Жыл басынан бері 7 оқиға тіркелді
Жол – дала мен қаланы жалғап, ағайын мен бауырды табыстыратыны ақиқат. Алайда, үйінен үмітпен кеткен кейбіреулердің ғұмыры жол үстінде қиылып жатады. Тәртіп сақшыларының ескертпелері мен жүргізіліп жатқан жедел алдын алу шараларына қарамастан өзінің және өзгенің өміріне немқұрайды қарайтын жандар көлікті мас күйде тізгіндеп, кейбірі жылдамдықты шектен тыс асырып жатады. Олардың қатарына ұйқысын қандырмастан жолға шығатын жүргізушілерді қосыңыз. Статистикаға сүйеніп айтсақ, әлемде жыл сайын жол апатынан бір миллионнан аса адам көз жұматын көрінеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы елімізде 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев былтыр 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 25 мыңнан астамы ауыр және орташа жарақат алғанын айтып отыр. Апаттардың негізгі себебі де жоғарыда айтқан жылдамдықты асыру дейді төраға.
Өкінішке қарай, өңіріміздегі ахуал да алаңдатарлық болып отыр. Өйткені, Шу аудандық полиция бөлімінің ЖПҚб бастығының орынбасары Қанат Қуаныштың айтуынша, жыл басынан бері 7 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Оның бірінде жаяу жүргінші қаза тапқан. Сол секілді былтырғы қантар айында 2 дерек тіркеліп, 1-уі адам өлімімен аяқталған.
Бұл орайда аудандық полиция қызметкерлерінің еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Олар бар әлеуетімен тиісті шараларды қабылдағанымен, заңға пысқырып қарамайтындардың салдарынан 2024 жылы Шу ауданы бойынша 90 ЖКО тіркеліп, 133 адам жарақат алып, 20 адам қаза тапқан. Полиция капитаны Қ.Қуаныштың дерегінше қайғылы жағдайларға жүргізушілердің жол жүру ережелерін сақтамауы себеп. Олардың бірі мас күйде көлік айдаса, бірі жылдамдықты шектен тыс асырған.
– Біз әріптестерімізбен бірге бар әлеуетімізді қоғамдық тәртіптің сақталуына, жол-көлік оқиғаларын болдырмауға жұмсаймыз. Сонымен қатар, жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеміз. Мәселен, жыл басынан “Қауіпсіз жол” ЖПІШ өткізіліп, 89 хаттама толтырылды. Ал, жуырда өткізілген “Тасымалдаушы” ЖПІШ 76 хаттама толтырылды. Жыл басынан бері алкогольді ішімдік тұтынып көлік басқарған 3 жүргізуші ұсталып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды,-дейді Қанат Қайратұлы.
Бүгінгі таңда Шу қаласында жылдамдықты өлшейтін қос бейнебақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Айыппұл арқалаудан арқасы жауыр болғандар амалсыз жылдамдықты азайтып, “момақан күйге” түсіп жүргеніне талай мәрте куә болғанбыз. Оның үстіне ереже бұзғандарды тоқтатпастан тікелей айыппұл жазатын автокөліктердің арқасында темір тұлпар иелері сауысқандай сақтық танытып жүр. Жергілікті атқарушы органдардың жыл соңында дейін жылдамдық өлшейтін 19 бейнебақылау жүйесін орнатамыз деген ынтасы аудандағы ахуалға оң әсерін тигізеді деген ойдамыз. Одан бөлек, бақылау жүргізетін камералар қылмыс пен құқық бұзушылықты азайтып, Шу өңірін қауіпсіз ауданға айналдыратынына сенім мол.
Таяуда Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтіп, ведомство басшысы Ержан Саденов былтырғы жұмыстың нәтижесін талқыға салып, алдағы кезеңдерге арналған негізгі міндеттерді айқындап берді. Сонымен бірге министр 2025 жылды “Профилактика жылы» деп жариялап, оның тиімділігіне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің жақында берген сұхбатында Заң мен Тәртіп қағидатын жүзеге асыру қажетін ерекше атап өтті. Бұл әділетті Қазақстанның негізі болмақ. Одан бөлек, маңызды және нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, қылмыспен күрес, бандитизмнің алдын алу, қабылданған заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл. Осы бағыттарды жүзеге асыру – ел полициясының басты міндеті.
Бұл үдеден жергілікті полиция қызметкерлері де шығып, еншіміздегі жылдағы қиыншылықтарды оңай еңсереді деп үміттенеміз.
Байжан Емберді.