Жастармен жұмыс жүйелі жүзеге асуда
Қазақтың қабырғалы тұлғасы, қайсар перзенті Бауыржан Момышұлы елдіктің ертеңі үшін жанымен де, тәнімен де, қаламымен де күрескен жан. Оның уытты сөздерін көпшілігіміз қанатты сөзге айналдырып, ұдайы айтуды әдет еткенбіз. Сондай бір даналық сөзінде даңқты қолбасшы «Жиырма жас – тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашанда әзір болу керек» деген екен.
Халықтың болашағын бағамдау үшін жастардың нендей іспен шұғылданып жүргеніне мән беру қажет. Бұл талай жылдан бергі қалыптасқан тәжірибеден туындаған тәмсіл. Алысқа бармай, өңірдегі жастар саясаты қалай жүргізіліп жатқанын білу үшін біз аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры әрі мәслихат депутаты Ғани Қойбағаровқа қайырылған болатынбыз.
Төменде өзара сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
-Ғани Бірлікұлы, аудан жастарының қазіргі ахуалы қандай? Өңірде қанша жас бар?
– Шу ауданында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі өзіне жүктелген міндетті атқару жолында аянбай еңбек етіп келеді. Біздің басты міндетіміз – жастармен қоян-қолтық байланыс орнатып, олардың сұрауларына сай іс-шаралар өткізіп, қызығушылықтарына қарай жарыстар ұйымдастыру. Осы арқылы салауатты өмір дағдысын қалыптастырып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға қол жеткізу. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, кәсіпке бастау тетіктерін таныстыру да біздің міндетке жатады.
Статистикалық мәлімет бойынша, ауданда жалпы тұрғындар саны 106336 болса, оның 31201-і 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды құрайды. Бұл жерлестеріміздің 29,3 пайызы деген сөз. Оның ішінде, ерлер 16200 болса, әйелдер саны 15001 шамасында. 18220 жас ауылда тұрса, қала жастарының саны 12981 жобасында. Қолда бар мәліметке сәйкес, жыл басынан бері 16-35 жас аралығында 139 жас некеге тұрған. Өкінішке қарай, 15 жас отау иесі дәм-тұзы жараспаған.
Өңірдегі жастардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларында, түрлі мекемелерде тер төгіп жүр. Екі қолға бір күрек таппай отырған жастардың қатары аз. Бұл бағытта біз Мансап орталығымен бірлесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен кеңес беру алаңдарын ұйымдастыруды үрдіске айналдырдық.
Мәселен, 2024 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 674 жас (2,2%) жұмыссыз ретінде тіркеліп, 1221 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 692 жас, «Жастар тәжірибесіне» 106 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына 24 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа 228 жас, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 34 жас, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 2 жас қамтылып, «Бастау-бизнес» жобасы аясында 82 жас білім алып, 16 жас қайтарымсыз қаржыға ие болған. Сондай-ақ, қысқа мерзімді оқыту курсына 37 жас жіберілгенін атап өткен жөн.
-Өзіңіз айтып өткендей, жастарды жұмыспен қамту өзекті мәселе. Осы бағытта атқарылған шараларды кеңінен тарқатып берсеңіз.
-Биыл біздің орталықтың ұйымдастыруымен, тиісті санаты бар жастарды анықтау мақсатында 27 мекен жайлық жұмыс жүргізіліп, Шу ауданы бойынша 210 әлеуметтік мәртебесі анықталған жастардың 98-і уақытша бос жүргені белгілі болды. Яғни, аса мұқияттылықты талап ететін «Отбасы цифрлық картасы» базасы бойынша 1036 жастың уақытша бос жүргені анықталды. Жалпы «Отбасы цифрлық картасын» өзектендіру жұмыстары барынша қолға алынып, аудан бойынша жоғарыдағы 1036 жасқа қайта бөлініс жасалу жылдың келесі тоқсанына жоспарланып отыр. Бірінші тоқсан бойынша мәлім болған 98 жастың бесеуі тұрақты жұмыс орнына орналасып, 93-і нақты уақытша бос жүрген жас санатында қалып отыр. Бұл жұмыс біздің негізгі бағытымыз болғандықтан, қажетті шараларды жалғастыратын боламыз.
-Жасыратыны жоқ, жастар деп жүргендеріміздің көбі оқушылар. Асығыс әрекет те, албырт істер де жасөспірімдердің қолымен жасалады. Бұл жайында не айтасыз?
-Ойыңызбен келісемін. Жастарға қателесу тән. Көп дүниенің байыбына бара бермейтін жастар көбіне қылмысқа дейін барып жатады. Біздің тараптан жастар арасында құқық бұзушылық пен заң бұзушылықты болдырмау, алдын алу мақсатында бірқатар тиісті іс-шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 64 іс-шара өткізіліп, оған 1509 жас қамтылды. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің мәліметі бойынша 2024 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 29 қылмыс тіркелген. Әрине, бұл қуантарлық жайт емес.
Ауданда барлығы 48 мектеп, (оның ішінде 1 кешкі мектеп) бар. 2023-2024 оқу жылында мектептерде барлығы 20621 оқушы білім алса, оның ішінде 14-16 жас аралығында жастардың саны 6207-ні құрайды. 1097 мектеп түлегі алтын ұясымен қош айтысты. Біздің мекеменің мамандарымен білім бағыты аясында 60 іс-шара өткізіліп, 786 жас қажетті ақпаратпен қамтылды.
Оған қоса, жастардың әскерге бару мәселесі де бүгінгі таңда өзекті. Бұл бағытта айтар болсам, жартыжылдық қорытындысы бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскери есебіне 3262 жас тіркелген. Биыл Отан алдындағы борышын өтеуге 205 жас шақырылып, 140 азамат сарбаз ретінде сапқа тұрды. Жастардың әскери-патриоттық рухын қалыптастыру бағытында қол қусырып отырған жоқпыз. Мәселен, біздің мамандардың мұрындық болуымен 1228 жас 46 іс-шараның куәсі болған. Жоспарға сәйкес жұмысты жалғастыратын боламыз.
-Іс-шаралардың негізгі бағыты қандай? Бүгінгі күнге дейін қанша іс-шара өткізілді?
-Бүгінгі таңда ауданымызда 259 ерікті жас бар. Олар игілікті істің қасынан табылуда. Жыл басынан бері еріктілердің қатысуымен «Қамқор», «Саулық», «Білім», «Асыл мұра», «Үміт», «Сабақтастық» жобалары аясында 499 іс-шара өткізіліп, оған 9820 адам қамтылған. Рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша 714 іс-шара өтіп, оған 18501 адам қатыстырылды.
-Аудан көлеміндегі спорттық сайыстардың басы-қасында сіз басқарып отырған орталықтың мамандары жүретінін жиі байқаймыз. Кейде қатысушы ретінде бақ сынайсыздар. Жалпы, жастардың спортқа деген құштарлығы қандай?
-Бүгінгі күнде ауданда барлығы 287 спорт нысаны бар. Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерінің саны 4. Жалпы, спорт нысандарының ішінде 2 стадион, 71 спорт зал, 71 футбол алаңы, 139 спорт алаңшасы бар. Аудан көлемінде спорт нысандарына кіру тегін. Арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, спорттық бағытта 62 іс-шара өткізіліп, 3364 жас қамтылды. Оның ішінде «Алтын доп» атты мектеп оқушылары арасында өтетін дәстүрлі футбол турнирі мен кіші футболдан өткен чемпионатты ерекше атауға болады. Бұл жарыстарда біздің мекеменің қызметкерлері де теңбіл доп теуіп, өз жұмыстарын іс жүзінде де паш етеді.
– Орайы келген сұхбат үшін алғыс білдіремін. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Байжан ЕМБЕРДІ.