Жарыста жарты тонна қоқыс жиналды
Қала мен даланың ажары оның тазалығында екені ақиқат. Сондықтан болар әкімқаралар көбінесе өзіне бөлінген аумақтың тазалығы үшін “таяқ жеп” жатады. Арзымас айлыққа жалданатын қоғамдық жұмысшылар күл-қоқыспен күресіп жатқанымен, тұрғындардың немқұрайдылығы экологиялық ахуалды күрделендіре түсуде.
Бүгінгі таңдағы күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселені шешуге жергілікті атқарушы органдар барын салуда. Қажетті қаржы бөлініп, техника қатары толығуда. Сонымен қатар тазалық сақтаудың маңыздылығы мен қоғамдық жұмысшылардың бейнетін түсіндіру мақсатында шаралар да тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соның бірі – Шу қаласында дәстүрге айналған “Таза қала” атты экологиялық шарасы. Дәстүрлі шара осы жолы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қалыптастырған “Таза Қазақстан” акциясымен тоқайласып отыр.
Биыл екінші мәрте өткізілген шараны әдеттегідей қала әкімінің аппараты қуаттап, шаһардағы “Жастар ресурстық орталығы” ұйымдастырды. Аталмыш жарыс түріндегі шара былтыр «Қант зауыты» мөлтек ауданы аумағында өткен болатын. Осы жолы «Қосқұдық» мөлтек ауданындағы көшелерді тазалау үшін барлығы 6 команда бақ сынады. Олар төрт адамнан тұратын топ құрап, ұйымдастырушылар белгілеп берген көшелерді жүріп отырып, қаптарына қоқыс толтырды. Айналасы 2 сағаттың ішінде жиналған “олжаны” межелеген жерге жеткізіп, таразыға тартуға тиіс болған.
Шараның ашылуында Шу қаласының әкімі Е.Нұралиев қатысушыларға риясыз ризашылық пейілін жеткізіп, сәттілік тіледі әрі қала тұрғындарын тазалықты сақтауға, еңбек адамын құрметтеуге шақырды.
Күннің райына қарамастан, қала тазалығына атсалысқан 6 команданың атын атап, түстегеніміз жөн. Себебі Арқалық, Панфилов, Есенберлин, Сәтбаев көшелері мен “Қайрат” стадионының айналасы қатысушылардың себебімен әп-сәтте ажары кірді. Олардың қатарында Шу қалалық мәдениет үйі, қалалық аурухана, “Қосқұдық” балалар бақшасынан бір-бір командадан қатысса, қалалық ЖРО бәйгеге қос команда қосты. Сонымен қатар, бір жас отбасының жарысқа қатысқанын айта кеткен жөн. Қатысушылардың еншісіне 2 көшеден беріліп, бақылау үшін бір маманнан белгіленді.
Тартысқа толы тазалық шарасында мәдениет қызметкерлерінен құралған “Алаш” командасы аламанның алдынан көрініп, жеңіс тұғырына көтерілді. Аталған команда мекемелеріне тоңазытқышпен оралды. Екінші орынды “Шудың бойында”командасы еншілеп, кір жуатын машина ұтып алды. Шағын тоңазытқышқа қол жеткізген “Жасыл ел” жастары үздік үштікті түйіндеді. Жүлделі орындарға ілінбей қалған өзге командалар да үйлеріне құр алақан қайтпады. Олар ұйымдастырушылар тарапынан ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Шара соңында жеңімпаздарға қала әкімінің марапат қағаздары табыс етілді.
Игі дәстүрге айналып үлгерген шараға шаһар тұрғындарының алғысы ерекше. Мәселен, М.Мәметова көшесінде тұратын К.Тұрлыбекова ұйымдастырушыларға өз рақметін жаудыруда.
– Біз Шу қаласына келгенімізге ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Тазалық әрдайым өзектілігін жоймайтын дүние. Осыны ескеріп, қала тазалығына қам жеген әкімшілік пен жастарға ризамыз. Мұндай шара өте қажет. Жыл сайын, тіпті жиірек ұйымдастырған жөн. Президентіміздің өзі елдегі экологиялық ахуалға алаңдаушылық білдіріп, “Таза Қазақстан” атты акцияны бастап бергенін білеміз. Бүгінгі шара сол акцияны айшықтап, жерлестерімізге тазалық мәдениетінің маңыздылығын түсіндіруде. Мұндай бастаманы біз әрдайым қолдаймыз,-дейді қала тұрғыны Күннұр Тілекқызы.
Тазалық туралы әңгіме қозғалғанда нысанаға көзкөрім жердегі теміржолшылар қаласы ілінетіні сөзсіз. Бұл мәселе тұрғындардың көптігімен тікелей байланысты болуы бек мүмкін. Өйткені тазалық қызметкерлері күнбе күн қаладағы қоқыс пен күл, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен шұғылданады.
Осы туралы біз қала басшысы Елдос Бекболатұлынан сұраған болатынбыз. Оның сөзінше, Шу қаласы бойынша тұрғындардың тұрмыстық қатты қалдықтарын тазалаумен «Green city-7» ЖШС жұмыс жасайды. Қаладағы әр үй аталған мердігер ұйыммен келісімшартқа отыру арқылы қызметін пайдалануда. Тариф құны аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 5 мамырдағы №248 шешімімен бір қоқыс контейнері үшін 2953 теңге, көппәтерлі үйлердегі әр адам басына 391 теңге, жеке тұрғын үйлер үшін адам басына 493 теңге болып бекітілген.
-Қаланың тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигоны оның жұмысын жүйелендіру мақсатында аталған серіктестікке 5 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Яғни жеке инвестор полигонды күтіп ұстап, сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын болады. Мердігер аталған саланың тиімділігі төмен болуына байланысты қаржылық қиындыққа тап болуы қауіпі жоғары болып отыр.
Сонымен қатар қала аумағында 47 қоқыс алаңшасы бар болса, оның 20-сы жаңартуды қажет етеді. 2023 жылы 125 қоқыс жәшігі жаңартылса, 2024 жылға қоқыс жәшіктері тұратын орындарды ретке келтіру мақсатында 8 млн. теңге бөлініп, 4 қоқыс алаңшасын жаңалау жұмыстары жүргізілуде,-дейді қала әкімі.
Байжан Емберді.