Ақпараттық портал

Жақсы тәрбие – мейірім мен шынайылықтың негізі

Ата-бабамыз ұл баланы елді қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, салт-дәстүрді сақтауға тәрбиелеген. Ежелден арқауы үзілмеген ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу ісі-мектептің де ұраны. Осыған орай «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру аясында Сәду Шәкіров атындағы орта мектебінде де жоспарлы іс-шаралар өтуде.
Соның дәлелі, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының «Даналық мектебі» жобасы аясында «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі осы жолдардың авторы және сынып жетекшілер А.Бекбай, М.Хакимованың ұйымдастыруымен өнегелі әкелермен кездесу өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – жағымды отбасының бейнесін дәріптеу, балаларды тәрбиелеудегі әкелердің рөлін күшейту, ізгілікті-рухани құндылықтар негізінде қоғамда белсенді азаматтарды қалыптастыру, отбасы, мектеп арасындағы ынтымақтастықты жандандыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Кездесуге келген әкелер бала жүрегіне жол тауып, санасын оятар кеңестерін ортаға салып, жағдаятты тапсырмалар орындап, білім алушылар “Әкешіме ақ тілек” айдарымен арнауларын жолдады.
Мектеп психологтары “Әке – жауапты лауазым” тақырыбында тренинг жүргізсе, Исабаев Берікбай ата өзінің өмір жолындағы тәрбиелік мәні бар естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа батасын берді. Мектеп директоры Кұндызай Жұмаханқызы жақсы тәрбие-бала жүрегіндегі мейірім мен шынайылықтың негізі екендігін тілге тиек ете отырып, жауапкершілік қасиеттерін бала бойына сіңіру-әрбір ата-ананың міндеті екеніне тоқталып, сондай-ақ іс-шараға атсалысқан әкелерге ризашылығын білдірді.
Сөзімді қорытындылай келе, бала-ата-ананың айнасы, оның болашағы біздің бүгінгі берген тәрбиемізге байланысты екенін атап өткім келеді. Сондықтан да бала тәрбиесінде қапы қалмайық…

Марияна Спанова,
Сәду Шәкіров атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.