Ақпараттық портал

Ел боламын десең, тойыңды түзе!

“Шілдехана, бесік той, тұсаукесер сүндет той, ай шіркін-ай, құда түсу, сырға салу, беташарым-ай” деп әндететін қазақ халқының бүгінде тойы көбейген.
Бұл тойларды былай қойғанда 20 жас, 30 жас, 40 жас дегендеріңіз тағы бар. Бұрындары торқалы той деп 80-90 жастарын дүркірете жасаушы еді.
Тіпті, “Гендер пати” дегені шықты. Әлі дүниеге келмеген баланың жынысын анықтау үшін үлкен шарға не қызыл, не көк түсті шашуларын салып, болашақ баланың әкесі мен анасы шарды жарып, дәстүрімізге қайшы әрекеттерді жасап жатады.
Қош, оған да көз үйреніп кеткелі қашан?!

“Той десе қу бас домалайды”, “Жиған-тергенің тойға шашылсын”, “Тойың тойға ұлассын” дейтін халқымыз 3-4 жыл бұрын пандемияның өршіп, ауру алқымнан қысқан кездерде де жасырынып той өткізуден де тартынбаған еді. Сол тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сұхбатында былай деген еді: «Қазір “Тойың тойға ұлассын” деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті, осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!». Сүйектен өтер бұл сөз де халқымызды маса шаққандай құрлы болмады.
Ойшыл халық болмасақ та тойшыл халықпыз, әйтеуір… Бір қазақ кемінде бір айда 4-5 тойға баратын дәрежеге жеттік. Ендеше, тойды неге мәдениет пен тәрбиенің ортасы қылмасқа?! “Күлтөбенің басында күн де жиын” демекші, аудандық әкімдіктің ғимаратындағы үлкен мәжіліс залда екі күннің бірінде келелі жиындар өтуде. Сондай жиындардың бірі жақында ғана қазіргі тойлардағы мәселенің төңірегінде өрбіді. Қазіргі тойларды ертерек бітірудің қамына кіріскен атқамінерлер ауданымызда орын тепкен мейрамханалардың қожайындары мен әкімшілерінің қатысуымен жиын өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев төрағалық етті. Оған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев, аудандық аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, АПБ бастығының бірінші орынбасары Әнуар Мамытбеков, аудандық мәслихаттың депутаты Мақсат Сұлтанғазиев та қатысты.
Тойды ерте бітірудің жолдары қарастырылған жиында той төңірегіндегі бірнеше мәселелер қозғалып, шешу жолдары да қарастырылды. Шуда кешкі 18.00-ге деп шақырылған той 21.00-дерден өте басталып, түнгі 03.00-дер шамасында бір-ақ бітетінін жалпақ жұрт жақсы біледі. Арғы тегінен қазақ жұртын қонақжай, үйге келген мейманын сыйлай білетін халықтардың қатарына жатқызамыз. Ендеше шақырған уақыттан кешікпей келген қонақтарды босқа сарылтып, сағаттап тостырып қоюымызды қалай ақтап алармыз? Түсіне білген адамға ондай тойлардың басталмай жатып-ақ берекесі кетеді. Халық күте-күте жалығады, кейбір үлкен кісілер тіпті той басталмай-ақ шаршай бастайды. Осылай кешігіп басталған той тым ұзап кетпей аяқтала қойса жақсы ғой. Ондай тәртіп бізге қайдан келіпті. Ырду-дырду мен азан-қазанға ұласқан той түннің бір уағына дейін созылады.
Ал, сол түрлі келеңсіз оқиғалар, жол-көлік апаттары, құқықбұзушылықтар, қылмыстар түнгі уақыттарда орын алады. Тойдан ащы су ұрттаған азаматтар мас күйде көлікті тізгіндеп, соның салдарынан орны толмас қайғылы оқиғалар да тіркеліп жатады. Сондай-ақ, той-думандарда қызмет көрсететін даяшы, фотоға түсіруші, бишілердің көбі кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі 22.00-ден кейін жалғыз жүрмеуі керектігін ескерсек, мейрамханаларда даяшы болып істейтін мектеп жасындағы балалар той тарқағаннан кейін дастарханды толық жинап кету үшін тағы 1 сағаттай уақыт жүреді. Олардың қауіпсіздігіне кім жауапты?
Елдің қамын ойлаған жиында қатысушылардың барлығы өз пікірлерін ортаға салып, тойдың соншалықты түн жарымына дейін созылуына нендей себептер әсер ететінін айтып бақты. Ал енді тойларымыз неліктен сағыздай созылып, түн баласы ауғанша біте қоймайды деген мәселеге назар аударып көрейік. Ең біріншіден, тойды созатын – тамада-асабалар. Бүгінде ақша табудың оңай жолы той-жиындар болғандықтан асабалар көбейді. Тойды тегін жүргізетін заманда асаба табудан қиын дүние жоқ еді. Ол асабалардың бәрі білімді, мәдениетті, өз ісін білетін адамдар болса жақсы ғой. Өкінішке қарай, олай емес. Біздің Шу ауданында мейрамханалар өте көп, соған сай бақталастық дегені тағы бар. Той жасаушы қалтасынан ақша шығарып жатқаннан кейін өзіне ыңғайлысын, сөзі өтетінін іздейді. Тамадаға да қоятын уәжі сол. Көпшілігі қарызға батып, несие алып той жасағаннан кейін жасаған тойы ақталса деген ниетте болады. Содан не керек, әр үстелінің толғанын күтеді. Тойға шақырған мейманына тосылып, тамаданың ырду-дырдуына қосылып, тойы созылатыны содан. Тамаданы тілге тиек еттік қой, жиынға қатысушылардың сөзінің түйіні де соған ойысты. Яғни тамаданың кей сөздері Абайша айтқанда “кекектеп, секек етем деп шошқа туар сөздері” дегенге саятынын, әрі елді масқара қылатынын, қылжақ ететінін, ақылға сыймайтын ойындарды ойнататынын да атап өтті. Тамадаларды танымына, талантына, сөзінің тұщымына қарай таңдайтын уақыт жеткен сияқты. Ендеше тойды неге тәрбие ортасы қылмасқа?! Осы төңірегінде біраз мәселелердің шетін шығарған атқамінерлер келесі жиынның тамадаларға арналатынын, қайткенде де тойды ерте бітірудің қамына кірісетінін атап өтті.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы өз заманында “Той деп шашылады, ас деп шашылады, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді” деп күйініп кеткен екен. Жиі баратын той ортасын білім ордасына айналдыруға тамадаға таным-түйсік, ой-сана бек қажет. Келесі жиында көтерген өзекті мәселе өзінің иесін тауып жатса, нұр үстіне нұр болмақ!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.