басым көпшілігі жастар болып отырғандығын айтып және оның шырмауына түспеу жолдарын түсіндірді. Бұған қоса, Төле би ауылдық округінің әкімі Арнұр Ермекбайұлына ата-аналар тарапы бала қауіпсіздігіне байланысты бірқатар сұрақтарын қойды. Атап айтсақ, қаңғыбас иттерді құрықтау, жаяу жүргіншілер жолын салу, жылдамдықты шектеу белгісін орнату қажеттігін алға тартып, кейбір мектептерге акт залын, спорт залын салу да кезек күттірмейтінін жеткізді.
Ұлт болып жұмылып, халық болып бірігіп, ел болып атсалысатын ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі жиындар алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізілетін болады.
Айғаным Асқарбек.