Ақпараттық портал

КЕЛІҢІЗ, КІТАП ОҚИЫҚ!

«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Кітап оқитын ұлтқа айналу отбасынан басталады. Оған менің кітапханашы ретіндегі жұмысым арқылы көзім жетті.
Кітап! Бұл сөз әр адам баласына таныс. Кейбір жандар үшін баға жетпес оқу құралы болса, кейбір жандарға жұмбақ әлем болып қала бермек. Кітаптың құдіретін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол құдіретті кітаптың бізге тигізер пайдасы өте мол. Себебі, кітап оқырманның ойлау қабілетін жақсартып, оның сөздік қорын молайтып, жан дүниесін рухани байытады.
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген екен дана халқымыз. Бүгінде бұл сөздердің мағынасы әлі де жойылған емес. Себебі, кітап арқылы жастар білім алса, сол білім арқылы өмірлерінің соңына дейін нәр алады.
2025 жылды аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп жариялады. Бұл бастама алдыңғы буын ағалар мен кейінгі буын жастарды байланыстыратын алтын көпір десек те болады. Игі жобаның жастарға берері мол деп білемін. Сонымен қатар, аудан әкімі Б.Жәнібеков өз үйіндегі жеке кітапханасынан ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра ретінде ауданымыздың кітап қорына 35 дана кітапты сыйға тартты.
Осы жоба аясында ОКЖ бойынша жоспар құрылып, «Кітап шоу – 2025» кітап фестивалі, әртүрлі тақырыптағы челендждер, жергілікті ақын жазушылармен кездесу, кітапханалық квест, библиомикс, дөңгелек үстел, буккросинг, оқу марафондары, ақпарат сағаттарын т. б. іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз.
Аудандық кітапхана бойынша қазіргі уақытта кітап қоры 266 709 дана кітаптан тұрады. Қор құрамында әр түрлі сала бойынша және көркем әдебиет, шетел әдебиеттері, балалар әдебиеттерімен және өлкемізден шыққан тұғыры биік тұлғалар атап айтсақ, Сауытбек Ұсаұлы, Ж.Жантөбетов, Қ.Қазиев, Ә.Қалдыбаев, Б.Бодаубай, А.Бетбаев, Б.Исаева, А.Қосақов, Т.Молдақұлов, Т.Байқұлов, С.Мәлібеков, С.Мәдімәрұлының тәрбиелік, танымдық және эстетикалық мәні зор кітаптарымен толыққан.
Кітап – білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Қазір ғаламтор мен ұялы телефон дәуірі. Бірақ өздеріңізге мәлім смартфон, гаджетке тәуелділік – ми жұмысын шектейді, адам ағзасына зияны көп.
Кітаппен дос бол, кітаптың жомарт беттері …
Көзіңді тосар, адал дос одан жоқ тегі- дей келе барша оқырмандарымызды, жастарымызды кітапханаға келуге, кітап оқуға шақырамын!

Бағдагүл Алжанбаева,
Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.