Ақпараттық портал

Ардагер алғысқа бөленді

Газетіміздің алдыңғы сандарында темір жол саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, құрметті зейнеткер қатарында жүрген аға буын өкілдері туралы бірқатар мақалалар жарияланған болатын. Бұл үрдіс бүгін де жалғасын тауып, бұл жолы бірнеше жыл «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Шу электрмен жабдықтау дистансасының директоры қызметін атқарған Ақботаев Марат Орзалыұлы жөнінде әңгімелемекпіз.

М.О.Ақботаев 1954 жылғы 3-маусымда еліміздің Қарағанды облысында дүниеге келген. 1971 жылы орта білімді тәмамдаған соң, сол кездегі Алматы қаласындағы В.И.Ленин атындағы қазақ политехникалық институтында жоғары білімді жалғастырып, оны 1977 жылы автоматтандырылған басқару жүйесі, инженер-электрик мамандығы бойынша аяқтайды. Алғашқы еңбек жолы да осы жылы басталып, қыркүйек айында Шу радиоторап байланысының электромеханигі болып жұмыс жасайды. Мұнан кейін «Шусовхозводстрой» трестінің аға инженері, бас энергетигі болып еңбек жолын жалғады. 1983-85 жылдар аралығында Кеңес әскері қатарында болып, азаматтық әскери борышын өтеп келгеннен кейін де бірнеше қызмет баспалдақтарынан өтті. Атап айтқанда, Шу аудандық компартиясының ұйымдастыру бөлімінің инструкторы, Дружба совхозының партком хатшысы, Шу аудандық компартиясының өндіріс ісі секторының меңгерушісі, Қазақстан әлеуметтік партиясының Шу аудандық ұйымдастыру-атқару комитетінің кеңесшісі және хатшысы, Шу ауданы бойынша халық депутаты кеңесінің бірінші санатты маманы, Шу аудандық агроөнеркәсіптік бірлестіктің еңбекті қорғау жөніндегі жетекші инженері, бас инженер-энергетик, селолық шаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасары сынды өзге де жауапты міндеттерді атқарып, 2002 жылдың шілде айынан «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Шу электрмен жабдықтау дистансасының директоры қызметін абыройлы атқарып, осы ортадан зейнеткерлікке шығады.
Марат Оразалыұлының ауданымыздың темір жол саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол қызмет еткен жылдарында өз мамандығын жетік меңгерген, еңбеккерлерге қоятын талаптары мен сұраныстарына қатал, өз ісіне жауапты, еңбекқор басшы ретінде танылды. Ол басшылық еткен жылдары дистансаның жұмысында да ілгерілеушілік орын алды. Нақты айтар болсақ, сенімділікті қамтамасыз ету мақсатында түйіспелі желідегі қысқа тұйықталуды ажырату үшін Шоқпар-Отар теліміндегі май ажыратқыштың қысқа тұйықтауышы ауыстырылды. Түйіспелі желі оқшаулағыштар диагностикасы жүргізілді. Дебиторлық қарыздар төмендеді. Еңбекті қорғау бойынша құралдарды игеру жүз пайызға орындалды. Жаңа автотехника, диагностика мен сенімділікті күшейту үшін телевизор мен ультроскан құрал-жабдықтары алынды.
Осындай ерен еңбектерімен қоса пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзге де жоғарғы көрсеткіштері үшін М.Ақботаев екі рет «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президентінің марапатына ие болды. 2017 жылдан «Құрметті теміржолшы» атағының иегері.
Қандай қызмет атқарса да, зор жауапкершілікті ту етіп, қашан да абырой биігінен көріне білген кейіпкеріміз жуырда жемісі мол жетпіс жасқа толды. Қазыналы қарияны мерейлі белесімен құттықтау үшін оның әріптестері Шу қаласындағы Шу электрмен жабдықтау дистансасында өткен шағын жиында басқосты. Дистанса ұжымы алдында М.Ақботаевты бір топ азамат құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Алғаш болып сөз алған Қазақстанның құрметті теміржолшысы, Жамбыл облысының, Шу ауданының және Шу қаласының Құрметті азаматы Т.Н.Халық М.Ақботаевтың ерен еңбегіне тоқтала келіп, қуаныш иесін Астана қаласынан арнайы жеткізілген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның орталық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен марапаттап, иығына шапан жапты. Мұнан кейін Шу электрмен жабдықтау дистансасының басшысы Е.Аблезов мекеме ұжымы атынан құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, сый-сыяпатын ұсынды. Ал, Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бейсембаев Шу қаласы әкімінің Алғыс хатын ұсынып, ардагер теміржолшыға құрметтің белгісі ретінде шапан кигізді. Сонымен қатар, темір жол саласының ардагерлері С.Калыков, Қ.Сүгірбаев, өзге де әріптестері жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты рәсімнен соң, жиылған қауым Шу электрмен жабдықтау дистансасында жайылған ақ дастарханға жайғасып, аға буын өкілдері жастар алдында өздерінің еңбектегі өмір жолдары туралы естеліктерімен бөлісті.
Ал, М.Ақботаев өз кезегінде мерей жасына орай құрметке бөлеген барша қауымға зор алғысын білдіріп, өзінің ізін басқан әріптестерінің еңбектеріне сәттілік пен табыс тіледі.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.