Ақпараттық портал

Спорт саласына серпін сыйлайтын қадам

Спорт – саулық пен саламаттылықтың кепілі екені әу бастан белгілі. Бұл салаға қолдау көрсету арқылы қоғам арасында салауатты өмір салты насихатталып, жастардың жасындай жарқырауына мүмкіндік берілмек. Мемлекеттік деңгейде спортқа ерекше ден қойылып жатқанын еліміздің олимпиада мен байрақты бәсекелерде топ жарғанынан-ақ байқауға болады.

Алысқа бармай-ақ ауданымыздың өзінде аталмыш салада толайым табыстар бар. Соңғы жылдардың ішінде бірнеше спорттық сауықтыру кешені салынып, тағы бір парасының құрылысын бастау жоспарланған. Одан бөлек, шағын футбол алаңдарының саны артып, стритворкаут алаңшалары пайдалануға берілді. Өңір көлемінде спорттық шаралар дембіл-дембіл ұйымдастырылып, оның бел ортасынан ауданның бірінші басшылары табылып жүр.
Аудандағы спорттық іс-шаралардың басым көпшілігі аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өтеді. Аяғына енді ғана тұрған жас мекеменің бір мәселесі – көліктің жоқтығы болатын. Соның салдарынан ауыл-аймақ және ауданның шекарасынан тыс жерлерге спортшыларды тасымалдау қиындық туғызатын.
Әу бастан спорт саласына көзқарасы бөлек аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бұл мәселені өз назарына алып, түйткілді тарқатудың жолын қарастырған. Соның нәтижесінде аталмыш мекеме жуырда су жаңа 17 орындық ресейлік Газель автокөлігіне қол жеткізді. Жұмысты жеңілдетуге себеп болған қатынас құралын алуға аудан бюджетінен 22 млн теңге бөлінген.
-Бүгінгі қуаныш болашақ жетістіктердің басы болады деп сенеміз. Себебі бұрынырақта спортшыларды жарыстарға тасымалдау мәселесі қиын болатын. Осы мәселені оңынан шешіп берген аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлына ұжым атынан алғыс білдіремін. Жаңа көлік спортшылардың игілігіне жарасын! Жеңісті күндеріміз көп болсын!-дейді мекеме директоры Бақыт Ұзақбаев.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.