Ақпараттық портал

Серт пен сенімді ақтау – басты міндет

Әр жыл сайын елімізде 23-маусым күні полиция қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтетіні белгілі. Қандай болмасын, әр кәсіби мереке қарсаңында сол сала қызметкерлерінің ерен еңбегі, салада атқарып жатқан жұмыстары туралы жан-жақты материал жариялау газеттің айнымас дәстүрі екені де анық. Сол себептен, жуырда біз Полиция қызметкерлері күні мерекесіне орай, аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің (ЖПҚБ) тыныс-тіршілігі туралы мақала жариялауды жөн көрдік. Бөлімше қызметі туралы бізге Шу аудандық полиция бөлімінің ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция майоры Базарбаев Әділхан Жұлдызханұлы баяндап берді.

Бүгінгі таңда ЖПҚБ-гі қызметкерлер саны 75 адамды құрайды. Атап айтар болсақ, басшы, оның орынбасары, аға инспектор талдаушы, зорлық-зомбылықтан әйелдер құқығын қорғау жөніндегі аға инспектор, табиғат қорғау аға инспекторы, учаскелік инспекторлар, учаскелік полиция инспекторларының көмекшілері, ювиналды полиция тобының инспекторлары, ЖПП инспекторлары. Бұлардың барлығы жалпы аудан аумағындағы қоғамдық тәртіпті қырағы қадағалап, өздеріне жүктелген міндетті жүйелі жүзеге асыруға барынша күш салады.
Бөлім қызметкерлерімен ағымдағы жылда атқарылған жұмыстар жөнінде айтар болсақ, сала жұмысының басты мақсаты қылмыстың алдын алуға негізделгендіктен, мұнда жыл басынан 100 қылмыстық іс тіркелген (2023 жылы 110 қылмыстық іс тіркелген). Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 45 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Қоғамдық орындарда 8, көшеде 6, мас күйінде 13, топтық қылмыс бойынша 2, бұрын қылмыс жасағандармен орын алған қылмыс 28, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 1, кәмелетке толмағандарға қатысты 3 қылмыс орын алған. Ал, ағымдағы жылы қару қолдану арқылы жасалған қылмыс және кәмелетке толмағандармен қылмыс орын алмаған.
Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс арасында қандай да бір әлеуметтік желіні бұзып, фотошоп қолданып, оны көпшілікке жария ету арқылы қорқытып, ақша талап ету, жол көлік оқиғасының орын алуына себепкер болу, кәмелет жасына толмағандардың жүктілікке ұрынуы сынды оқиғалар кезігеді.
Кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау профилактикасы бойынша 418 әкімшілік хаттама толтырылған, (өткен жылы – 374), яғни 84 хаттамаға өскен. Олардың басым бөлігі кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде түнгі уақытта заңды өкілсіз жүруі, ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндетінің тиісті деңгейде орындалмауы, кәмелетке толмағандардың ішімдік ішуі, ұсақ бұзақылыққа баруы сынды оқиғалар.
Аудан тұрғындары арасында ата-ана құқығынан айырылғандар, жайсыз отбасы есебіне қойылғандар, кәмелет жасына толмаған арнайы мектепте оқитындар, есепте тұрғандар бары да жасырын емес. Бүгінгі таңда ювеналды полиция тобы қызметкерлерінің саны 14 адамды құрайды. Осы қызметкерлермен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын көтеру және жауапкершілік тәртібін қалыптастыру мақсатында білім беру орындарында 121 профилактикалық лекция өткізіліп, 79-рейдттік іс-шаралар жүргізіліп, интернет желісінде 119 мақала жарияланған.
Ал, отбасы-тұрмыстық қатынас саласында қылмыстар мен құқықбұзушылық алкагольдік ішімдіктерді жиі пайдаланатын тұлғалар тарапынан орын алатын көрінеді. Тергеу бөлімімен бірлесе ай сайын әйел азаматтарына қатысты және әйел азаматтарымен жасалған қылмыстар бойынша салыстыру актісі жасалып отырады. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыру мақсатында ағымдағы жылдың қаңтар айында облыс аумағында «Тұрмыс» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылған. Одан бөлек, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жандандыру мақсатында іс-шаралар өткізілуде. Олардың негізгі мақсаты – әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылық деректерінің алдын алу болып табылады. Оған білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Мысалы, ағымдағы жылы дағдарыс орталығына жолданып, қиын жағдайға тап болған 2 әйел, 9 бала қажетті көмек алды. Олар Тараз қаласы мен Қордай ауданындағы дағдарыс орталықтарына орналастырылды.
Елімізде соңғы жылдары өмірдің қиын жағдайларына тап болып, яғни, өз күйеулерінен жәбір көрген нәзік жандыларға көмек көрсетуге арналған орындардың ашылғаны белгілі. Шу ауданында «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» деп аталған мұндай орталық 2019 жылы ашылған. Мұнда қиын жағдайларға тап болып, психологиялық дағдарысқа ұшыраған жандарға психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік көмек көрсетіледі. Дағдарыс орталығына осы жылы 8 әйел көмек сұрап жүгінген (2023 жылы 10 әйел).
Жыл басынан есептегенде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің сенім телефонына әртүрлі мәселелерімен өтініш білдірушілер де аз емес көрінеді. Көп жағдайда олардың оқиғалары ұқсас болып келеді. Олар негізінен заңды және азаматты жұбайларынан, бұрынғы жұбайларынан немесе жақын адамдарынан, алаяқтардан зардап шеккен әйелдер.
Сондай-ақ, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде тәулік бойы «қауырт желі» сенім телефоны жұмыс істейді. Осы телефонға хабарласып, шағымданған жағдайда «басқыншыларға» әкімшілік не болмаса қылмыстық жаза шаралары қолданылады.
Қылмыстарды ашу мен оған қатысу деректері де маңызды рөлге ие. Бұл бағытта да қызметкерлер тарапынан тиісті жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Шу АПБ ЖПҚБ алдына қойылған басым міндеттердің бірі – жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Ағымдағы жылдың 5 айында Шу ауданының жолдарында 37 жол көлік оқиғасы орын алып, 48 адам жараланып, 7 адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда өсімге ие. Бұл нені аңғартады? Яғни, көлік жүргізушілердің салғырттығы, көлік басқарудағы жауапкершіліктің төмендігін меңзейді. Сондықтан, көлік тізгіндеген әр адамның жолда қырағылық танытуы маңызды. Жол көлік оқиғасы барысында адам шығыны орын алып, түрлі жарақат алу кезігіп жатады. Сол себептен, әр жол көлік оқиғасы тіркеліп, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады. Заң алдындағы барлық адамның теңдігіне қарамастан, оқиға орнынан бой тасалайтын тұрғындар да көптеп кезігетін көрінеді. Алайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кінәлі жан табылып, оған қылмыстық іс қозғалып, өз жазасын өтейді.
Жол патрульдік полициясының (ЖПП) штаттық құрамы 12 қызметкер. 2024 жылдың 5 айында ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі мен ҚР қылмыстық Кодексі аясында бірқатар хаттама толтырылып, тиісті шаралар атқарылған.
Өздеріңіз байқағандай, бөлімше жұмысы зор жауапкершілікті, қырағылықты, тез шешім қабылдау, ширақ қимылды талап ететін жұмыс. Сондықтан, бұл саланың қызметіне кіріскен, осы мамандықты таңдаған азаматтар да өз сенімдеріне берік жандар болуы тиіс. Қолға алған қызметтік міндетті мүлтіксіз орындауға бел буып, қызметке кірісер алдындағы антына берік болып, ел сенімін ақтау жолында тер төгіп жүрген жандардың алдағы істеріне тек сәттілік тілейміз.
Суретте: жол патрульдік полициясы тобы.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.