Ақпараттық портал

Тіл – халықтың жаны

Тіл – ұлттық белгі, халықтық мұра, дүниетаным құралы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы.
Қазақ халқының қасиетті мұрасы – ана тіліміз, ол – қазақ тілі. Қазақ өзінің сан ғасырлық тарихы бойынша түркі халықтарымен қонысы жағынан өте жақын қарым-қатынаста болған. Сол түркі тілдері тобына енетін (қазақ, әзірбайжан, қырғыз, өзбек, татар, түркімен, қарақалпақ, түрік, башқұрт, якут (саха), хақас, албай, құқлық, қарашай-балгар, гагуз, ұйғыр) тілдердің ішінде қыпшақ-ноғайлы тілдері олардың туыстығын дәлелдейді.
Адамдардың қарым-қатынасындағы сөз мәдениетінің орны ерекше. Қазақ болмысынан мәдениетті, ар-ожданы биік, бір-бірімен тіл табысуы, туыстық сыйластығы тұрақты, өнерлі, шешен сөйлейтін халық.
Маған кейбіреулер «Сіз тарихты көп айтасыз, сол тарихтың керегі бар ма?» деген сөзді көп айтады. Мен «Керек болғанда қандай, дәл қазір керек болып тұр»,-деймін. Өйткені, өткенді жаңғырту үшін ең бірінші тіліміздің, яғни қазақ тілінің қадір-қасиетін кеңінен насихаттау керек.
Біздер, аға буын өкілдерінің қазақ тілінің, мемлекеттік тіліміздің мәні мен мағынасы жоғары екенін жастардың санасына сіңіруді аталық және аналық парызымыз деп білеміз. Тіл біздің жанымыз. Біздің кейбір жастар жанның не екенін білмейді. Ал, жанды білмеген адам тілді қайдан білсін? Бала әуелі қайдан пайда болғанын білуі керек. Жанды білу үшін дінді білуі керек. Бала тілі мен дінін, мәдениетін, тарихын білсе, ол бала ешқашан адаспайды.
Ұлтты ұлт етіп тұрған екі темір қазық – тіл мен дін. Екеуі қатар өріліп, ұлттың болмысын қалыптастырады. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тіліміз ата-бабалардан қалған мұра. Қазақ тілі қазақ болу үшін, ал дініміз адам болу үшін, салт-дәстүріміз ұлт болып қалыптасу үшін қажет.
Ардагер журналист Ахметжан Қосақов ағаның «Қазақ тіліне қайран қаламын» атты «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына жазған мақаласын оқи отырып, оның ана тілінің қадірін білуді жас ұрпаққа өсиет еткенін аңғардым.
Бірінші, қазақ тілін жетік білуге және шебер сөйлеуге міндеттейді. Үлкендердің ақ батасын алуды, «Батаменен ел көгереді» дегендей, балаға жас кезінен дастарханға бата беруді әр отбасында насихаттау керек.
Екінші, балаларға жастайынан мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді жаттатып, тағлымы мен тәлім-тәрбиесіне мән берген жөн.
Үшінші, тіл тәрбиесіне ата-ана өзі көңіл бөлуі керек. Өзі орысша сөйлеп, баладан қазақша сөйлеуді талап ететін ата-аналар көп.
Төртінші, ұлттық өнерімізді насихаттау маңызды. Тіліміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болған сайын қоғамдық дамудың қажеттілігіне сұранысы да арта бермек.

Өз тіліме өзім қайран қаламын.
Бұл тілі ғой ұлы Абай дананың.
Бұл тілі ғой Мұқағали, Қадірдің,
Сөздерінен тәлім-ілім аламын.

Қазақ тілі қайырымды, қуатты.
Сәулесіндей арай күннің шуақты.
Жылы сөзбен жетімдерін жебесе,
Мүгедекке қолдау жасап жұбатты.

Қазақ тілі қай кезде де құрметті.
Ақындар да осы жайды жыр етті.
Ақ батасын берген сайын үлкендер,
Жас қауымның жүректерін тербетті.

Қазақ тілі қылыштай бір қайратты.
Парасатқа пайымдаған айбатты.
Достық дәнін сыйға тартып әр кезде,
Ұлт біткеннің жұлдыздарын жайнатты.

Қазақ тілі рухы биік қанатты.
Ұлт дәстүрін ұлылықпен жаратты.
Мақалдарын, мәтелдерін қазақтың,
Өмірлік бір бойтұмардай таратты.

Данен Бейсенбаева,
ардагер ұстаз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.