Есімі мен еңбегі мәңгі сақталады
Қазіргі Далақайнар ауылы тың мен тыңайған жерлерді игеру мақсатында астық өндіретін совхоз болып 1954 жылы құрылған еді. Кейіннен қосалқы шаруашылықтары, яғни мал шаруашылығы, қант қызылшасын өсіру және шошқа шаруашылығымен шұғылданған еді. Ауылдың алғашқы 40 жылдығы 1994 жылы, кейінгі 70 жылдығы былтыр тойланып, аталып өтті. Сол Кеңес одағы кезіндегі Далақайнар совхозының жеткен жетістіктері аудан, облыс, республика көлемінде танымал болғаны осы күнге дейін ел арасында айтылып жүр. Ауыз толтыра айтар жетістіктің қатарында жекелеген адамдардың да үлесі зор болды.
Мен әңгіме еткелі отырған аға шопан Оспанбеков Жарас Молдабекұлы өзінің саналы ғұмырында мал шаруашылығында табанды еңбек етіп, замандастары алдында көш бастап, қиындыққа мойымай күресе білген азаматтың бірегейі деуге болады. Ол ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Социалистік Еңбек Ері» атағының, әрі үш мәрте «Ленин» орденінің иегері.
Оспанбеков Жарас Молдабекұлы 1937 жылы Шу ауданы, Көкбастау ауылы (қазіргі Бөлтірік) ауылында дүниеге келген. Көкбастау ауылының «Бота-Борым» атты мектебінде білім алып шықты. Жарас Молдабекұлы алғашқы еңбек жолын 1955 жылы колхозда жұмысшы болып бастаған. 1957-60 жылдары Совет Армиясы қатарында азаматтық борышын атқарды. Жарас ағамыз 1961 жылы Шу аудандық су шаруашылығында жұмыс істеді. 1963 жылы отбасын құрған Жарас ағамыз жұбайы Бибіжар екеуі Далақайнар совхозына көшіп келді. Ол 1963 жылдан бастап Далақайнар совхозында аға шопан болып, қой бағып, зейнетке шыққанға дейін мал шаруашылығында еңбек етті. Өзінің еңбексүйгіштігі, бел буған ісіне жанашырлықпен қарауы нәтижесінде Жарас Молдабекұлы үнемі жоғары өндірістік жетістіктерге жетті, қабылданған социалистік міндеттемелерін табысты орындады. Тоғызыншы бесжылдықта қол жеткен еңбек көрсеткіштері үшін Жарас ағамыз екі рет «Ленин» орденімен наградталды. Оныншы бесжылдықтың алғашқы жылында Жарас ағамыз биязы жүнді әр 100 саулықтан 180 қозыдан, ал кейінгі екі жылда 150 қозыдан өсірді. 1976 жылдан бастап жоспардағы 3,2 келінің орнына отардағы әр қойдан 4,1 келіден жүн қырқуды қамтамасыз етті.
Оспанбеков Жарас СОКП-ның ХХV, КСРО кәсіподақтарының ХХІ съездеріне делегат болып қатысқан. Жарас ағамыз мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін үш мәрте «Ленин» орденімен марапатталып, 1976 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атанды. Кезінде әр қойдан 4,5 келіден жүн қырқып, аудан көлемінде бірінші орын алғаны үшін Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің «Алтын» дипломымен марапатталады. 1964 жылы «Еңбекке адал болғаны үшін» белгісі берілді. 1968 жылы партияға өтті. 1968 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттырудағы ерекше табыстары үшін КСР-нің Алтын кітабына енді. 1970 жылы КСРО халық шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін «Қола медалін» алды. 1979 жылы Жарас ағамыз Қазақ КСР-ның Шу аудандық сайлау округінде Ұлттар кеңесінің депутаты болып сайланды.
Жарас ағамыз саяси қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Шу аудандық партия комитетінің мүшесі. Облыс коммунистері Жарас ағамызды КПСС ХХV съезіне делегат етіп сайлап, үлкен сенім көрсетті. Сондай-ақ ол жас малшылардың тәжірибелі ұстазы бола білді. Өзімен бірге істейтін жолдастары арасында үлкен беделге ие болды. СССР Жоғарғы Советінің Ұлттар Советінің сайлау жөніндегі №157 Шу сайлау округінің еңбекшілері Жарас ағамызды СССР Жоғарғы Советінің депутаттығына өз кандидаттары етіп сайлады. Аудан орталығындағы М.Жүнісәлиев атындағы саябағында “Батырлар” аллеясында Жарас Оспанбековтың мүсін-бюсті орнатылған. Далақайнар ауылындағы ағамыз тұратын көшеге 1997 жылы 15 мамырдағы Шу ауданының өкімімен, аудандық мәслихаттың шешімімен «Социалистік Еңбек Ері», аға шопан Оспанбеков Жарас Молдабекұлы аты берілді. Ауылдағы Төле би көшесінің бойында, ауыл әкімшілігі ғимаратының алдында Жарас ағамыздың үлкен портреті бой көтеріп тұр, мұнда фотобейнесі және қысқаша өмірбаяны жазылған еді.
Жарас Молдабекұлы жұбайы Бибіжан екеуі отбасында үш ұл, үш қыз тәрбиелеп, 14 немере сүйген. «Социалистік Еңбек Ері» Жарас Молдабекұлы Шу ауданы, Далақайнар ауылында 1999 жылы 21 қаңтарда дүниеден өтті.
Әр адамның тағдыры әртүрлі. Елге еңбегі сіңген жандарды кейінгі ұрпақ есінде сақтауы тиіс. Сол себептен Жарас ағамыз 2023 жылы Қазақстанның «Алтын» кітабы энциклопедиясына еніп отыр. Өмір жолы бүкіл ұрпағына естелік болып қатталып, есімі мен еңбегі қазақ тарихында алтын әріптермен мәңгі сақталып қалары сөзсіз.
Әділхан Тоқтыбеков,
Далақайнар ауылы.