Ақпараттық портал

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралды

Жасыратыны жоқ, ықылым заманнан бері тіршілігі төрт түлікпен біте қайнасқан ауыл қазағы үшін жер мәселесі қашан да өзекті болып келді. Кейінгі жылдары аталмыш түйткіл одан әрі ушығып, жайылым үшін бір-бірімен араздасқан ауыл тұрғындарының қатары артты. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2017 жылы «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Заң мал бағылатын алқаптарды тиімді реттеуге және олардың инфрақұрылымын жақсартуға, жердің тозуын болдырмауға бағытталған. Содан бері 7 жылға жуық уақыт өтсе де, жайылым мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей отыр.

Осыған байланысты, апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Ауылдық округ әкімдері, бөлім мен тиісті мекеме басшылары қатысқан кеңестің күн тәртібіне бірнеше мәселе қойылып, жауапты ауыл әкімі мен бөлім басшылары баяндама жасады. Ең алдымен аудан әкімдігіне қарасты жер қатынастары бөлімінің басшысы Асан Көшербаев баяндама жасап, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды және жайылым төңірегіндегі түйткілді мәселелерді атап өтті.
– Қазіргі кезде өңіріміздегі елді мекендерде мал басының саны 75098 басқа жетіп отыр. Әр мал басына шаққанда жайылымдық жердің қажеттілігі 4 гектарды құрайды. Бүгінде ауылдық округтерге бекітіліп берілген жайылымдық жерлерін зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қанша жайылымдық жер жетіспейтіндігі анықталды. Нәтижесінде, үстіміздегі жылдың соңына дейін жайылым тапшылығын толығымен шешу үшін ауданның жер қорынан жалпы көлемі 21000 гектар жер телімдері аудандық жер комиссиясында қаралып, оң шешім қабылданды. Атап айтқанда, Шоқпар ауылдық округіне 5000 гектар, Бірлік ауылдық округіне 2000, Жаңақоғам ауылдық округіне 5000, Далақайнар ауылына 4000 және Өндіріс ауылдық округіне 5000 гектар жерді қосу жұмыстары жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Д.Қонаев ауылдық округінің әкімі баяндама жасап, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ал аталған ауылға жүргізілген инспекторлық зерделеу жұмыстарының нәтижесін аудан әкімінің бас инспекторы Әділет Буденов баяндап, ауылдағы кем-кетік жұмыстарды, көше бойындағы жол белгілері, жарықтандыру сынды жұмыстардың тиісті деңгейде орындалмай отырғанын жеткізді.
Кеңес соңында аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы жоғарыда аталған бөлім басшылары мен ауыл әкіміне өзінің сын-ескертпелерін айтып, нақты тапсырмаларды жүктеді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.