Ақпараттық портал

Мемлекеттік тілдің аясы кеңейіп келеді

Еліміздің Ата Заңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп көрсетіліп, бекітілген. Қазақ тілі – Қазақстанның болашағы үшін үлкен маңызға ие, өйткені ол елдің мемлекеттік тілі болып табылады және қазақ халқының мәдени мұрасының негізгі элементтерінің бірі. Қазақ тілін қолдану және дамыту ұлттық бірегейлікті сақтауға және нығайтуға, мәдени мұраны байытуға және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, мемлекеттік тіл еліміздің аумағында қоғамдық қатынастардың барлық бағыттары мен саласында қолданатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі саналады. Осыған байланысты, Жоғарғы Сот тарапынан мемлекеттік тілде іс қағаздарын дайындау және сот ісін жүргізу сапасы жіті қадағаланып келеді.
Соттарда қазақша қаралатын істердің санын көбейту үшін құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер мен семинар сабақтар ұйымдастырылып, онда сотқа талап қою арыздарын мемлекеттік тілде рәсімдеудің қажеттілігі талқыланады. Сонымен қатар, қазақ тілінің мемлекеттік ұйымдарда қолданылуын қамтамасыз етуге, іс бойынша сотқа дейінгі істі мемлекеттік тілде жүргізуге бақылауды күшейтуге, азаматтардың тілді таңдау құқығын сақтауға, соттардың және сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының іс жүргізу құжаттарын дайындау кезінде тілдік қағидатты сақтау, сот ісін жүргізу тілін білмейтін процеске қатысушыларды сапалы аудармамен қамтамасыз ету, іс жүргізу құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеу кезінде кемшіліктерге жол бермеу мәселелері қозғалады.
Жоғарыда баяндалғандай мемлекеттік тіл мәселесі Шу аудандық сотында оң шешімін табуда. Атап айтсақ, құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ішкі ұйымдастырушылық құжаттар – өкімдер, анықтамалар қазақ тілінде шығарылып, жедел кеңестер, дөңгелек үстелдер мен семинар сабақтардың хаттамалары ана тілімізде дайындалады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар, азаматтардың арыз-өтініштеріне жазылған тіліне қарамастан мемлекеттік тілде жауап беріледі. Әрбір сот мамандарынан мемлекеттік тілді жетік білу талап етіледі.
Қазақстанның болашағы ана тіліміздің сақталуы мен дамуына тікелей байланысты болғандықтан, төл тіліміз білім мен ғылымнан бастап мәдениет пен өнерге дейінгі өмірдің барлық салаларына негіз болуы керек. Біз тілімізді мақтан тұтып, оны күнделікті өмірде үйренуді талап етіп, қолданыс аясын кеңейтсек, еліміздің өркендеуіне кепілдік бере аламыз. Сондықтан мұны әрдайым есте ұстауымыз қажет.

Жібек Тәжібаева,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.