Ақпараттық портал

Тазалық пен тәртіп – аудан абыройы

Соңғы уақытта тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын мекемелер жергілікті халыққа қызмет көрсетіп келе жатқанымен, оған жазылушылардың қатары аз. Болмашы қаражат үшін ақылы қызметтен бас тартып, өзі тұрып жатқан маңайды қоқыс алаңына айналдырып отырғандар баршылық. Ал, ақылы қызмет жолға қойылғаннан бастап күнделікті тұрмыстық қалдықтарды арнайы орынға жөнелтіп отырғандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өйткені, қала бәрімізге ортақ. Оның тазалығы сырттан келетін қонақтар алдында жергілікті тұрғындардың әрбірі үшін үлкен абырой, ал сұрықсыз көріністер баршамызға сын. Сондықтан өзі тұрып жатқан ортаның тазалығын сақтау, айналасына жауапкершілікпен қарау – әр адам үшін адамгершіліктің белгісі болып қалуы маңызды. Бұл өскелең ұрпаққа үлгі болып, лайықты жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр.

Жуырда қала тұрғындары үшін тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын жаңа “Грин Сити-7” ЖШС өз жұмысын бастағаны белгілі. Бұған дейін бұл жұмысты “Шу-сервис” ЖШС жүзеге асырып, қапқа жиналған қоқысты тұрғындардан айына екі рет алып кететін. Енді жаңа серіктестік әр ауладан айына төрт рет алып кетуді жолға қойып отыр. Бағасы да тиімді және бұл жаздың аптап ыстығында тұрғындар үшін қолайлы. Өйткені, көп жағдайда жиналған қоқыс екі апта ішінде күннің ыстығына иістеніп, айналасына шыбын-шіркей көбейіп, жағымсыз исі қолқаны қабатын. Ал, қазіргі уақытта апта сайын жиналғандықтан, мұндай жағдайға дейін жете қоймайды. Тұрғындарға ыңғайлы тұсы да осы болып тұр. Ендігі мәселе, ақылы қызметке тұрғындардың көптеп жазылуына ықпал ету. Өйткені, қарапайым халық жаппай жазылатын болса, елді мекен тазарып, қоқыстан көзі ашылмақ. Өзім қоршаған ортаның тазалығы үшін көпшілік ортада тұрғындарды ақылы қызметке жазылуға шақырып, тазалыққа үндеп жүремін. Нәтижесі де жоқ емес. Дәл сол уақытта болмаса да, кейін хабарласып, тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын мекеменің нөмірін сұрап, келісімшартқа отырып жатады. Осылайша, бір-біріне қарап, жалпы тұрғындардың мәдениеттілігі қалыптасатыны анық. Мәдениеттілік көтерілсе, айналамыз ажарланады деген сөз. Алайда, кейбір тұрғындарға осы қасиет жетіспей жатқандай.
Өйткені, үйден шыққан қоқыс толы пакетті ашық алаңға, қуыстарға қалдырып кете беретіндер азаймай отыр. Ал, қаптаған иесіз иттер оны сол мезетте-ақ шашып үлгереді. Мысалы, мына көрініс соның айғағы. Бұл Шу қаласындағы автобекеттің арғы беті. Бетон қоршаудың маңы қоқыс төгетін алаңға айналған. Бұл алыстан келмейтіні, сол төңіректегі тұрғындардың ісі екені анық. Тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын мекеме жұмысшылары арнайы көліктерімен бұл учаскеге келіп, кейбір үйлерден қоқыс толы қаптарды жинап кететінін жақсы білеміз. Өйткені, өзім сол аумақта тұрамын. Арнайы қызмет барын көре тұра, сол төңіректі ластаған адамдар ақылы қызметке неге жазылмайды, әлде түсіндіру, насихат жұмыстары ол жақтың тұрғындарына жетпеген бе деген ой туындайды. Бұл тұста қала әкімдігінің жауапты тұлғалары да бұл іске қолқабыс жасауы қажет-ақ болып тұр. Тағы бір айта кететін жайт, абаттандыру жұмыстарына қатысты мәселе. Өңірде әр жылдарда жасалған тас мүсін, ескерткіштер көп ұзамай-ақ бұзылып жатады. Мәселен автобекет маңындағы мына құс мүсінінің қазіргі уақытта тек аяғы ғана қалған. Қандай құс екені белгісіз, тап бір екі аяғы тасқа бекіп қалғаны соншалық, денесі беймәлім жаққа ұшып кеткендей. Дейміз ау, тас мүсінді соншалық бүлдіру, тек адамның ғана қолынан келеді. Бұндай бассыздыққа, бейәдеп әрекетке баруға не түрткі болды екен деп ойлайсыз.Санамалап кетсек, дәл осындай көріністер Шу қаласы мен аудан орталығында жетіп артылады. Жәй уақытта өзімізге аса біліне қоймағанымен, сырттан келген қонақтар алдында мұның аудан абыройына сын екенін ұғындық.
Мына оқиғадан мысал келтіре кетейін. Осыдан екі жыл бұрын Орал қаласынан қонақтар келді. Аудан орталығын көрсету мақсатында Төле би ауылына келдік. Орталық саябақтың ішін аралап жүріп, тағы да келеңсіз жағдайға тап болдық. Сынған орындық, суы жоқ субұрқақ. Шеті қираған мүсін. Ол аздай, ағын суды көреміз деп саябақтың төмен жағына түскенде жайылып жүрген малға кезіктік. Сол кезде біздің ауданымызда сырттан келген қонақтарға жарқыратып көрсететін ешнәрсе жоқтығына көз жеткізіп, бардың өзін күтіп ұстамайтынымызды түсінгендей болдық. Бұл шын мәнінде аудан абыройына, жергілікті тұрғындардың атына үлкен сын. Осындай қалпымызбен кете берсек, өскелең ұрпаққа қандай өнеге көрсетеміз? Бойға сіңіп, қалыптасып қалған жағымсыз әдеттен арылатын күн қашан туады?! “Мен тазалық сақтағанмен, өзгелер бүлдіріп жатыр ғой” деген кереғар ойдан арылып, қоршаған ортаға біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін жауапкершілікпен қарасақ, аудан баяғыда-ақ ажары артқан мекен болар еді.
Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.