СОҒЫМЫҢЫЗ ШҮЙГІН БОЛСЫН!
Күздің соңғы айы мен қыстың басы – қазақтар үшін соғым соятын кез. Шама-шарқына қарай көсілетін, әсіресе өңіріміздің ауа райы қатал аймақтарында тұратын тұрғындар қыс мезгілінде соғымсыз отырмайды. Ежелден қалыптасқан дәстүрге сай, әрбір қазақ мұртын майламаса да, ұртын толтырып жейтін соғым сойып алуға күш салады. Сол себепті де, басқасын былай қойғанда, соғым етін әзірлеу қазекең үшін үлкен науқандық жұмыс болып есептеледі.
Ауылдағы ағайын әне-міне деп, күздегі мал азығы мен жан азығын әзірлеп болғанша қылышын сүйретіп келген кәрі құдаң қыстың да бірінші айы аяқталуға жақын қалды. Желтоқсан айында күздегі күйбең тіршіліктен қолы қалт еткен ағайын соғымға дайындаған малдарын союды бастап та кетті. Әр отбасы әл-ауқатына қарай соғымға жылқы, сиыр, түйе секілді ірі қара мал соятыны сөзсіз. Мұндайда төрт түліктен, әсіресе жылқы малын іздейтіндердің қатары артады. Қыстың қамын жазда ойлайтын малы бар қазақтардың басым бөлігі ала жаздай соғымға деп арнайы бір малды белгілеп қояды. Кәрі құдаң қаһарына мініп, қыс қылаң бере бастағанда-ақ, малдарын шетінен жыға бастайды. Ал, қақаған аязға дейін шыдап отыра беруді жөн көрмейтіндері алдымен күздік соғымдарын сойып, күн күрт суытқанда қыстықтарына қол салады.
Соғым сою мен соғымға арналған малды баптаудың да өзіндік ерекшеліктері бар екенін ұмытпаған жөн. Мәселен, Шу ауданының тұрғыны Азамат Баялбековтың айтуынша, иен тау мен жапан түзде жалғыз үй отырса да, қазақ батасыз соғым соймайды дейді. «Бұрындары әкелеріміз соғым басын беруге жаздан бастап қамданып, бірнеше ай бойы дайындалатын. Осы аралықта соғым малының жайлы болуына үлкен мән беріп, бабына келтіреді. Бұның өзі үлкен жұмыс. Сол кездегі кісілердің жоңышқаны майдалап турап, бетін қайнаған сумен бүркіп, кеш бата жылы жерге кіргізіп қоятынын да көзбен көрдік. Соғым малына еті дәмді болады деп тәтті түбір, қазысы сары болады деп жүгері, жем беретін. Содан кейін барып мал әбден дайын болғанда сойып, көрші-қолаң мен туған-туыстарын шақырып, соғым басын беретін. Көп жерде, әсіресе қалалық жерлерде осындай дәстүр сиреп бара жатқанымен, ауылдағы ағайын әлгіндей дәстүр сабақтастығына әлі күнге сызат түсірмей келеді» – дейді ол.
Сонымен бірге, соғымға деп арнайы мал соймай-ақ, көрпесіне қарай көсілетін қазақтардың кейбірі көк базардан ірі малдың етін сатып алып жейді. Алайда, мұнда да асқан байқампаздық керек. Шудағы көк базарда ет сататын Ержан ағамыздың сөзінше, етті таңдағанда да көп нәрсеге мән берген жөн. «Көбіне-көп боз етті таңдау қажет. Өйткені, арық жылқының еті қызыл болатынын бәрі білетін шығар. Еттің ішінен қан көрініп тұратын болса, оны алмай-ақ қойған абзал. Ол – малдың ауырғанының айғағы. Ал, түсі сәл сарғыштау ет – ең дәмді ет болып саналады. Егер де жылқының етін алуды құп көрсеңіз, оның семіз немесе арықтығын білу үшін жаясы мен қазы-қартасының қалыңдығын көріп алу керек» – дейді ағамыз.
Расын айту керек, қараша халық соғым басы уақытында «еттің бағасы шарықтап кетті» деп шыр-пыр болады. Десе де, аудандағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша құрылған штаб мүшелері аудан орталығы Төле би ауылы мен Шу қаласында орналасқан ірі сауда үйлеріне және көк базарға жиі-жиі бас сұғып, азық-түлік бағасының шамадан тыс көтерілмеуін бақылауда ұстайды екен. Қалай дегенде де, қонағы асықпаса ет асатын, қона жатса қой соятын қазақтар қыс мезгілінде соғымсыз отырмасы сөзсіз.
Ерғали АСХАТҰЛЫ.