Қайраткерге қараған сайын….
Еліміздің ортасынан қандай да бір айтулы тұлға, біртуар перзент, маңдайы жарқыраған атпал азамат шықса, ол-бар қазаққа ортақ. Сондай жандардың бірі, игі жақсы істерімен иісі қазаққа үлгі болған шоқтығы биік тұлға-Дінмұхамед Меңліахметұлы Қонаев. Асқар тау алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді елі үшін қызмет қылған ерлердің есімі де жыл жаңарған сайын жаңғырып, аты асқақтай береді. “Асыл азаматтардан айырылармыз, ол өмір заңы, бірақ олардың артында қалдырған өшпес ізі-өнегелі ісін ұмытуға хақымыз жоқ. Қайта мақтаныш етуге тиіспіз. Ұрпақ жалғастығы осымен баянды, осымен құдіретті” деп өткен дәуренінен осындай өсиет түйген дархан дала дарабозы Дінмұхамед Қонаев дөп басып айтып кеткен. «Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп» демекші, елі үшін, жері үшін аянбай еңбек етіп, кезі келсе жанын беруден тартынбайтын, ұлық болса да кішік болып, адамгершіліктің биігін танытып, ар жолында қызмет еткен азаматтарды сол елі, сол халқы көкке көтеріп, абыройын асырып, жақсы ісін ұрпақтан ұрпаққа жалғайды.
Кезінде Дінмұхамед Қонаев Шу өңіріне бірнеше рет ат басын бұрып, осы өлкеге табан тіреп, жақсы-жайсаңдармен дәм-тұздас болғанын тарихтан білеміз. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек, бүгінде «Қонаев қорының» белді мүшелері де Шуда қандай да бір жақсы жаңалық қылаң берсе, ортамыздан табылып жүр. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демекші, жақсы іске самалдай есіліп, тұлпардай көсіле білетін біздің өңірдің жігіттері де Қонаевтың атын шығаруға бекінген азаматтарды қолдаудан тартынған емес.
Артында өшпес із қалдырған, халықтың айрықша ықыласына бөленген Димаш атамыздың көзі тірісінде құрылған “Халықаралық Д.А.Қонаев қорының” дәурені әлі күнге дейін үзілмей келе жатқандығы Алаш жұртының арда ұлына деген үлкен құрметінен болса керек. Кей сәттері өз қалтасынан қаражат шығарып, қайырымдылық танытып жатса да жасаған жақсылығын өз бойына телімей “Қонаев қорының атынан” деп жомарттықтың үлгісін көрсетіп жүрген осы қордың мүшесі Қалдарбек Сраилов есімді азаматтың игі істерін жазып жүрміз.
Қонаев атымен Қазақстанның әр өңірінде көшелер аталған, лайықты тұлғаға бірнеше ескерткіштер тұрғызылған және Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында танымдық мұражай бар, тіпті заман ағымына сай ардақты тұлғаға арналған ақпараттық портал да бар. Осы уақытқа дейін Д.Қонаев атындағы түрлі байқаулар, спорттық жарыстар да ұйымдастырылып келеді. Міне, осы игі істердің басы-қасынан табылып жүрген азамат, сегіз баланың әкесі Қалдарбек ағамыздың жомарттығы өз алдына бір бөлек. Қалдарбек Сраилов Димаш атамыздың 110 жылдығына орай елдің ыстық ықыласына бөленген “Ақиқаттан аттауға болмайды” кітабының 4000 данасын қайта басып шығартты. Әуеліде ол Димаш атамыздың бейітінің маңын тазартып, қоршауын сырлап, кем-кетігін бүтіндеп, ел назарына іліккен болатын. Сондай-ақ, Қонаевқа арналған аламан бәйгеге астындағы автокөлігін тігіп, өз қаражатына еркін күрестен турнир өткізгені де әлі күнге ел есінде.
Бүгінде өскелең ұрпаққа ақындарымызды, батырларымызды, қайраткерлерімізді таныту жолында түрлі істер қолға алынуда. Солардың бірі, ерек тұлғаларға арнап еңселі ескерткіш тұрғызу. Сондай-ақ, үлкен ғимараттарға танымды тұлғаларымыздың кескін-келбетін бедерлеу де заманның трендіне айналуда. Яғни, оны мурал дейді. Болмысы бөлек басшы бола білген Қонаевтың Алматы қаласы Алатау ауданындағы Бауыржан Момышұлы мен Мөңке би көшелерінің қиылысындағы 15 үйдің қабырғасына салынған келбеті алыстан көз тартады. Сөз басында Қалдарбек ағамызды көпбалалы әке дедік қой, бұл мурал салынған көпқабатты үй көпбалалы отбасыларға берілген үй екен. Әр отбасында төрт баладан жоғары бала бар екенін ескерсек, әр бала ата-әжесіне немесе әке-анасына еріп шыққанда «Мынау кім?» деп сұрайтыны анық. Олар да жетегіне ілескен ұрпағына қоғам қайраткерінің үлгілі істерін айтып, адамгершілік қасиеттерге жетелейтіні сөзсіз. Қайраткер бейнесіне қараған сайын, адалдық пен тектіліктің, кісілік пен кішіліктің асқақ үлгісін көреміз. Қазақтың асыл перзентіне арналған муралдың салынуына Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың белді мүшесі Қалдарбек Срайылов мұрындық болған.
Муралды салу идеясы Қалдарбек ағамызды көптен бері мазалап жүрген. Оған қомақты қаржы кететін болғандықтан, демеушілер тарту да ойында болған. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, ойда тұрған дүниені қалай жасауды әбден толғап, көпке ой салатындай дүние жасауға асыққан жомарт азамат ақыры дегеніне жетеді. Дінмұхамед Меңліхметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде жүздеген өндіріс орындары есік ашып, ірі құрылыс ғимараттары бой көтерді. Міне, сондықтан да өз ісіне адалдық танытып, халқына деген сүйіспеншілігі бөлек тұлғаның бойындағы бар қасиетін бір суретке сыйғызу оңай болмаған. Муралда Қонаевтың ел басқарған тұсында бой көтерген 43 қаланың әрбірі жеке атауымен айшықталып, астына Димаш атамыздың «Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген қанатты сөзі жазылып, бейнесі кестеленген. Бұл игі іске атсалысқан азаматтарды атап өткен жөн деп білеміз. Мейіржан Отыншиев есімді азамат үй керегесін өрнектеуге жергілікті әкімдіктен рұқсат алып беруге көмектессе, Қалдарбек ағамыз оның эскизын, қалай салынатынын отбасымен бірге ақылдасып шешкен. Суретті өз ісінің шебері Жәнібек Жұмағалиев есімді бесаспап азамат бейнелеген. Ені 15 метр, биіктігі 12 метр болатын мурал 5 күн ішінде салынған. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген аталы сөз осыдан қалса керек.
Ел үмітін ер ақтаса, ер атағын ел сақтайды әманда. Қазақтың әр ұлы Димаш атамыздай болсын, болмаса да ұқсап баға білсін. Абыройлы азаматтың атын өшірмеуге, өнегесін өскелең ұрпақтың өн бойына сіңіртуге тер төгер азаматтарымыздың қарасы арта берсін!
Айғаным Асқарбек.