Ақпараттық портал

«Қазақ спортының бәсекеге қабілетті болуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз»

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында IX қысқы Азия ойындарына дайындық барысы қаралды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндама жасады.
Қысқы IX Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы 10 спорт тәртібі бойынша 6 спорт түрінен бақ сынайды. Бүгінгі таңда команда құрамы бекітіліп, ойынға 138 спортшы қатысатыны белгілі болды. Алдағы қысқы Азия ойындары 2026 жылы Миланда өтетін Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.
«Барлық спорт объектілері қалың көпшілікке қолжетімді болып қалуға тиіс. Бұл спортпен шұғылданушылар санын арттырып, осы нысандар айналасында бизнестің дамуына жол ашады. Әкімдіктер мен кәсіпкерлер аталған бағытта белсенді жұмыс істеуі керек. Тек сонда ғана халықты көптеп тартуға мүмкіндік туады. Ол бизнес пен спорт-туристік нысандар айналасындағы елді мекендерге мультипликативті әсер береді», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп инвесторлар тартып, спорт инфрақұрылымын салу үшін қолайлы жағдай жасау, оның ішінде Алматымен қатар Алматы облысында, Шығыс Қазақстанда және басқа аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жасау жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Бүгінде ең танымал қысқы демалыс орындарының бірі – Шымбұлақтың тәуліктің жүктемесі жобалық қуатынан асып түсті. 2024 жылы келушілер саны 1,5 млн-нан асты.
Жалпы еліміз бойынша Мемлекет басшысы тапсырмасымен салауатты өмір салтын дамытып, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту үшін кешенді шаралар қабылдануда. Республика бойынша 5 жыл ішінде 215 дене шынықтыру кешені, 17 жүзу бассейні, 57 спорт манежі және 1,5 мыңнан астам спорт алаңы салынды. Жеке инвесторлар есебінен 92 жоба іске асырылды.
Премьер-министр олимпиадалық стандарттарға бағдарланған тиімді дайындық бағдарламаларын құру бойынша қарқынды жұмыс қажет екенін атап өтті.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.