Жанға жайлы жазғы лагерь
Төңірекке көз тастасаң қызылды-жасылымен көмкерілген, көз сүйсінтер табиғаты бар, әрбір жанға бойға қуат болар жеміске толы бау-бақшасы бар, аптап ыстығында жан сергітер ағынды өзен-көлі бар, айта берсең қызықтының бәрі бар жаз мезгілін әсіресе бүлдіршіндер асыға күтеді. Міне, бір оқу жылы да өз мәресіне жетіп, көптен күткен жазғы демалыс басталып та кетті. Балалар үшін үш ай демалыста алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалатын жазғы демалыстың қызығы-жазғы лагерьмен қыза түсетіндей. Осыған орай, 3-маусым күні аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелерінде жазғы лагерь өз жұмысын бастап кетті.
Соңғы кезде балалар мен жасөспірімдердің көпшілігі телефонға тәуелділіктен арыла алмай, бұл қоғамдық мәселеге айналғалы қашан?! Көгілдір экранның арғы бетіндегі алдау- арбау дүниелерге бой алдырып, қателікке аяғын көп шалдырып жүрген жастардың санасы уланбауы үшін тәрбие ісін күн тізбеге қыстырғалы ел болып жұмылып әрекет етудеміз. Соның бірі жазғы сауықтыру лагерін тиімді ұйымдастырып, балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, сүйікті ісімен айналысуына жан-жақты жағдай жасау. Таңнан қара кешке дейін қолындағы телефонға телмірген баланың тірек-қимыл жүйесі бұзылып, омыртқасы қисайып, көз жанарына ақау түсетінін білген ата-ана балаларын лагерьге жіберуге асығады. Жазғы лагерь кезінде түрлі қызықты ойындар арқылы балалардың ақыл-ойы дамып, денесі шынығып әрі адамгершілік қасиеттерді бойға сіңіреді. Жазғы лагерьдің басты міндеті де сол.
Тоғыз ай бойы арқасына ауыр сөмкені арқалап, әр пәннің машақатын көріп шаршаған оқушылардың тиімді демалысын ұйымдастыру мақсатында ауданымыздағы Техникалық шығармашылық орталығында “Қосымша білім беру ұйымдарында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жолдары” атты аудандық семинар-практикум өтті. Оған қосымша білім беру мекемелерінің директорлары, жазғы лагерьге жауапты мамандар, сондай-ақ аталған мекеменің қызметкерлері қатысты.
Тәжірибе алмасуға бағытталған семинар-практикумда Техникалық шығармашылық орталық директорының міндетін атқарушы Асемгуль Кокумбекова сөз алып, мекемедегі жазғы лагерьдің жұмысымен таныстырып өтті. Мұнан кейін директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нағима Какимова “Қосымша білім беру ұйымдарында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жолдары” атты баяндамасын оқып әрі Кеңес үкіметі кезіндегі лагерьдің қызықтарымен бөлісе кетті. Сондай-ақ, “Ваз-2107 автокөлік үлгісін жасау”, “Ракета үлгілеу”, “Роботтарды 180 градусқа бұру және оны телефон арқылы жүргізу”, “Қағаздан гүл жасау” шеберлік сыныптары көрсетіліп, үйірме жетекшілері оқушылардың қызығушылығын техникалық-шығармашылық бағытқа бұрды.
Бұған қоса, қосымша білім беру мекемелерінің қызметкерлері өзара пікір алмасып, жазғы лагерьді ұйымдастыру кезінде ұлттық құндылықтарымызды заманауи бағытта жандандырып, оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға, сана-сезімінің сергек болуына, бойындағы патриоттық рухты арттыруға күш жұмсау қажеттігін алға тартты. Соған сай жүйелі жоспар құрып, барлық қосымшалардың арналарын бір мақсатқа бұрып, бірлесе жұмыс жүргізуге уағдаласты. Алдағы уақытта “Оқушылар сарайының” базасына барлық қосымшаларды жинақтап, жазғы лагерьдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысу керектігін жөн деп тапты. Бұл, әрине балаларды жалықтырып алмауға, жан-жақты болуға баулитын әдіс.
Мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, өнер-білімге баулу, спортпен шұғылдандыруға бағытталған жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілетін жазғы лагерь 2 кезеңмен өтеді. І-кезең 3-14 маусым аралығы, ІІ-кезең 17-28 маусым аралығында. Тағы бір атап өтерлігі, жазғы сауықтыру лагерінің алғашқы күнінде Шу қаласында орын тепкен мектептерде оқитын аз қамтылған отбасылардың балалары “Гранд пол” бассейніне тегін барып қайтты. Осы тұста аталған бассейннің қожайыны Адилов Нұржан Ахметұлының жомарттық ісін атап өту керек. Балалардың жазғы демалысын көңілді өткізуге бағытталған іс-шара аясында Шу ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің арнайы мамандары суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін оқушыларға түсіндірді. Бұл игі шара жалғасын табады. Алдағы уақытта жазғы лагерьдің екі кезеңінде әр аптаның дүйсенбісінде аудан мектептерінен 100 баладан қамтылатын болады.
Бәрінен тиімдісі-бала болашағы үшін салынған инвестиция. “Қуанса, бала қуансын” деп ел ертеңі болар бүлдіршіндерімізге жағдай жасауға жол салатын азаматтардың ісі мақтауға тұрарлық. Шаттық пен шабытқа толы жазғы лагерьдің кезінде көптеген жеке кәсіпкерлер балаларға түрлі тәттілерін ұсынып, сауапқа кенеліп жатыр. Тек тәттімен қуантып қана қоймай, балалардың жайлы ортада демалысын тиімді өткізуіне жағдай жасайтын кәсіпкерлер де суырылып шықса, нұр үстіне нұр болмақ!
Айғаным Асқарбек.