Ақпараттық портал

Ерліктің ерен үлгісі

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген сөзді тарихтың талай көшін басынан өткерген қазақтай өр халық бекер айтпаған. Заман қанша өзгерсе де, адамзат зердесінен өшпей, ұрпақтан ұрпаққа жаңғыра беретін оқиғалар мен тарихи сабақтар болады екен. Дүниені дүр сілкінткен ауған соғысы. 1978 жылы Ауғанстан жерінде ірі төңкеріс болып, ол елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің де қатысуымен ұзақ жылдарға созылды. 1979 жылы Кеңес әскерінің шектеулі құрамы Ауғанстанға кіріп, 10 жыл бойы қан майданның ортасында болды. Оған 22269 қазақстандық қатысып, оның 898-і майдан шебінде қаза тапты. 1015 отандасымыз елге мүгедек болып оралса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті.
Соғыста шығынға ұшырағандардың алдыңғы легінде біздің облыстың жастары да бар еді. Жамбыл облысынан 2000-ға жуық сарбаз қатысса, Шу ауданынан 156 жауынгер аттанған. Олардың арасында мейірбике қыздар да болды.
Қазіргі уақытта облысымызда 1300-ге жуық Ауған соғысының ардагерлері тұрады. Олардың қай-қайсысы болса да азаматтық және интернационалистік борышын барынша адал атқаруға тырысты. Ел намысын қорғауда аянып қалмады. Облыс көлеміндегі 12 жерлесіміз «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 150-ге жуығы «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Өкінішке қарай, М.Абдуганиев, Б.Таятаев, Х.Хашиджанов, А.Волощенко, Д.Өтепов, А.Қойлыбаев, Қ.Орынбаев сынды Шу өңірінен майданға аттанған жеті азамат жат елде қаза тапты. Олардың барлығы көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, бұл азаматтардың есімдері Қонаев ауылы, Шоқпар стансасы, Шу қаласындағы көшелерге берілді. Ал Төле би ауылының орталығындағы саябақ тағы бір Ауған соғысының қатысушысы М.Жүнісәлиевтің есімімен аталды. Тағы бір қаруласымыз Т.Махамадиев «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері болды. Шу ауданы бойынша 18 азамат «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Ауған соғысында мерт болған жамбылдық жауынгерлердің ерліктеріне арналып, «Боздақтар» атты кітап шықты. Қаза болған интернационалист жауынгерлердің ерлігін мәңгі есте сақтау мақсатында жауынгерлердің өздері оқыған Қонаев ауылы, Д.Өтеповке, Белбасар ауылы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте Б.Таятаевқа, Шу қаласы, Төле би атындағы орта мектепте Х.Хамиджановқа, Төле би ауылы, М.Мақатаев атындағы Тірек мектебінде А.Базыловқа арналған мемориалдық тақталар орнатылды.
Туған жеріне оралып, Ауған соғысынан алған ауыр жарақаттың әсерінен қайтыс болған азаматтардың саны 24-ке жетіп отыр. Қазіргі таңда бес жауынгердің мүмкіндігі шектеулі. Ауған жеріне бірінші болып енген лептің қатарында мен де болдым. 1979-81 жылдар аралығында Ауған жеріндегі жойқын соғыс барысында екі рет қоршауда қалып, екі рет минаға түстім. Әйгілі «Хара» операциясына белсенді қатыстым. Бұл жерден аман-есен шығамын деген ой менде мүлдем болған емес. Тек қараңғылықты пайдаланып, аман қалдым. Ал рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Н.Шорников дұшпанның қолына түспеу үшін өзін-өзі гранатамен жарып жіберген еді. Кейін оған «Кеңес Одағының батыры» атағы берілді. Сондай –ақ , Ресейдің Кемеров облысындағы әскери училищеге оның аты беріліп, алдына бюсті орнатылды.
Ауған соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазақ жігіттерінің ерлігі, өжет рухы әлі де толық насихатталмай келеді. Кеудесін оққа тосып, өз денесімен қарулас досын қорғап қалған қазақ жігіттері туралы күні бүгінге дейін толыққанды жазылған жоқ. Қазақ халқының жайшылықта момын болып көрінгенімен, сын сәтте сілкініп, ерекше қайсарлық танытатын қасиетін осы кезде таныдым. Мысалы, біздің бөлімде болған Ә.Ерниязов қазір генерал-майор, полковник Б.Қоқымбаев «Халық қаһарманы», Б.Ертаев Парламент Мәжілісінің депутаты болған.Олар өздерінің батырлығымен зор абыройға кенелді.
Ауған соғысы туралы көптеген фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылған . Солардың бірі – менің қарулас дос, қанды көйлек жолдасым, Ауған соғысы ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері қауымдастығының» төрағасы, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Парламент Мәжілісінің депутаты болған Бақтыбек Смағұлдың «Ауғанның от жалыны», «Мен көрген соғыс», «Қан кешкен күндер», Б.Ертаев туралы «Намыстың құлы – Алаштың ұлы» атты кітаптары жарық көрді. Бұл еңбектерде ерекше ерлік көрсеткен Ауған соғысының ардагерлері жайында жазылған.
Ауған ардагерлері үшін 2014 жыл ерекше болды. Өйткені, «Ауған асқан жауынгерлер» атты кітап жарыққа шықты. Ауған соғысы ардагерлеріне арналған Аллея ашылды. Бұл сәттер біз үшін майданда қаза тапқан боздақтарымыз ортамызға оралғандай әсер қалдырды. Олардың бәріне бюст орнатылды. Осындай игі істерді атқарған сол кездегі аудан әкімі марқұм Бақытжан Нұркеновке Ауған соғысы ардагерлері атынан алғысымыз шексіз еді.
Бүгінгі таңда ауған соғысы ардагерлерінің ең басты парызы – жастарымыз Отан сүюге адал да, адамгершілігі мол азамат болуға, тіліміз бен дінімізді қастерлейтін елінің патриоты етіп тәрбилеу.
Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын.
Бұралқы Шынарбеков,
Шу ауданы Ауған соғысы
ардагерлер кеңесінің төрағасы. Шу ауданының Құрметті
азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.