Ақпараттық портал

Жас боксшылар аудан абыройын асқақтатты

Аудан өмірінің көптеген салаларының ішінде спорт саласы да өзіндік орны бар, маңызды сала болып табылады. Әсіресе, мұның жастар мен жасөспірімдердің өмірінде алатын орны ерекше. Саланың білікті бапкерлерінің арқасында балаларымыз өздері қалаған спорт түрімен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді пайдалана жүріп, түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Олар өздері үлкен абыройға кенелумен қатар, жаттығуда шыңдаған бапкерлері мен жалпы ауданның да намысын қорғап жүр. Оған жас жерлестеріміздің түрлі деңгейдегі сындарда жеткен жетістіктері айқын дәлел. Әсіресе, соңғы уақыттарда жас боксшылардың бағындырған белестері бір төбе. Оған ауданымыздағы бокс клубының жаттықтырушысы, білікті бапкер Уалихан Көшербаев есімді азамат зор үлес қосуда. Оның шәкірттерінің шыққан шыңы биікте. Енді, сол жетістіктер жөнінде біртіндеп әрі толығырық мәлімдеп өтейік.
Нақты айтар болсақ, 18-20 сәуір аралығында Тараз қаласында «Нұржан бокс» клубының ашық біріншілігі өтіп, оған ауданымыздан бірқатар жас боксшылар қатысты. Нәтижесінде Данияр Зауырбеков, Тұрсын Дамир, Ернауан Нұрдәулет, Темірәлі Бағдәулет бірінші орындарды жеңіп алса, Жомарт Нұрислам, Сейітхан Алидар екінші орыннан көрініп, Асанәлі Каримов, Жұмахан Алинұр, Жомарт Айбол, Амантай Бағдәулет үшінші орындарға ие болды.
Ал, 23-26 сәуір аралығында Шымкент қаласында Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының (ЖУТҰО) бас бапкері Данияр Турегельдиевтің ұйымдастыруымен өткен ашық біріншілікте Досжан Ерасыл, Темірәлі Бағдәулет бірінші орыннан көрінді. Асылбек Заңғар, Тұрсын Дамир, Асанәлі Каримов екінші орынға табан тіреді. Данияр Зәуірбеков, Аязбай Дінмұхамед, Жомарт Нұрислам есімді жас боксшыларға үшінші орындар бұйырды.
Сондай-ақ, 10-12 мамыр аралығында Алматы қаласында өткен республикалық турнирде біздің жерлестеріміз тағы да жеңіс тұғырына көтеріліп, аудан абыройын асқақтатты. Дәлірек айтқанда, Мейірлан Мұхамед Али, Тұрсын Дамир, Темірәлі Бағдәулет, Аязбай Дінмұхамед бірінші орынға ие болса, Данияр Зәуірбеков пен Ерзат Нұрәлі екінші орынға жайғасты.
20-24 мамыр аралығында Т.Рысқұлов ауданында полиция лейтенанты Ж.Жанадиловты еске алуға арналып, бокстан жасөспірімдер арасында өткен жарыста Темірәлі Бағдәулет екінші орын еншілесе, Нұрқасым Нұрасыл, Кербезхан Нұрдәулет, Амантай Бағдәулет үшінші орындарға ие болды.
29 мамыр-1 маусым аралығында Шымкент қаласында Балаларды қорғау күніне арналып, ЖУТҰО-ның ұйымдастыруымен өткен республикалық турнирде Досжан Ерасыл бірінші орынды, Сансызбай Мирас екінші орынды жеңіп алса, Бектұр Сағадат, Алихан Ерболұлы, Аязбай Дінмұхамед үшінші орындардан көрінді.
10-14 маусым аралығында Шу қаласындағы «Локомотив» стадионында жергілікті бокс клубының жаттықтырушысы Уалихан Көшербаевтың ұйымдастыруымен, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбди Көшербайұлы мен Ілебайқызы Ақжарқынды еске алуға арналған Шу ауданының ашық біріншілігі өтіп, оған Қырғызстан Республикасынан, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарынан, Алматы, Тараз қалаларынан барлығы жүзге жуық спортшы қатысты. Ал, жарыстың өтуіне аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Мәуленов, Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының басшысы Б.Ұзақбаев қолдау көрсетіп, ата-аналар қауымы да өзіндік үлес қосқандығын айта кеткен жөн. Мұнда да жергілікті боксшылар жеңімпаздар қатарынан көрініп, жерлестерін тағы бір қуанышқа бөледі. Осы жарыстың лайықты өтуіне қолдау көрсеткен Қ.Мәуленов, Б.Ұзақбаев есімді азаматтарға ұйымдастырушының алғысы ерекше.
Сонымен қатар, 19-23 маусым аралығында Алматы қаласында халықаралық турнир өтіп, бұл жарыста да біздің жас жерлестеріміз сынға түсіп, білім-біліктіліктерін сарапқа салды. Нәтижесінде Сейітқазы Шерхан бірінші орынды иеленіп, Досжан Ерасыл, Аязбай Дінмұхамед, Бектұр Сағадат, Нұрқасым Нұрасыл сынды боксшылар үшінші орындарды еншіледі. Ал, осы жарыста бокстан жаттықтырушы Уалихан Көшербаев жоғары кәсіби шеберлігі мен боксшылардың сапалы дайындығы үшін «Арыстан» спорт клубының «Үздік бапкер» сертификатымен марапатталды.
Сонымен қатар, 28-30 маусым аралығында Тараз қаласында өткен «Нұржан Бокс» клубының ашық турнирінде де жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтар болсақ, Күнчашов Альтайр, Сансызбай Мирас, Бектұр Сағадат, Жұмахан Алинұр, Нұрқасым Шалқар есімді боксшылар бірінші орынды жеңіп алды.
Осылайша, қысқа уақыттың ішінде бірнеше жарыстарда бақ сынап, оның басым бөлігінде жеңіске қол жеткізген жас боксшылардың бұл жетістігі ең әуелі бапкердің бабына байланысты екендігі анық. Сол себептен, жасөспірімдерді спортқа, оның ішінде боксқа баулуда жаттықтырушы Уәлихан Көшербаевтың ерекше еңбек сіңіріп жүргендігін айта кеткіміз келеді және алдағы уақытта да шәкірттерімен бірге биік белестерді бағындыра беретіндігіне сенім мол.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.