Батагөй қариялар байқауы
Жуырда аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, Әкелер күні мерекесіне орай, батагөй қариялар арасында «Батаменен ел көгерер» атты аудандық байқау өтті. Байқау өткен Белбасар ауылындағы спорт кешеніндегі сахнаны тақырыпқа сай безендіріп, іске асыру аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаеваның басшылығымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл шараға аудан әкімі Б.Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, имамдар, ауыл тұрғындары мен ақ жаулықты аналар қатысты.
Байқауды жүргізген шулық айтыскер ақын Ғабит Есдаулетов ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, салт-дәстүрімізді дәріптейтін байқауда «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген халық нақылы текке айтылмағандығын, қысылғанда қуат, қиналғанда медет болып, болашаққа оң бағыт сілтейтін кемеңгер, батагөй ақсақалдарымыздың қоғамдағы орнын атап өтіп, ескінің көзін көрген қазыналы қарияларды ортаға шақырды.
Батагөй қариялар байқауы аудан әкімі Б.Жәнібековтің құттықтау сөзімен ашылды.
Мұнан кейін, ұлттық киім үлгісін сақтаған байқауға қатысушы 10 үміткер жеребе бойынша өздерін таныстырып, ұлттық салт-дәстүр бойынша бата, елімізге белгілі тұлғалардың батасы және сұрақ-жауап бөлімдерінде бақ сынап, өзара сынға түсті.
Байқауды саралаған әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі үш орынға ие болған қариялар «Аламан тартысы» бойынша бәсекеге түсті. Нәтижесінде, ақсулық Оңланхан Сырлыбаев ақсақал бірінші орынды иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды және оған телевизор сыйға берілді. Ал, Батырбек Райымбеков екінші орыннан көрінсе, белбасарлық Азиз Абдишев үшінші орынға лайық деп танылды. Ұйымдастырушылар тарапынан өзге де қатысушыларға арнайы сый-сияпаттар тарту етілді.
Осылайша, қариялар қатысқан байқау өз мәресіне жетіп, Белбасар ауылы әкімдігінің ұйымдастыруымен 500 адамға дастархан жайылды. Ақ дастархан басында қариялар қауымы ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді.
Аудандық батагөй қариялардың байқауы ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға септігін тигізетін іс-шара болды.
Ержан Өміралиев,
Шу аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.