Ақпараттық портал

Шу қаласында «КоRZINKа» дүкені ашылды

Өткен жұмада Шу қаласындағы «Мечта» тұрмыстық техникалар мен электроника дүкені ғимаратының бір бөлігінен «Korzinka» желісінің дүкені ашылды. Оның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары
Б.Төлендиев, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің жауапты маманы мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Бұған дейін облысымыздың өзге аудандарында ашылған «Korzinka» сауда желісінің азық-түлік сататын бөлімшесі тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Сауда орындары заманауи техникалармен, кассалық аппараттармен және тексеру құрылғыларымен толықтай жабдықталған. Бүгінде облыс аумағында бұл супермаркеттің 42 желісі жұмыс жасауда. Соның бірі осы Шу қаласынан ашылып отырған сауда дүкенінде қазіргі уақытта 28 адам жұмыспен қамтылған.
Желіні дамыту бөлімінің бастығы Шоқан Уәлиханұлы Расмамбетовтың мәлімдеуінше, жалпы «Дәмді себет ЖШС» компаниясының иесі Тультаев Алмаз Болатұлы есімді азамат болса, компанияның директоры Ильдар Казаков. Ал, компанияның дүкендер жұмысының жүйелі жұмысына жауапты атқарушы директоры Шолпан Олжабекқызы. Басшылықтың қызмет орны Тараз қаласында орналасқан. Компанияның Тараз қаласында 50-ге жуық дүкені бар. Одан бөлек, Қаратау, Жаңатас қалалары, Құлан, Меркі аудандарында да дәл осындай сауда нүктесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Ал, Шу қаласынан филиал ретінде ашылып отырған бірінші «Корзинка» сауда дүкенінің директорлық қызметін Өзбеков Ғалымжан Кәрімұлы тізгіндеген.
Бастапқыда жиылған халық саны аз болғанымен, біртіндеп келушілер саны көбейе бастады. Салтанатты рәсімнің жүргізушілері де қарап қалған жоқ. Олар түрлі әзілдер айтып, ойын ойнатып, халықтың көптеп шоғырлануына түрткі болды.
-Бүгін біз әр сатып алушыға сыйлық дайындадық. Ал, кімде кім 5000 теңгеден жоғары сомаға сауда жасаса және компанияның демеушісі «Р&G» компаниясының қандай да бір тұрмыстық -химиялық тауарын сатып алса, біздің ұтыс ойынымызға қатысып, тағы да тұрмысқа қажетті заттардан құралған сыйлыққа ие болады,-деді шараның жүргізушісі О.Сулейманов.
Мұнан кейін жаңа дүкеннің ашылу құрметіне кішкентай бүлдіршіндерге тәттілер таратылып, ересектермен ойын ойнатылып, оған қатысқандарға да сыйлық ұсынылды.
Салтанатты шара «Ерке» би ансамблі бишілерінің әсем биімен ашылды. Мұнан кейін, Шу қаласы әкімінің орынбасары Б.Төлендиев сөз сөйлеп, жиылған жұртшылық өкілдерін жаңа сауда дүкенінің ашылуымен құттықтап, осы кәсіптің басы-қасында жүрген барша азаматтардың ісіне сәттілік пен береке тіледі.
-«Корзинка» сауда дүкені қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетеді деп сенеміз. Мұндағы азық-түліктің бағасы біршама төмен екендігін байқадық. Сондықтан, келіңіздер, көріңіздер. Өздеріңізге ұнаған тауарларыңызды алып, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан жаңа кәсіптің өрлеуіне сіздер де себепкер болыңыздар.
Кәсіп иелерінің жұмысы алға бассын, жаңа дүкеннің ашылуы баршамызға құтты болсын,-деді Болатжан Бақытұлы.
Ал, Шолпан Олжабекқызы жергілікті тұрғындар үшін дүкен есігі әрдайым ашық болатынын, сатып алушылар үшін түрлі акциялар ұйымдастырылып тұратынын жеткізді.
Салтанатты сәтте Б.Төлендиев жаңа сауда дүкенінің лентасын қиып, қазақы дәстүрмен шашу шашылды. Ғимарат ішіне енген тұрғындар өздері қалаған тауарларды сатып алып, кассадан берілген чек арқылы ұтыс ойынына қатысып, ол жақтан да түрлі сыйлықтар алып жатты.
-Акция немесе төмен бағамен сатылым болып тұрса, әрине бұл қарапайым халыққа тиімді. Ауданымыздан осындай дүкеннің тағы үш-төртеуі ашылса, тіптен жақсы. Өйткені, бізде жергілікті сатушылар бағаны оймен орнатады. Ал, мынадай сауда орындарының ашылуы өзара бәсеке орнауына себепкер. Мұның сатып алушылар үшін маңызы зор,-дейді сауда жасап шыққан Шу қаласының тұрғыны Раила Ибримова.
Иә, бұл күні жергілікті тұрғындар «Корзинка» дүкенінен арзан бағада сауда жасап, өз қоржындарын толтырып шығып жатты. Оған қоса сауда жасаған әр келушіні құр алақан қалдырмау мақсатында ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған шағын сыйлық, ұтыс ойынынан ұтып алған өзге де сыйлықтар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Көпшілік қауым да осындай игі іс үшін алғыстарын айтып жатты.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.