Өнегелі өмір иесі 90 жаста
Шаймерденов Төлеухан Шаймерденұлы 1935 жылы 1 қаңтар күні Шу ауданы, Темірқазық кеңшарының Досмайыл атты бөлімшесінде дүниеге келген. Шу ауданының орталығы Төле би ауылында мектеп-интернатта тәрбиеленіп, 1954 жылы онжылдықты бітіріп, қыркүйек айынан бастап Жамбыл колхозындағы Жамбыл атындағы мектепте аға пионер жетекшісі болып және бастауыш сыныптарда мұғалім болып та жұмыс істейді.
1966 жылы қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтынан «География-тарих пәндерінің мұғалімі» деген мамандық алып шығады. 1965-70 жылдары Далақайнар орта мектебінде интернат меңгерушісі болып және география пәнінен оқушыларға дәріс берді. Мен сол жылдардағы шәкірті болып келемін.
Төлеухан ағамыз ауданымыздың көптеген мектептерінде оқу тәрбие ісінің меңгерушісі, директоры болып қызмет етті. Атап айтсақ, О.Жандосов, Д.Қонаев, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов атындағы орта мектептер мен кейіннен өзі туып-өскен Шоқпар ауылындағы мектепте мектеп директоры қызметтерін атқарады.
Жалпы, 50 жылдан аса еңбек өтілімімен 1995 жылы зейнет демалысына шығады. Әйтсе де, ауылдағы мектептен қол үзген жоқ.
1995 жылдан Шоқпар ауылында Соғыс және еңбек ардагерлері ұйымын 2015 жылға дейін басқарды. Ұзақ жылғы жемісті еңбегін Үкімет пен партия жоғары бағалап, 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жылдық мерекелік медалін иеленді. Жылдар ағымында ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болып бірнеше мәрте сайланды. «ІХ, Х бесжылдықтардың озаты» белгісімен, 1982 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, ал 1983 жылы «ҚР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 2003 жылы Шоқпар ауылының, 2008 жылы Шу ауданының Құрметті азаматы атанды. ҚР ардагерлер ұйымының құрылғанына 20 жыл толу мерекесіне орай төсбелгімен және сыйлық, «Шу ауданына 80 жыл», «Шу қаласына 50 жыл» мерекелік медалімен, бірнеше аудандық, облыстық деңгейдегі Мадақтау грамоталарымен марапатталды.
2007 жылы «Өмірімнің өзекті беттерінен» атты авторлық кітабы жарық көрді. Автор кітапта қызмет еткен жылдарында түрлі баспаларда жарияланған, балаларға білім беру мен тәрбиелеу жөніндегі бірқатар мақалаларын енгізіпті.
Төлеухан ағамыз бүкіл ғұмырын бала тәрбиелеу мен оқытуға арнаған ұлағатты ұстаз. Аллаға шүкір, 90 жастағы қарияға мықты денсаулық, бала-шағасының ортасында аман-сау жасай берсін демекпіз. Зайыбы Ибакүл Шәкірқызымен үш ұл, үш қыз тәрбиелеп, 24 немере мен 6 шөбере сүйіп отыр.
Әділхан ТОҚТЫБЕКОВ,
зейнеткер ұстаз.
Далақайнар ауылының тұрғыны.