«Міндетіміз – қауіпсіздік пен амандықты қамтамасыз ету»
Прокуратура Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Прокуратураның негізгі міндеттері – адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңмен қорғалатын заңды тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғау және қалпына келтіру. Сондай-ақ құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың заңдылықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күресу қызметін үйлестіруді жүзеге асырады. Сондықтан прокуратура органдарының қоғамдағы рөлін асыра бағалау мүмкін емес.
Осыған байланысты, біз Шу ауданының прокуроры Қайыржан Қуатбековпен кездесіп, өткен жылдағы жұмыс қорытындылары туралы сұхбаттастық.
– Қайыржан Еркінбекұлы, Шу ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жағдайы қалай?
– Шу ауданы – Жамбыл облысының халық тығыз орналасқан аудандарының бірі. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Қазіргі жағдайды талдау, қоғамдағы өзгерістер құқық бұзушылықтардың өсуіне әкелгенін көрсетеді. Алайда қабылданған шаралардың арқасында оң динамикаға қол жеткіздік.
– Қылмыстың деңгейін төмендету үшін қандай нақты шаралар қабылданды?
– 2024 жылы біз “Шу – қауіпсіз аудан” атты 2024-2025 жылдарға арналған бағдарламаны әзірлеп, бекіттік. Бағдарламаның негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтардың алдын алу арқылы олардың жасалу себептері мен жағдайларын жою.
Бағдарлама аясында біз қылмыс ықтималдығы жоғары орындарда патрульдеуді күшейттік, халықпен 700-ден астам түсіндіру іс-шараларын өткіздік, алдын алу іс-шараларына бюджет қаражатын бөлуді қамтамасыз еттік, учаскелік полиция пункттерін ұйымдастырдық және бейнебақылау жүйелерін қалпына келтірдік.
– Бұл бағдарламаның нәтижелері қандай?
– Нәтижелер бар. Қылмыс деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 8,2 пайызға төмендеді. Аса ауыр қылмыстар саны 6,3 пайызға, ауыр қылмыстар 19,3 пайызға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 11,3 пайызға, ал жеңіл қылмыстар 20 пайызға азайды.
Ауданымыздың табиғи ерекшелігін және орналасу аумағын ескере отырып, біз есірткінің заңсыз айналымымен күреске де ерекше назар аудардық. Бұл бағытта 1 360 гектар аумақтағы 480 тонна жабайы өсетін қарасора жойылды.
– Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Балалардың құқықтарын қорғау – біздің басымдықтарымыздың бірі. Осыған байланысты кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша мобильді топтар құрылды. Топ құрамына құқық қорғау органдарының өкілдері, педагогтар, психологтар кірді. Шу ауданындағы барлық орта және арнайы білім беру мекемелері қамтылды.
Жасөспірімдермен форумдар мен кездесулер өткізілді, есірткінің зияны туралы спектакльдер мен фильмдер көрсетілді.
Мектептер мен колледждердегі оқушылар арасында сауалнама жүргізу арқылы проблемалық контингент анықталды. Олармен мақсатты профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды. Осы жұмыс аясында ауданның бір орта мектебінде оқушылардан ақша талап ету фактісі анықталды, кінәлі адам жазаға тартылды.
Мектептердің аумағындағы бейнебақылау жүйелері прокуратураның қадағалау актілері негізінде ретке келтірілді. Бұл оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Кәмелетке толмағандардың тұрмыс жағдайы да назардан тыс қалмады. Ата-аналардың проблемалық мәселелерін шешуде бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс күн сайын жүргізіледі.
– Жол-көлік жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар қабылданды?
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция мен әкімдік жұмысы үйлестірілді. Автокөлік жолдарының проблемалы учаскелері анықталды, патрульдеу күшейтілді, қосымша жол белгілері, макеттер орнатылды және жолдарға сызықтар сызылды.
“IP Технологии” ЖШС-мен бірлесіп, Шу қаласындағы Сәтпаев көшесінде “Сергек” камерасы орнатылды. Болашақта толыққанды кешен орнату жоспарлануда.
– Қылмыспен күрестен басқа прокуратура қандай мәселелерді шешті?
– Мысалы, біздің жұмысымыздың арқасында алты елді мекеннің 19,8 мың тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді, ал 2 мың азамат тегін дәрі-дәрмек алды. Сондай-ақ, бес инвесторға жер учаскелерін алу және құжаттарды рәсімдеу мәселелерін шешуге көмектестік.
– Біздің ауданда жер тапшылығы, әсіресе жайылымдық жерлер жетіспеушілігі сезілетіні белгілі. Аудандық жер қорына жер қайтару бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Біз жерді пайдалану тиімділігіне талдау жүргіздік және мақсатына сай пайдаланылмаған немесе заң бұзушылықтармен пайдаланылған жер учаскелерін анықтадық. Нәтижесінде, аудандық жер қорына кадастрлық құны 146,7 миллион теңге болатын 7 653 гектар ауылшаруашылық жері қайтарылды.
– Алимент төлемейтін борышкерлермен күрес бойынша қандай шаралар қабылданды?
– Иә, біз әлеуметтік маңызы бар санаттағы, соның ішінде кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алименттерді өндіру бойынша орындау құжаттарын қамтамасыз ету шараларын қабылдадық. 2024 жылы қадағалау актілері бойынша 14 949 844 теңге алимент өндірілді.
Алимент төлемеу мақсатында борышкерлердің табысы мен мүлкін жасыру фактілері де анықталды. Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында борышкер үш кәмелетке толмаған баланы асырау міндетін 8 жылдан астам уақыт орындамағаны және 11,2 миллион теңге қарызы бары анықталды.
Борышкердің жер учаскесі анықталып, ол алимент қарызын өтеуге берілді.
Қабылданған шаралар жасырын мүлікті анықтауға және алименттік қарызды толық өтеуге мүмкіндік берді.
– Газет оқырмандарына не айтқыңыз келеді?
– Біз адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттегі ең жоғары құндылық ретінде қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысымызды жалғастырудамыз. Прокурорлық қадағалауда екінші кезектегі бағыттар жоқ. Біздің жұмысымыздың ең жоғары бағасы – халықтың сенімі.
Қазіргі IT технологиялар дамыған заманда интернет-алаяқтық әрекеттері ерекше қарқын алуда. Алаяқтар күн сайын азаматтардың сеніміне кірудің жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың айла-амалдарына бой алдырмауға шақырамын.
Аудан прокуратурасы азаматтарды күнделікті қабылдайды. Алдын ала жазылу талап етілмейді. Прокуратура ғимараты Төле би ауылындағы У. Асатұлы көшесі, 13 мекенжайында орналасқан.
– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!
Сұхбатты жүргізген Руслан ИСКАКОВ.