Тұрғындар баспанамен қамтылуда
Тұрғын үй мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Оған қоса, әр жыл сайын өсіп отырған халық саны да бұл мәселенің өзектілігін жоғалтпауға басты себеп. Ал, сол халықты, оның ішінде әсіресе әлеуметтік санатқа ие тұрғындарды бірінші кезекте баспанамен қамту жергілікті билікке артылған міндет. Сол себептен, біздің өңірде де бұл мәселе билік өкілдері назарынан тыс қалған емес.
Тұрғын үй кезегіне жазылған аудан тұрғындары тұрғын үй саясатының ауданымызда жүзеге асырылу деңгейіне қарай, барынша баспанамен қамтылып келеді. Оған аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (ТКШ, ЖК ж/е АЖ) бөлімі ұсынған мәліметтен көз жеткізуге болады.
Аталмыш бөлімнің жауапты мамандары ұсынған мәліметке сәйкес бүгінгі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінің тізіміне 1717 азамат тіркелген. Оның ішнде жетім балалар 202, көпбалалы отбасынан 480, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар 825, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер саны 210-ды құрап отыр.
Өткен жылдан бастап мемлекет-тік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіне тіркелу «kezekte.kz» порталы арқылы жүзеге асырылуда. Ол үшін өзіңіздің жеке электрондық цифрлық қолтаңбаңызбен (ЭЦҚ) тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша жергілікті әкімшілік аппараты арқылы құжат тапсыруға болады. 2023 жылы «kezekte.kz» порталы арқылы тұрғын үй кезегі тізіміне тіркелу үшін 296 өтініш келіп түскен. Осыған орай, тиісті жұмыстар жүргізіліп, 2018 жылдан бері бірқатар тұрғындар баспанамен қамтылған.
Атап айтар болсақ, 2018 жылы тұрғын үй комиссиясы отырысының №20 хаттамасы және аудан әкімдігінің №467 қаулысымен осы жылдың желтоқсанында Шу қаласы, «Жетісу» мөлтек ауданындағы №4 75 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй қорынан пәтерлер пайдалануға берілді. Яғни, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 41 азамат баспанаға ие болды. Ал, 2019 жылы көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Шу қаласынан 6, Төле би ауылынан 3, барлығы 9 тұрғын үй сатып алынды. 2019 жылдың 14-қарашасында тұрғын үй комиссиясы отырысының №18 хаттамасы және аудан әкімінің 13-желтоқсандағы №562 қаулысымен 8 көпбалалы отбасыға жеке тұрғын үй берілді. Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға сатып алынған үйлердің қаражатынан үнемделген қаражат есебінен бір тұрғын үй сатып алынып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметтік хатымен және тұрғын үй комиссиясы отырысының 18-1 хаттамасымен Төле би ауылы мешітінің бас имамына пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, 2019 жылы Шу қаласы, Сейфуллин көшесі №24 мекенжайдағы бұрынғы №24 орта кәсіптік-техникалық училище (СПТУ) жатақханасының ғимаратын қалпына келтіруге бөлінген қаражат игеріліп, 2020 жылдың 5-мамырындағы тұрғын үй комиссиясы отырысының №6 хаттамасымен кезек тізіміндегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға осы жатақханадан 94 пәтер пайдалануға берілді.
Ал, өткен жылы аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қаражат қарастырылып, тұрғын үй кезегі тізіміндегі көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматтарға өткен жылдың 28 желтоқсанындағы аудан әкімінің №578 қаулысымен 57 үйдің кілті тапсырылды. Оған қоса Төле би ауылы, Балуан Шолақ көшесі №199а мекенжайында орналасқан 14 пәтерлік жатақхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мүгедек бала асыраушы отбасы иелеріне табысталды.
Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміндегі жауапты мамандардың мәлімдеуінше, алдағы уақытта 100 тұрғын үй сатып алу жоспарда бар. Яғни, ол да өңіріміздегі жергілікті тұрғындарға ұсынылмақ. Бұл туралы газетіміздің алдағы сандарында нақты жазылатын болады.
Динара Батырхаирова.