Жоба аясындағы жүздесу
Өткен аптада ауданымызға «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында жұмысшы топ келген болатын. Аталмыш топ мүшелері желілік кестеге сәйкес жұма күні қалалық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті.
Кездесу жиынын ашқан аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев көпшілікке облыс әкімдігі ішкі
саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиация кабинетінің меңгерушісі В.Н.Досыбиева, республикалық дүнген орталығы аналар кеңесінің төрайымы С.М.Даузова, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық меңгерушісі Қ.Ә.Мамашев, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы М.Қ.Жинақбаева сынды топ мүшелерін таныстырып, кездесудің мақсатын түсіндірді.
Мұнан кейін сөз кезегін алған М.Қ.Жинақбаева басты мақсат – көптің көкейіндегі түрлі мәселелер мен ұсыныстарды назарға алып, шешімін табуға ықпал ету екендігін тағы бір мәрте атап өтіп, көпшілікті белсенділік танытуға шақырды. Сонымен қатар, жоғарыда аталған жоба аясында өткен жылы сәуір айында ауданымызға келген, әрқайсысының өзіндік міндеті белгіленген осындай үш жұмыс тобының арасында болып, халық тарапынан айтылған бірқатар мәселелерді назарға алып, жол картасына енгізгендігін, оның кейбірі шешімін тапса, кейбірі облыс әкімінің бақылауында тұрғандығын және әр мәселе өзінің деңгейіне қарай біртіндеп шешімін тауып, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берілетіндігін жеткізді.
Айтуынша, көтерілген мәселелердің барлығы тұрғындардың жеке басына қажетті емес, жалпы халықтың әлеуметтік ахуалын арттыруға бағытталған. Мысалы, өткен жылы Шу қаласына қатысты айтар болсақ, қалаға моноқала статусын беру, үй жануарларын ұстау орнын белгілеу, мал дәрігерінің жалақысын көтеру, қосымша штат беру, Шу қаласында ветеринарлық станса ашу, қаланың кейбір көшелерін сапалы ауыз сумен қамту, көшені жарықтандыру сынды өзге де өзекті мәселер көтеріліп, бірқатар ұсыныстар айтылған.
-Жамбыл облысы республика аумағында 53 этнос мекендейтін өңір болғандықтан, біздің топтың негізгі мақсаты да – түрлі ұлт өкілдері басым шоғырланған елді мекендер тұрғындарымен кездесу. Сондай көп этносты аудандардың бірі – Шу ауданы. Топтың негізгі жұмысы түрлі этнос өкілдерімен тығыз байланысты болғанымен, кездесу барысында әрқайсысын бөліп-жармай, жалпы халық тарапынан туындаған барлық мәселелерді назарға алып отырмыз. Сондықтан, әрқайсысыңыз өздеріңізді толғандырған мәселелерді ортаға салып, өз ойларыңызды толық жеткізіп, ашық пікір алмасуға болады,-деді М.Қ.Жинақбаева.
Шара барысында Б.Қарғабаев Шу қаласына облыстық статус беру, аяқсыз қалған көше асфальттарын аяқтау, инвотакси қызметін жандандыру, медицина мамандарының жетіспеушілігі, арнайы санаттағы адамдарға госпитальде тегін емделуге жағдай жасау сынды мәселелерді көтерді. Жергілікті тұрғын көтерген соңғы мәселе оның айтуынша, өзге аудандарда тегін жүзеге асырылатын көрінеді. Ал, бізде олай емес. Сондықтан, осы мәселеге тереңірек мән беруді өтінді.
Келесі кезекте Э.Асланова «Батыс» мөлтек ауданындағы жағымсыз иістен арылатын күннің қашан туатынын сұрап, осы мәселе билік өкілдері алдында қанша жылдан бері көтеріліп келе жатса да, әлі күнге дейін оңды шешімін таппай отырғанын, тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын жаңа серіктестіктің жұмысын жергілікті билік қатаң қадағалауы қажеттігін, 50 мыңға жуық халқы болса да, Шу қаласында электр қуатын тарату мекемесі (РЭС) жұмыс жасамайтындығын, ал коммуналдық төлемді «Каспий» қосымшасы арқылы төлеуге болғанымен, мұнда шектен тыс сома көрсетіліп тұратынын, қаладағы электр желілерінің ескіргендігінен ауа райы сәл қолайсыздық танытса, бірден жарық өшетіндігін, бұл балалардың сабағына кері әсер ететіндігін, мас адамдарды ұстайтын арнайы орынның жоқтығынан олар қоғамға кесірін тигізіп отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, зейнеткер К.Каримсаков қаланың бас қақпасы саналатын темір жол бекетіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын алға тартты.
Жиын барысында өзге де қатысушылар көкейлерінде жүрген көптеген мәселелерді жайып салды.
Тұрғындарды мұқият тыңдаған топ мүшелері көтерілген мәселелердің басым бөлігі аудандық деңгейде шешімін табуға болатын шаруалар екенін айтқаны сол еді, жиынға қатысушылар біздің ауданда халық тарапынан айтылған мәселелер орындалмайтындығын, айтылған мәселе айтылған жерде қалатынын, әр жылда әр жақтан келген дәл осы топ секілді топ мүшелерімен, аудандық билік өкілдерімен түрлі кездесулер өткізіліп, халық мұңын айтқанымен, еш оңды нәтиже болмайтындығын, көтерілген мәселе сиырқұйымшақтанып, уақытылы орындалмайтындықтан, бірнеше жылға созылып, әлеуметтік мәселелер бірінің үстіне бірі көбейе беретіндігін алға тартты. Бір сөзбен айтқанда, сан мәрте ауысып, тұрақтамайтын басшылардан мезі болғандығын ашына жеткізген қара халық билік өкілдеріне сенімнің жоғалғандығын да жасырмады.
«Ашынғаннан шығады ащы даусым» деген сөздің кебін киген тұрғындардың билікті мазаққа айналдырудың аз-ақ алдында тұрғандығы анық байқалады. Бұған сол күнгі жиналыс та шынайы дәлел болғандай.
Жиын соңында топ мүшелері барлық мәселелер бақылауға алынатындығына тағы бір мәрте сендіріп, кездесуді қорытындылады.
Жұмыс тобы бұл күні ауданымыздың Мойынқұм, Төле би, Қонаев, Жаңа жол, Белбасар ауылдарында да жергілікті тұрғындармен дәл осындай кездесу жиындарын өткізді.
Динара Батырхаирова.