Өз мамандығының майталманы
Өнердің сан түрлі қырларының ішінде би өнері де осы салада өзіндік орынға ие болып, заман көшінен қалмай, халықпен бірге жасап келеді. Тарих тереңіне көз салсақ, әлем жұртын тәнті еткен қазақтың биші қыздары баршылық. Олардың көрнектісі бірнеше халықаралық би байқауларының лауреаты, Қытай елінің ең шебер бишісі атанған Шұғыла Сапарғалиқызы. Ол ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың арнайы шақыруымен атамекені – Қазақстанға келген соң Қазақстан Президенті оркестрінің бас бишісі, Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының балетмейстері болып, қазақ жастарының бойына би өнерін дарытуға айтарлықтай еңбек сіңірді. Ал, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Ізімқызы Талпақова дүниежүзі халықтарының көпшілігінің билерін үйреніп, қазақ сахнасына шығарған жан. Оның репертуарында қазақтың “Айжан қыз”, “Қос Алқа”, “Алмасқырғауыл”, өзбектің “Хорезм биі” және ұйғыр, кәріс, вьетнам, моңғол, үнді, мысыр, т.б. халықтардың ұлттық билері бар. Бірнеше шет мемлекеттерде гастрольдік сапарда болған ол 1968 жылы София қаласында өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды.
Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақстандық биші, балетмейстер Қадиша Ермекбайқызы Ағымбаева 1999 жылы «Наз» халық би ансамблін Астана қаласы мемлекеттік филармониясы жанынан құрды. 2007 жылы Астана қаласы әкімінің бұйрығымен бұл өнер ұжымы “Наз” мемлекеттік би ансамблі болып құрылды. Бүгінде театр Қазақстан Республикасының кәсіби би ұжымдарының ішінде алдыңғы қатардағы орынды алады. «Наз» би театры елімізде өтетін барлық мәдени-бұқаралық, мерекелік іс-шаралардың және өз елімізбен қатар шет елдерде өтетін ауқымды Азия ойындары, байқаулар мен фестивальдардың белсенді қатысушысы ғана емес, сонымен қатар Түркия, Мәскеу, Қытай, Оңтүстік Корея, Болгария, Грекия, Катар, Бельгия, Голландия, Франция, Араб және Норвегия мемлекеттерінде ұлттық би өнерін насихаттап, қазақ биінің сұлулығы мен сымбатын тамсандыра көрсетіп, тұғырын биік ұстап келе жатқан ұжым. 2003 жылы «Наз» халық билер ансамблі хореографтардың Новосибирск қаласында өткен II-ші халықаралық байқауының лауреаты атанды. Жоғарғы билік өкілдері тарапынан бірнеше марапаттарға ие болған.
Біз айтып отырған бұл есімдер би өнері саңлақтарының бірлі-жарымы ғана. Еліміздің атын алысқа танытып, есімдері тарихта қалған әлі қаншама көрнекті азаматшалар бар. Бұл өз кезегінде би өнерінің қоғамдағы, әсіресе мәдениет пен өнер саласындағы рөлінің ерекше екендігін аңғартады. Сол себептен болса керек, бұл өнердің жібі үзілмей, жыл өткен сайын жасарып, заман ағымына сай жаңғыруда. Мұны бүгінгі таңда жоғарыда есімдері аталған биші апаларымыздың ізін жалғап, жас буын өкілдеріне бидің қыр-сырын меңгертіп жүрген маман иелерінің жарқын істерінен айқын аңғаруға болады.
Бақытымызға орай, мұндай мамандардан біздің ауданымыз да кенде емес. Қазіргі уақытта Шу ауданында жеке кәсіпкерлік ретінде би студиясын ашып, бірқатар балғындарды би өнеріне баулып жүргендер қатарынан осы өңірдің 1987 жылғы тумасы Маханова Асель Абайқызын айтуға болады. Ол бірнеше жылдан бері ауданымыздың қыздар қауымынан құралған бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге би үйірмесінен сабақ беріп, талай талантты балаларды жақсы қырынан танытып келеді. Бастапқыда бірнеше жыл бойы Балалар мен жасөспірімдер орталығында үйірмеден сабақ беріп, аталмыш қосымша білім мекемесінде тәжірибе жинақтайды. Кейіннен, нақты айтқанда 2021 жылдан «Сырғалым» атты жеке кәсіпкерлігі арқылы қызмет аясын кеңейте түседі. Бүгінгі таңда мұнда 4 топқа біріктірілген 70 қыз баласы жазылған, яғни бір үлкен топ, бір орта топ, екі кіші топ бар. Оларға Асель Махановамен бірге Ақерке Хизатуллаева есімді би жетекшісі тәлім береді. Асель Абайқызының айтуынша, екеуі де жоғары білімді. Екеуі де жоғары оқу орнын «Педагог-хореограф» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Жеке кәсіпкерлік ретінде ашылған сәттен-ақ, «Сырғалым» би студиясының шәкірттері ірі байқауларда топ жарып, әрдайым жүлделі орындардан көрініп келеді. Мысалы, 2021 жылы қазан айында Түркістан қаласында өткен «Шалқыма» атты халықаралық би конкурсында өзі дайындаған екі би тобы бас жүлде мен екінші орынды еншілеп. Асел Абайқызы байқауды ұйымдастырушы «Талантты Қазақстан» ЖШС директорының дипломымен марапатталады. Ал, 2022 жылы Астана қаласында дәл осы серіктестіктің ұйымдастыруымен өткен би байқауында А.Маханованың жетекшілігіндегі 10-12 жас аралығындағы бишілерден құралған «Сырғалым» би тобы өзбек биімен бас жүлдені жеңіп алған. Осы жылы Алматы қаласында «Steps to the Stars» продюсерлік орталығы ұйымдастырған ХІІ-ші халықаралық би байқауында «Сырғалым» би студиясының бишілері «Ерке сылқым» биімен бас жүлдені иемденді. Сондай-ақ, өткен жылы Талдықорған қаласында өткен «ZHUIDYZ ART KAZAKHSTAN» атты халықаралық би байқауында «Сырғалым» би тобы заманауи бимен бас жүлдені жеңіп алып, республикалық және халықаралық байқауларды ұйымдастырушы ұйым тарапынан Түркия елінде, Ташкент қаласында және Ыстықкөлде өтетін халықаралық байқауға жолдаманы жеңіп алады. 2023 жылы Шымкент қаласында өткен «Кел, билейік» атты дарынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық байқау-фестивалінде шәкірті Құрам Айзере «Балерина» композициясымен бірінші орынды иемденіп, ал жетекшісі Асель Абайқызы ұйымдастырушы тараптың Алғыс хатымен және төсбелгісімен, ал «Сырғалым» би мектебі «Үздік мектеп» аталымымен марапатталды. Біз атап өткен бұл байқаулар халықаралық деңгейдегі байқаулар. «Сырғалым» би студиясының шәкірттері республикалық байқаулардың да түрлі деңгейдегі бірнеше марапаттарын иемденіп отыр. Соның бірі, 2024 жылы Алматы қаласында өткен «Жас жұлдыз» атты республикалық балалар өнер байқауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жас ұрпақты қолдап, қорғау – болашақты қорғау. Жастар – ел тірегі» деген ойын ұстана отырып, шәкірттерінің бойына білім мен біліктілікті қатар дарытқаны үшін ұйымдастырушылар тарапынан кәсіпкерлік иесінің Алғыс хатпен марапатталуы.
Асель Абайқызы жеке кәсіпкерлік ретінде өзінің жеке би студиясын ашпай тұрып, Балалар мен жасөспірімдер орталығында қызмет етіп жүрген кезінде де оның шәкірттері бірнеше байқауларда бақ сынап, оның басым бөлігінде жеңіс тұғырынан көрінді. Мысалы, 2019 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті ұйымдастырған «Би әлемі» атты республикалық байқауда Асель Абайқызы дарынды оқушы дайындағаны үшін университет ректорының Алғыс хатымен, 2020 жылы «Ғұмырдария» продюсерлік орталығы ұйымдастырған ХІІІ-ші республикалық «Менің Отаным – Қазақстан» атты өнер байқауына белсене қатысып, егемен еліміздің ертеңін ойлайтын, зерделі де, зейінді, қабілетті де қарымды, өнерлі шәкірт дайындағаны үшін ұйымдастырушы тараптың дипломымен марапатталған.
Жоғарыда атап өткен марапаттардың барлығы А.Маханованың жеке би студиясы ашылғанға дейінгі және кейінгі марапаттарының бірсыпырасы ғана. Мақала желісінде жазылмаған бұлардан басқа үлкенді-кішілі бірнеше байқаулардың жүлдегері болғандығын растайтын кубок, диплом, Алғыс хат, қаржылай сыйлықтың сертификаттары сынды марапаттар әлі де жетіп артылады. Олардың арасында Біріккен Араб әмірлігі, Түркия елдеріне жолдамалар да бар. Бұған біз сұхбаттасу үшін студиясына арнайы барған кезде айқын көз жеткіздік (жоғарыдағы сурет). Сонымен қатар, кейіпкеріміз 2018 жылы ауданымыздағы Балалар-жасөспірімдер орталығында қызмет етіп жүрген кезде республикалық «Алаш ұстазы» ғылыми-педагогикалық әдістемелік журналына материал жариялап, білім беру саласындағы өз тәжірибесімен бөліскені үшін «Алаш ұстазы» журналы бас редакторының Алғыс хатын еншілеген. Жергілікті балалар мен жасөспірімдерді өнер жолына бейімдеп, оларды биік шыңдарға жетелеп келе жатқан Асель Абайқызы өңірдегі қайырымдылық шараларға да үлес қосады. Оған қоғамға жауапкершілікпен қарап, қайырымдылық іске қосқан үлесі үшін Шу қаласындағы «Ерікті аналар КZ» қоғамдық қайырымдылық қорының Алғыс хатымен марапатталуы жарқын дәлел.
А.Маханова түрлі деңгейдегі байқауларға шәкірт дайындаумен шектелмей, ауданның мәдени өміріне де белсенді араласып тұрады. Нақты айтар болсақ, оның жетекшілігіндегі бірнеше би тобы ауданда өткізілетін мәдени шаралардың бел ортасында болып, қалың қауымға өз өнерлерін ұсынудан тыс қалған емес. Әрдайым ауданның мәдениет саласымен қоян-қолтық жұмыс жасап жүрген еселі еңбегін ескерген жергілікті билік өкілдері өткен жылы Асель Абайқызына Шу ауданы әкімінің 2024 жылғы қазан айындағы өкімімен «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыс етті. Адал еңбек ескерусіз қалмайды деген осы болса керек.
Жуырда ғана білікті би жетекшісінің шәкірттері тағы бір байқауда бақ сынап, кезекті рет жеңістің туын желбіретіп қайтты. Нақты айтқанда, ағымдағы жылдың 16 ақпанында Түркістан қаласында «Бала шабыты» халықаралық конкурс жобасы аясындағы «Тұран патшалары» атты дарынды балалар мен жастарға арналған байқауда үлкен, кіші және орта топтардан жалпы саны 50 қыз өнер көрсетіп, 11 би биледі. Нәтижесінде төрт бас жүлде, алты бірінші орын, бір екінші орынды иеленіп, жүлдегерлер ұйымдастырушылардың дипломдары мен кубоктарын және 50 мың теңгелік ақшалай сыйлықтың сертификатын қанжығаларына байлады.
Жас ерекшеліктері әртүрлі ондаған қыз баламен жұмыс жасау оңай шаруа емес. Оған қоса, олардың арасында бір-бір үйдің еркелері барын ескерсек, әрқайсысының тілін тауып, ортақ ойды ұстану асқан төзімділікті қажет ететіні анық. Асельдің бойынан төзімділік те, сабырлылық та табылады. Бұған өзге аймақтарға байқауға бара жатқан балаларды шығарып салу кезінде көптеген ата-аналар көз жеткізіп келеді. Осы тұста кәсіби би жетекшісі туралы ата-аналардың да пікірін білуге тырысқан едік.
– Менің шөбере қызым Кәусар бес жасынан осы би үйірмесіне қатысады. Қазір жасы сегізде. Үйірмеге қатысқалы бірнеше байқауларда өнерлерін ұсынып, оның басым бөлігінде жеңіс тұғырынан көрінуде. Көп жағдайда бас жүлде иемденетіндігін мақтанышпен айтқым келеді. Асель Абайқызын өз басым жоғары санатты, кәсіби биші деп бағалаймын. Сонымен қатар, алдындағы шәкірттерін өз балаларындай қабылдайды. Қазақстанның қай қаласына, қандай байқауға барса да, біз оған балаларымызды сеніп тапсырамыз да, өзіміз алаңсыз қала береміз. Өйткені, жас болса да оның жауапкершілігі мол. Сол себептен, шөберемнің би жетекшісіне алғыстан басқа айтарым жоқ. Дені сау болып, алдағы уақытта шәкірттерімен бірге биік белестерді бағындыра беруіне тілекшімін,-дейді жасы жетпістен асқан Бақыткүл Дыбысқызы есімді Шу қаласының тұрғыны.
Ал, Төле би ауылының тұрғыны болып келетін тағы бір ата-ана Есен Әлмешқызы: «Менің немеремнің «Сырғалым» би үйірмесіне қатысып келе жатқанына бір жарым жыл болды. Бір қарағанда, қысқа мерзім болып көрінгенімен, осы аз уақыттың ішінде немерем көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Оның бойынан мінезіне, өнеріне қатысты оң өзгерістерді байқап жүрмін. А.Маханованың балаларға жақсы қарайтынын ерекше атап айтқым келеді. Өткен жылы Талдықорған қаласында өткен байқауға немереммен бірге барып қайтсам, бұл жолы Түркістан қаласына бірге сапарлап, ризашылықпен оралдық. Асельдің ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығы, байсалдылығы тәнті етті. Қаншама ата-анасыз барған балалар жүр. Солардың барлығына бас-көз болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, ол кісіге алғысым зор»-деп сөз соңында жылы лебізін білдірді.
Иә, расында да соңғы рет Түркістан қаласына 50 қыз баламен барып келген Асель Абайқызы осыдан біраз уақыт бұрын Астана қаласына 85 баламен барып қайтқанын айтқанда, мұндай істі өзі секілді кәсібін шынайы жақсы көретін әрі бойында жауапкершілік сезімі жоғары жандар ғана алып жүре алатындығын ұғындық. Осыншама баланың жатын орны, қалаішілік көлік қатынасы, әр топтың сахналық киімі, сахнаға дейінгі дайындығы, ара-тұра қалаішілік экскурсия, демалыс орындарына апару сынды жұмыстар асқан жауапкершілік пен қырағылықты қажет ететінін ескерсек, Асельдің осы істегі тындырымды тірлігін кез келген ата-ана жоғары бағалайтынына сенім мол. Қандай ортада жүрсе де адамдық қалпынан айнымай, шығармашылық ізденіс арқылы шәкірттерін шыңдай отырып, биік белестерді бағындырып, сол арқылы аудан абыройын асқақтатып келе жатқан А.Маханованың алдағы тың мақсаттары мен бастамаларына сәттілік серік болып, жоғарыда есімдері аталған Шұғыла Сапарғалиқызы, Гүлжан Ізімқызы, Қадиша Ермекбайқызы сынды би өнері саңлақтарынын ізін жалғайтын білікті ізбасарлар көбейе берсін дейміз.
Динара Батырхаирова.