Ескі кілемді кәдеге жаратуға мүмкіндік бар
Әр жыл сайын тың өзгерістермен толығып отыратын аудан өмірінде босағамызды енді ғана аттаған 2025 жыл да жағымды жаңалықтармен басталып, халық игілігіне бағытталған жарқын оқиғалармен түйінделеді деп сенеміз. Өйткені, өзіміз байқап жүргендей, әр саланың өзіндік даму жолы бар. Соның ішінде әсіресе, кәсіпкерлік саласы заман талабына сай жетіліп келеді. Түрлі сауда, тамақтану орындарынан бөлек, тұрмыстық техникаларды жөндеу, кілем жуу, жиһаз тазалау және ескі жиһаздарды жаңарту сынды үй тұрмысына бағытталған қызмет көрсету орындарының қатары артуда.
Мысалы, Шу қаласындағы «Бекзат» сауда үйі көз жауын алатын сан түрлі кілемдер сатумен қатар, ескі кілемдерді кәдеге жаратуға мүмкіндік жасап отыр. Бірнеше жыл аяқ астына төселіп, қолданыста болған кілемдердің шеттері қайырылып, тіпті жыртылып кететіні жасырын емес. «Бекзат» сауда үйінің қызметкерлері дәл осындай кілемдердің жарамсыз тұстарын қиып, қалған бөлігін арнайы тігін машинасымен ретке келтіріп беруді жолға қойған. Мұндай қызмет ауданымызда болса да бірлі-жарым. Сол себептен, көпшілік мұны біле де бермейді.
Жалпы, кәсіп иесі Шакарман Кішкенова 1996 жылдан бастап, яғни 28 жылдан бері кілем сатумен айналысып келеді. Шу өңірінде туып-өскен жерлесіміз бастапқыда орталық базар ішінде, мұнан кейін базар маңынан шағын орындарды жалға алып, саудасын жүргізді. Кілем саудасымен қатар, 2018 жылы қазіргі «Бекзат» сауда үйін салып, мұнда тұрмыстық техника сатумен шұғылданады. Алайда, тұрмыстық техника сату ісі ойдағыдай жүзеге аса қоймағандықтан, өткен жылы базар маңындағы кілем орнын босатып, барлық тауарларын осы орынға көшіріп әкеледі. Қазіргі уақытта мұнда кілем саудасына басымдық беріліп отыр. Алайда, қазіргі уақытта сауда үйі алғаш ашылған тұста жеткізілген түрлі бөлмелерге арналған аспалы шамдар (люстра), тұрмыстық техникалар да сатылымда бар.
Мұндағы кілемдер Алматы қаласынан жеткізіледі. Олардың басым бөлігі Шымкент қаласындағы отандық өнім шығаратын «Бал Текстиль» ЖШС мен «Есенжол» кілем орталығынан жеткізілетін, он жылдан астам тарихы бар «Назар Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының өнімдері. «Бал Текстиль» қазақстандық кәсіпкерлер мен Түркия Республикасының кілем өндірісі саласында үздік ондыққа кіретін ірі тауар экспорттаушысы түрік «Kartal Carpets» компаниясының бірлескен жобасы. Кейбір деректерге сүйенсек, жіп өндіретін шикізатты Түркия және Иран елдерінен алдыртып, жоғары сапалы жіп өндіруден бастап, дүкен сөресіне дейінгі жұмыстарды атқаратын кілем фабрикасының өніміне тек біздің ел ғана емес, шетелдіктердің де сұранысы жоғары көрінеді.
«Бекзат» сауда үйіндегі сатылымда тұрған кілемдердің көлемі де, сапасы да әр түрлі. Ең үлкені 5х8 метр көлемді құраса, одан төмен қарай түрлі көлемдегі кілемдер жеткілікті. Сапа жағынан, бамбук, жібек, тағы басқа түрлері бар. Сонымен қатар, кәсіп иесінің айтуынша, кілемдердің бағасы сапасына қарай болғанымен, мұндағы баға тиімді. Қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді, орташа баға деуге болады. Қала ішінде жеткізіп беру жолға қойылған. Сондай-ақ, сатып алушылар үшін бөліп төлеу қарастырылған. Осыдан бірнеше уақыт бұрын мереке қарсаңында тұрмыстық техникалар мен кілемдерге ұтыс ойындары да ұйымдастырылған екен.
Ал, кілем шетін тігуге арналған іс машинасын 2010 жылы сатып алған. Өзіндік күтімді қажет ететін бұл дүние әсіресе метрлік төсеніштердің (дорожка) шетін тігуге аса қажет. Сол себептен, кілем сатып алушылар үшін де іс машинасының сауда орнында болғаны маңызды. Ал, қолданылған кілем шетін қайыртамын деушілерге қойылатын талап бөлек. Яғни, кілем таза болуы, аса тығыз тігілген, қалың болмауы қажет.
-Бір-екі рет бұрынғы заманның қолданыстағы кілемдерін ретке келтіріп, тігу бойынша тапсырыс қабылдаған едік. Бірақ, олардың көпшілігі қалың болатындықтан, оның тігісі қиын жүретін болды. Сол себептен, мұндай кілемдерді қабылдамайтын болдық. Біздің сауда үйімізден сатып алынған метрлік төсеніштерді жеңілдетілген бағамен тігіп береміз,-дейді Ш.Кішкенова.
Бүгінгі таңда аталмыш сауда үйінде бірнеше адам еңбек етіп, өз нәпақаларын тауып отыр. Кәсіп иесі алдағы уақытта да тауарларын жаңа тауарлармен жиі толықтырып, жергілікті тұрғындарға сапалы дүниелерді ұсына береді деп сенеміз әрі алдағы тың жоспарларына тек сәттілік серік болсын дейміз.
Динара Батырхаирова.