Жерлестеріміз байқауда бақ сынамақ
Отбасы өнегесі – Отанның өнегесі екені баршаға мәлім. Әсіресе, халқымыз үшін отбасы құндылығы қастерлі дүние. Оның маңыздылығын ғасырлар бойы тіні үзілмей келе жатқан ғұрып-салтынан, дәстүрі мен ділінен, өнегесі мен өсиетінен анық аңғаруға болады. Десе де жылдар өте басты құндылығымыз әлсіреп қалғаны жанымызға
батады.
Олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 2013 жылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы қолға алынып, әр жыл сайын мыңға жуық отбасының өнегесі паш етіледі. Мемлекет басшының қолынан марапат алатын кезеңге дейін әр өңірде үлгілі әулеттер аталмыш байқауда бақ сынап жатады.
Жыл сайынғы додаға Шу өңірінен де отбасылар қатысып келеді. Жүлде алғандары да жоқ емес. Мәселен былтыр ауданның Құрметті азаматы Шымшық Мадалиеваның әулеті республикалық кезеңге дейін барып қайтқан болатын. Биыл да бұл сынға ауданымыздан қос шаңырақ таңдалып отыр.
Өткен аптаның соңында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков аудандық іріктеу сыннан сүрінбей өткен Көшербаевтар мен Баймағамбетовтар отбасын қабылдап, өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
-Ең алдымен сіздерді аудандық кезеңнен суырылып алға шығуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы аламанның алдынан келулеріңізге тілектеспін! Өздеріңіз жақсы білетіндей, мемлекетіміз отбасы институтын дамыту, құндылықтарды дәріптеу сынды дүниелерге жете мән беріп келеді. Соның бірі – 10 жылдан аса тарихы бар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы екені анық. Біз қатысқан барлық отбасыларға риясыз ризашылық сезімін білдіреміз. Әрбірінің мерейлі отбасы екеніне кәміл сенеміз. Бірақ, жарыстың аты жарыс. Ауданымыздың намысын облыстық сында Алдан ақсақал мен Бейқұт қарияның әулеті қорғайтын болады.
Көшербаев пен Баймағамбетовтар отбасын жерлестеріміз жақсы таниды. Қос шаңырақ та еңбегімен елге үлгі болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген. Бірі жастайынан ауданымыздың ауыл шаруашылығында еңбек етсе, бірі болат жолдың бойында шыңдалған жан.
Халқымызда «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деген даналыққа толы сөз бекер айтылмаған. Отанның мықтылығы отбасынан басталатыны тағы бар. Осының барлығын іс жүзінде дәлелдеп жүрген сіздерге айтар алғысымыз шексіз,-деді Бақытжан Оразалыұлы қабылдау барысында.
Расымен, аудан басшысы атап өткен қос әулеттің өңірдің дамуына, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, олардың бойына еңбек ету қабілетін сіңіруге қосқан үлестері зор. Мәселен, Алдан ақсақалдың шаңырағы ұзақ жылдардан бері ауыл шаруашылығымен айналысады. Анығырақ айтқанда, үш буын асыраушы саланың айналасында тер төгіп келеді. Қазіргі таңда қария жұбайымен бес ұл өрбітіп, олардан 14 немере мен 17 шөбере сүйіп отыр. Өзі мен ұлдарының алған марапаттары да аз емес.
Сондай-ақ құрметке бөленген Бейқұт Баймағанбетов екі ұл, төрт қыз өсіріп, 23 немере мен 4 шөберені тектілікке тәрбиелеуде. Өмірлік серігімен отау құрғандарына 53 жыл толған отбасының үш буыны темір жол саласында еңбек етуде. Отбасылық еңбек өтілі де 60 жылды құрайды. Бүгінде Б.Баймағанбетовтың жолын екі ұлы мен екі немересі жалғастырып келеді.
Қабылдауға келген қос отбасы үйлеріне құр-алақан қайтқан жоқ. Жеңістерімен тағы бір мәрте құттықтаған Бақытжан Оразалыұлы бағалы сыйлықтарды табыс етіп, алдағы аламанға сәттілік тіледі.
Байжан Емберді.