Қала тұрғындарының талап-тілегі тыңдалды
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу қаласы ауданның алға ілгерілеуіне серпін беретін бірден-бір қала. Сонымен бірге, мұнда 50 мыңға жуық тұрғын бар екенін ескерсек, қаладағы шешімін күткен мәселелерді уақыт оздырмай шешу қажет екенін аңғару қиын емес. Осыны ескерген аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бұған дейін қаладағы барлық мөлтек аудандарды аралап, түйткілді мәселелерге көз жеткізген еді. Ал ағымдағы аптада қала тұрғындарымен арнайы кездесіп, көптің көкейінде жүрген түйткілдерді жергілікті тұрғындардың өз аузынан естіді.
Шынын айту керек, Шу қаласына өткен жылы қыруар қаржы бөлініп, тиісінше бөлінген қаражатқа ауқымды тірлік атқарылды. Дәлірек айтқанда, былтыр қалаға 2 миллиардқа жуық қаржы қарастырылып, оған шулықтардың жанайқайына айналған көше жолдары едәуір жаңарып, көптеген көшеге асфальт төселді. Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті жаңарып, олардың маңына ойын алаңшалары соғылып, жарықтандыру мәселесі де біршама ретке келді. Жыл өткен сайын Шу қаласында жасалып жатқан жұмыстардың қарасы қалыңдап, тұрғындардың сұранысы біртіндеп орындалып келеді. Мәселен, салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2022 жылы қала бюджеті 268 миллион теңге болса, 2023 жылы 936 миллион теңгені құрады. Ал, ағымдағы жылы қалада атқарылатын жұмыстарға барлығы 3 миллиардтың төңірегінде қаржы қарастырылмақ. Өз кезегінде аудан әкімі «Бөлінген қаржыға көшелердің жөндеу жұмыстары, тұрғын үй салу, қаланы көгалдандыру мен абаттандыру, спорт және ойын алаңшаларын салу, білім ошақтарын ретке келтіру, көшелерді жарықтандыру және аялдамалар орнату сынды жұмыстар атқарылатын болады. Ендігі міндет – атқарылатын жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзімін жіті қадағалау» – деді.
Басқосу барысында қала тұрғындары аудан басшысына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Қала тұрғындарын толғандырған ең алғашқы мәселе – электр жарығының жиі сөнетіні. Аталған мәселеге қатысты жауап берген аудан әкімі көтерілген түйткілдің өте орынды екенін және бұл бойынша нақты жұмыстардың қолға алынатынын жеткізді. Одан бөлек, тұрғындар Тоғай мөлтек ауданына қатысты біршама мәселелерді жеткізіп, оның оңды шешілуіне аудан басшысының атсалысуын сұрады. Дәлірек айтқанда, Ұлы дала және Шұрайлы көшелерін жөндеу, Бекбосынов көшесіне ойын алаңшасын салу сынды ұсыныстар да айтылды. Сондай-ақ, аталған мөлтек аудан тұрғындары қаңғыбас иттер мен теміржолға қатысты түйткілдерді де көтерді. Б.Оразалыұлы жоғарыда аталған жол мен ойын алаңшаларына байланысты мәселелердің бірқатары биылғы жылы шешімін табатынын жеткізсе, өзге сауалдарға толыққанды жауап берді.
Қала тұрғындарымен өткен екінші кездесу Қосқұдық мөлтек ауданындағы Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұндағы басқосуда қала тұрғындары қоғамдық көліктің жүру жиілігі мен аялдамаларға байланысты мәселені айтып, өз ұсыныстарын жеткізді. Одан бөлек, көшелерді жарықтандыру мен жайлы мектеп туралы сауалдарын қойды. Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген аталмыш мәселелердің барлығы да әкімдіктің назарында тұрғанын және оны шешу рет-ретімен жүргізілетінін айтты.
Қалалықтар көтерген мәселелердің барлығы жылдар бойы бірте-бірте қалыптасқандықтан оның бәрін бір мезетте шешу мүмкін еместігін анық айтуымыз керек. Оның үстіне қолға алынатын кез келген жұмыс қазынадағы қаржыға тіреледі. Сол себепті де жоғарыда аталған мәселелер бір жүйеге келтіріліп, рет-ретімен шешілетініне сенім білдіреміз.
Ерғали Қартайған.