Ақпараттық портал

Дұрыс сенім – ырыс кепілі

Дін – жұмыр басты пенденің бойына адамдық қасиетті қалыптастырып, Жаратушыға иланып, жағымсыз амалдан арылуға итермелейтін ұғым. Сонымен қатар, ол қоғамға ізгілікті уағыздап, әрбір әрекетке жауапкершілікпен қарауды насихаттайды.
Өткен күндерге көз жүгіртсек, 960 жылы Қарахан билеушісі Мұса хан Ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялағаны белгілі. Дін әуелгіде қалалы жерлерде тарала бастаған. Ибн Хаукальдің деректері бойынша дін қабылдағандар сол кездегі Шаш және Фараб шаһарлары арасында көшіп-қонып жүрген. Мұны археологиялық зерттеулер де дәлелдеп, IX-XII ғасырларда ислам кеңінен таралғаны мәлім болып отыр.
Мемлекет басшысы “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Қазақстан халқына Жолдауында “Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес.” -деген болатын. Осы пікірімен мемлекет ұстанымын айқындап берген Президент қазіргі уақытта 100-ден астам этнос елімізде өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүріп, 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатқанын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде атап өткен болатын.
Қазіргі таңда адамзатқа қауіп төндіретін діни сипатты жалау еткен ағымдар саңырауқұлақтай қаптап кеткені ақиқат екені өкінішті. Олардың белсенді жұмысынан кейін әлеумет анық дүниенің өзіне үрке қарап, екі қарап, бір шоқитындай халге жеткені жасырын емес. Басқасын айтпағанда, Ислам дінінің ішінде ұлт қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, бейбітшіліктің берекесін қашыруға құштар, қантөгіс пен төңкеріске бейілді топтар бар.
Дейтұрғанмен, мемлекет тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Оның ішінде түсіндіру жұмыстары өз жемістерін беруде. Бұл орайда, Шу өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар да айтарлықтай.
Мұндай міндеттерді Шу ауданында орындап жүрген мекемелердің бірі – “Дін проблемаларын зерттеу орталығының” Шу ауданы бойынша арнайы бөлімі. Жамбыл облысы әкімдігіне бағынысты бөлімді Мырзабек Смаилов басқарып отыр. Сонымен қатар бөлімнің инспекторлары Нұрдәулет Боранқұл мен Нұрдәулет Бақтияр осы бағыттағы жұмыста тер төгіп келеді.
Аталған коммуналды мемлекеттік мекеменің өңірдегі өкілдігінің басшысының айтуынша, жыл басынан бері ұзын-ырғасы 170 іс-шара өткізіліп, 4292 адам тиісті ақпаратпен қамтылған.
Өткізілген іс-шаралардың басым көпшілігі ауданның білім бөліміне қарасты мектептерде ұйымдастырылады. Оның ішінде жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерімен кездесулер өтеді. Атап айтқанда, мектеп қабырғасында өткен 73 іс-шараға 2455 жас тартылса, арнайы орта оқу орындарында 5 іс-шара өтіп, 140 студентке түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Біз ақпарат ұсынып, түсіндіру жұмыстарын көбінесе жоғары сынып оқушылары мен колледж білімгеріне бағыттаймыз. Себебі – жастардың жат ағымның жетегіне еріп кету қаупі жоғары. Оларда дін туралы түсінік болмауы салдарынан мәліметті ғаламтордан алып жатады. Сондықтан біз жастарға мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіріп, жат діни ағымдардан сақтану, дінді дұрыс қайнардан үйрену туралы мағлұмат береміз,-дейді Мырзабек Жұмабекұлы.
Одан бөлек, осы бағыттағы жұмыстар аудандағы мекемелер мен ұжымдар, спорт мектептері, ауыл тұрғындары мен жастары, пробациялық есепте тұрған жастар арасында жүргізіледі. Оған қоса, тікелей эфир арқылы аудиторияға ақпарат беріп, флаэрлар таратылады.
Ауқымды шаралардың қатарына №40 мектепте өткен “Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу” тақырыбындағы кездесуді жатқызуға болады. Аталмыш шараға 180 адам қамтылып, бөлім инспекторлары Н.Боранқұл мен Н.Бақтияр түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өздеріне қойылған сауалдарға жауап берген. Сондай-ақ “Діни экстремизм ғасыр дерті” тақырыбы 200 адаммен теміржол мекемесінде тарқатылса, №10 колледжде “Діни сауат-тәрбие бастауы” туралы түсіндірілді.
Жамбыл облысы әкімдігі “Дін проблемаларын зерттеу орталығы” КММ-нің Шу ауданындағы арнайы бөлім қызметінің бір бағыты – зерделеу. Бүгінге дейін орталықтың облыстағы басшылығы мен мамандарының қатысуымен 3 мәрте зерделеу жұмыстары жүргізілген. Жұмыс барысында өңірдегі діни бірлестіктердің тыныс-тіршілігі, жарғыға сай жұмыс істеуі, діни әдебиеттердің дұрыстығы мен бақылау камераларының жарамдылығы тексеріледі.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылға арналған халықтың мақсатты топтарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу 14 бағытқа бөлініп, аталмыш топтардың желілік кестесі бекітілген. Желілік кесте бойынша екінші жартыжылдыққа арналған жоспарға сәйкес 116 іс-шара өткізу жоспарланып, бүгінгі таңда 51 іс-шара өткізілді. Оның ішінде кездесу – 94, дөңгелек үстел – 16, флаер тарату-2, тікелей эфир – 1, түсіндірме жұмыстары – 1, рухани сағат – 1, пікірсайыс – 1. барлық шараларға қамтылған адам саны – 1237 құрайды.
Қалай айтқанда да, дін өте нәзік дүние. Оны ұстана алсақ қасиет, ұстана алмасақ қасірет екені де көпке мәлім. Сондықтан осы бағытта еңбек етіп жүрген жандардың жұмысына жеміс, еліміздің ертеңіне жарқын болашақ тілейміз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.