Ақпараттық портал

Жерлесіміз «Үздік мемлекеттік қызметші» атанды

Өткен аптаның соңында мемлекеттік қызметшілер өздерінің төл мерекесін тойлады. Оның ішінде саланың дамуына сіңірген еңбегі үшін бірқатар мамандарға марапат табысталған-тын.
Солардың қатарынан жерлесіміз, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін кеудесіне тақты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен жеткен марапатты Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеев апта басында өткен алқалы жиында табыс еткен болатын. Сонымен қатар салтанатты шараға Тараз қаласы мен аудандардың үздік мемлекеттік қызметшілері қатысып, құрметке бөленді.
Жалпы, Жамбылдағы мемлекеттік қызметшілердің 47,3 пайызын нәзік жандылар құрайды. Сұранысқа сай, сала жас мамандармен толығып отырады. Жоғары жауапкершілігімен, сапалы жұмысымен көзге түскендердің еңбегі де елеусіз қалмайды. Мәселен, бұл кездесуде 25 мемлекеттік қызметші марапатталды. Олардың үшеуі «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін иеленсе, 14 қызметші облыс әкімінің Құрмет грамотасын алды. Ал, 8 қызметкер ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және облыс бойынша департаментінің грамотасымен марапатталды.
Әсел Сәрсенқұлқызы – мемлекеттік қызметте сатылай өскен маман. Қазіргі таңда әкімдіктің бөлімін басқарып жүрген ол бұған дейін аудан әкімі аппаратының бөлімшесін біліктілікпен басқарған. Қазіргі таңдағы қызметтің тізгінін ұстаған 6 жылдың ішінде өңірдің осы саласы серпінді дамып, елеулі жетістіктерге жеткенін білеміз.
– Мен мемлекеттік қызметші ретінде ең алдымен антыма адал болуды көздедім. Қандай жұмыс тапсырса да жауапкершілікпен қарап, сенім үдесінен шығуды ойладым. Мемлекеттік қызмет саласындағы 18 жылдық еңбек өтілімде тәжірибе жинап, толыстым. Бұл марапат ауданға берілген марапат деп білемін. Сенім артып, осы дәрежеге лайық көрген аудан басшылығына алғыс айтамын. Әлі де болса қажыр-қайратымды, ерік-жігерім мен білімімді осы жолға жұмсайтын боламын,-дейді «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің иесі Әсел Сәрсенқұлқызы.
Ауылдастың аты озса қуанған халықтың ұрпағы ретінде біз де құрметке бөленген жерлесімізді жетістігімен құттықтаймыз! Елге жасаған еңбегі алғыспен оралып, жақсы аты жайыла берсін демекпіз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.