Өзге ұлт өкілдерімен жарқын кездесу
Өзінікін өзекке теппейтін, жатты жақынындай жарылқай алатын өр рухты халқымыздың өн бойында кеңпейілділік, қонақжайлылық, жомарттық қасиеттері тоғысқан. Содан болар, татулықтың талбесігінде тербелген текті еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерде өзге ұлт өкілдерін өгейсітпей, бірінен-бірін алаламай, бәрін бауырына басты. Қазақстан халқы өзге ұлт өкілдерін құшағына басып қана қойған жоқ, елімізде еркін өмір сүруіне жан-жақты жағдай жасады. Соның жарқын дәлелі, еліміздегі этносаралық ынтымақ пен қоғамдық келісімнің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына да биыл 30 жыл толып отыр.
Құтты қойнауымыздағы ықылым тарихымыздың айшықты бедері саналатын Қазақ хандығы құрылған жылдардан бері ұлтты ұйыстыра білген үш биіміздің әр аталы сөзінің түйіні тату тірлікке, берекелі бірлікке үндейді. Әлі де сол сара жолдан айныған жоқпыз. Тәуелсіздік алған жылдардан бері өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында да сол дара жолды дәріптедік. Былтырдан бері еліміздегі білім ошақтарының тәрбиелеу ісіне кіріктірілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасындағы 6 құндылықтың бір тармағы да «Бірлік және ынтымақ» деп аталуы тегіннен емес.
Тарихы тереңді бойлаған, өзіндік сүрлеуін қалыптастырған Шу жеріне де тағдыр тәлкегімен қаншама ұлт пен ұлыстар қоныс аударып, тарихи атамекеніне сіңісіп кетті. Қанша халық болса, әр халықтың өзіндік наным-сенімі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық құндылықтары болса, өзге ұлт өкілдері біздің өңірде де емін-еркін қанат жайып, өсіп-өнуде. Өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Қонаев ауылының ынтымағы көпке үлгі.
Аталған ауылдағы мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспарына сай «Бірлік пен келісім жолында» атты кездесу өтті. Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, яғни түрік ұлтының өкілі Тагиров Бинали Ильясович, татар ұлтының өкілі Каримов Мирзакир Шакирович, кәріс ұлтының өкілі Ким Клавдия Мироновна, ингуш ұлтының өкілі Вахрикаева Лейла Дзаудиновна келді. Жарқын кездесуде Д.Қонаев атындағы орта мектебінің директоры Ұлжан Оспанова сөз алып, өзінің ыстық ықыласын жеткізді. Бұл іс-шараның өтуіне аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Мамбетованың үлесі зор.
Кездесуде еркін пікір алмасу өрбіп, оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарды кеш қонақтарына қойып, тұщымды жауаптар алды. Кешке қатысқан әр ұлттың өкілдері қазақ жеріне қалай қоныстанғанын, ұлы халқымыз қалай қарсы алғанын тебірене айтып берді. Ойлап бақсақ, бұның бәрі тарих. Біздің бар үмітіміз тұлымды ұлдарымыз бен бұрымды қыздарымызда. Болашақтың іргетасы берік қалануы үшін “сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан” деп Абай атамыз айтқандай, әрқайсының өз орнын табуға күш жұмсауымыз керек. Сондықтан да осындай игі шараларды жиі өткізіп, кейінгі буынды адами қасиеттерге баулуымыз қажет.
Айғаным Асқарбек.