Жемқорлықпен күрес – ортақ міндет
Жемқорлық – кез келген елдің дамуын тежейтін әлеуметтік кесел. Ол қоғамның барлық саласына дендесе, әділдік пен тәртіптің бұзылуына әкеледі. Қазақстан да бұл мәселені шешу жолында нақты қадамдар жасауда. Жемқорлықпен күрес – тек биліктің ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті.
Жемқорлықтың экономикаға, әлеуметтік және құқықтық жүйеге тигізетін зияны орасан зор. Ол мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына кедергі келтіріп, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін төмендетеді. Сонымен қатар, адал еңбектің құнсыздануына және теңсіздіктің өршуіне себеп болады.
Қазақстанда жемқорлыққа қарсы заңдар мен бағдарламалар қабылдануда. Соның ішінде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңы және арнайы мемлекеттік органдардың жұмысы маңызды рөл атқарады.
Мемлекеттік қызметкерлердің кірістері мен мүлкі туралы мәліметтерді ашық жариялау, мемлекеттік сатып алу саласындағы бақылауды күшейту, цифрлық технологияларды енгізу – жемқорлықпен күрестегі маңызды қадамдар.
Жемқорлықты жою тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Әрбір азаматтың белсенділігі маңызды. Қоғамдық ұйымдар, БАҚ және азаматтық белсенділердің бақылауы жемқорлыққа қарсы тиімді күрестің кепілі. Жемқорлық фактілері туралы хабарлау, адалдық пен ашықтық қағидаларын ұстану арқылы әрбір адам қоғамды жақсартуға үлес қоса алады.
Жемқорлықты жеңу – ұзақ әрі күрделі процесс. Бұл тек заңдардың орындалуымен емес, қоғамдағы әрбір адамның адалдық пен жауапкершілікке деген көзқарасына байланысты. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күресті ортақ міндет деп түсініп, баршамыз бірлесіп әрекет етуіміз қажет. Жемқорлықсыз қоғам – жарқын болашақтың кепілі.
М.Тілеубеков,
Шу аудандық сотының төрағасы.