Ақпараттық портал

Ағын суға қатысты мәселелер талқыланды

Жаңадан құрылған
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов ағымдағы аптада Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Ерболат Мақсұтханұлы Әулиеата өңіріндегі сапары барысында Шу ауданына да арнайы ат басын бұрып, ағын суға қатысты бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Ең алдымен Тасөткел су қоймасындағы құрылыс жұмыстарын көзбен көрген вице-министрге облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров атқарылған жұмыстардың барысы мен құрылыстың қазіргі аяқ алысын түсіндірді. Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуықтаған су қоймасының суы екі бірдей ауданға ырзық болып отырғанын айта кету керек. Тұтастай алғанда, бастапқы жоба бойынша аталмыш су қоймасы 620 миллион текше метр су жинауға қауқарлы болған. Алайда, қажеттілігіне қарай мұндағы судың көлемі өзгеріп отырады. Сондай-ақ, су қоймасынан ұзындығы 38,3 шақырымды құрайтын сол жағалау магистрал каналы мен ұзындығы 48,8 шақырымды құрайтын оң жағалау магистрал каналы және ұзындығы 52,7 шақырымды құрайтын Тасөткел магистралды каналына су бөлініп жатыр. Аталған каналдар аудандағы егіс алқаптарына ағын су жеткізуде үлкен маңызға ие екенін айта кеткен жөн.
Қазіргі кезде су қоймасында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту, яғни сейсмотұрақтылығын нығайту жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмай отыр. Осыған байланысты вице-министр Ерболат Ибрайханов құрылыс жұмыстарына жауапты «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС-нің басшылығымен тілдесіп, түрлі түйткілдерді талқылады. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Сәбитұлы ұзаққа созылған құрылыс жұмыстарына байланысты қаржылық кедергілердің, сондай-ақ жұмыстардың мерзіміне қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті. Өз кезегінде Ерболат Мақсұтханұлы жауапты мердігерге құрылысқа қатысты сын-ескертпелерін жеткізіп, нысанның техникалық қадағалаушысына жұмыстың сапасын ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен бірге, аудан басшылығына егіс науқанына дейін қажетті су мөлшерін жинау керектігін де ескертті.
Бұдан әрі вице-министр ауданымыздағы «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасы (ПУИД-2) аясында атқарылып жатқан жұмыстардың да аяқ алысын көзбен көрді. Каналдардың құрылысына жауапты ирандық «Туннель Садд Ариана» компаниясының өкілдерімен сөйлесіп, қаржылық мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, құрылысқа қатысты қалыптасқан бірқатар түйткілдерді де талқыға салды.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.