Ақпараттық портал

Жерлестеріміз жүлдеге ие болды

Жуырда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Мерейлі отбасы –2024» ұлттық конкурсының өңірлік кезеңінде жеңіске жеткен отбасыларды марапаттаған болатын. Оның ішінде шулық жерлестеріміз де бар. Облыстық іріктеуде Шу ауданының намысын қорғаған Баймағанбетовтар әулеті екінші орынға ие болып, 300 мың теңгелік сертификатты еншілеп қайтты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Мерейлі отбасы» байқауы өңірде 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында 2500-ден астам жамбылдық отбасылық байқауда бақ сынаған. Биыл ұлттық конкурсқа Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 218 отбасы қатысып, облыстық кезеңге 22 жанұя жолдама алды.
Айта кетейік, Бейқұт қария басқаратын Баймағанбетовтар темір жол саласында тер төгіп жүрген әулет. Қарияның өзі 1949 жылы Шу ауданы, Көктөбе ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1971 жылы Шоқпар жол дистанциясында машинист болып бастаған. Зейнетке дейін Шоқпар жол дистанциясында машинист, аға машинист, механик болып 53 жыл еңбек еткен.
Саладағы еселі еңбектері үшін 1993 жылы «Құрметті теміржолшы» белгісімен, 2005 жылы «Адал еңбегі үшін», 2008 жылы “Біртұтас Қазақ теміржолына 50 жыл” төсбелгілерімен, 2004 жылы «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған. 2013 жылы теміржол саласына сіңірген еңбектері еленіп, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың грамоталарымен марапатталған.
Ақсақал асыл жарымен бірге 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, олардан 23 немере мен 4 шөбере өсіріп, тәрбиелеуде. Жанұя құрғандарына да жарты ғасырдан асқан. Үш буынды теміржолшылар отбасының ортақ еңбек өтілі – 60 жыл. Бүгінде Бейқұт Ахметұлының сара жолын 2 ұлы мен 2 немересі жалғастырып келеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.