Ынтымақтастықты үдемелі кеңейту үшін зор әлеуетке ие
Мемлекет басшысының тапсырмасы
бойынша Премьер-Министр Олжас
Бектенов «Орталық Азия + Жапония»
диалогы бизнес-форумына қатысты.
Форум алаңында Орталық Азия аймағы елдері мен Жапония делегацияларының 450-ден астам өкілі жиналды. Жапонияның іскер топтарынан Toyota Tsusho Corporation, Mitsubishi Heavy Industries EMEA, Ltd., Mitsui & Co., Ltd ірі компанияларының басшылары мен менеджерлері, сарапшылар қауымдастығынан салалық жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері қатысты.
Экономикалық байланыстарды нығайту және цифрландыру, көлік-логистика саласы, АӨК, ауыр өнеркәсіп секторы және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов өзінің алғы сөзінде көпжақты ынтымақтастықты арттырудың негізгі бағыттарын атап өтті.
«Жапония жаһандық ауқымдағы экономикалық және технологиялық көшбасшылардың бірі саналады. Жапон компанияларының өнімдері өзінің сапасы, сенімділігі және инновациялық жаңашылдығымен танымал. Бүкіл әлемдегі адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға баға жетпес үлес қосып, прогрестің алдыңғы қатарына шыққан мемлекет. Өз кезегінде, Орталық Азия – бұл қарқынды дамып келе жатқан аймақ, оның даму қарқыны жоғары және жан-жақты ынтымақтастық үшін барлық жағдай жасалған. Біздің аймағымыздағы елдер мен Жапония ынтымақтастықты үдемелі кеңейту үшін зор әлеуетке ие деп санаймын. Жапондық инвесторлардың қатысуымен трансұлттық жобаларды жүзеге асыру аймақтың экономикалық өзара байланысының деңгейін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінгі нәтижелі келіссөздер біздің көпжоспарлы әріптестігімізді сапалы жаңа деңгейге шығаруға бағытталған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.