Ақпараттық портал

Ботулизмнің алдын алу

Ботулизм – тамақтан уланудың аса ауыр түрі. Ботулизммен адам аяқ астынан, көбіне үй жағдайында дайындалған, қолдан жасалған, қақталған саңырауқұлақ, қияр, балық, баклажан, еттен жасалған консервілер, үйде дайындалған шұжықтар сияқты сапасыз тағамдарды ішіп-жегеннен кейін ауырады. Ботилинус микробы балық және мал етінің арасында, қайнатылып дайындалған шұжық ішінде, дұрыс зарарсыздандырылмаған консервілерде, яғни ауа бармайтын жерлерде жақсы өніп, жетіледі.
Ботилинус уы 10-15 минут қайнатқанда бұзылады, бірақ микробтың кейбір споралары 100 градус температурада 5 сағат қайнатқанда да бұзыла қоймайды. Ботулизм микробының споралары бар тағамды қайнату барысында оның уы бұзылғанымен, сақталып қалған споралары қолайлы жағдай туғанда қайтадан өніп, уы түзіледі. Ботулизм қоздырғышы бар тағамдардың, консервілердің ешбір бұзылғандық белгісі, жағымсыз иісі болмайды, консервілердің қақпағы, түптері көтерілмейді, сырт көзге сапасыз тағам сияқты көрінбейді.
Ботулизм уы адам қанымен органдарға тарайды, әртүрлі ткандердің жасушаларын зақымдайды, солардың ішінде алдымен нерв жүйесі қатты зақымданады. Аурудың алғашқы белгілері ботилинус микробы бар тағамдарды ішіп, жегеннен кейін 3-4 сағаттан соң, кейде 8-9 тәуліктен кейін басталады. Ботулизмге тән белгілер: ауырған адам әлсізденеді, басы ауырады, асқазаны толып, жүрегі айниды, құсады, үлкен дәреті жүрмейді немесе іші өтеді. Дене қызуы әдетте көтерілмейді. Ботулизммен ауырғанда нерв жүйесінің зақымдануының ерекшелігі сол, адамның көзінің көруі нашарлап, бұлдырайды, заттар қосарланып көрінеді, көздің қабағы түсіп, даусы қарлығады,тіпті даусы шықпай да қалады. Тамақтың жұтынуы және бұлшық еттерінің қозғалысы ауырлайды. Жүректің жұмысы нашарлап, көбіне оның соғуы жиілейді, ал жүрек соғуының баяулауы сирек болады, тыныс алу ауырлайды. Ботулизммен ауырған адам есінен айрылмайды. Адам тыныс алу орталығының параличінен өліп кетеді, ал ботулизммен жеңіл ауырған адамның өзі өте баяу айығады, тіпті мүгедек болып қалуы да мүмкін. Ботулизммен ауырған адамда иммунитет болмайды, сондықтан оның қайтадан ауруы мүмкін.
Ботулизмнің алдын алудың ең маңызды жолдарын айтатын болсақ олар:
1. Тағамдарды ботулизм қоздырғыштарының түсуінен қорғау.
2. Тағамдарды дұрыс қайнатып, пісіру.
3. Дайын тағамда микробтардың спораларының өнуіне, көбеюіне және олардың уының түзілуіне жол бермеу.
Ботулизм қоздырғыштары табиғатта (топырақта, жан жануарлардың тезек, жындарында) кең таралған. Сондықтан да шикізат алу кезінде тазалық сақтау өте маңызды болып табылады, яғни шикізаттарды жақсылап тазалап, ағын сумен ықтият жуу керек, мал сойған кезде ішек-қарындарын алғанда, тазалағанда абай, мұқият болу керек.
Үй жағдайында етті және балықты ауа кірмейтін ыдыста консервілеуге болмайды. Үй жағдайында ауа кірмейтін ыдыста топырағы қиын жуылатын, сәбіз, қызылша сияқты көкөністерді консервілеуге де болмайды. Сол сияқты саңырауқұлақтарды ауа кірмейтін ыдыста консервілеу өте қауіпті. Құрамында табиғи қышқылы аз көкөністерді консервілеу кезінде кездейсоқ түскен споралардың өнуін тоқтату үшін арнайы кышқылдар косу керек.
Сонымен қатар үй жағдайында консервілеу кезінде ыдыстарды, қақпақтарды және тағамдарды ыссылау тәртібін сақтау керек.Үй жағдайында дайындалған консервілерді салқын жерде, тоңазытқышта сақтап, қақпағы түптері көтерілген консервілерді сұрыптап тастау керек. Консервілерді пайдалану алдында қайнату, булау, қайта қайнату ботулизмнің алдын алуда өте маңызды шара болып есептеледі.
Тұрғындардың есіне! Ботулизмнен сақтану үшін тамақты үй жағдайында консервілеу кезінде тазалық ережелерін сақтаңыздар. Үйде консервіленген тамақтарды қолдан сатып алмаңыздар. Құрметті оқырман, өз денсаулықтарыңыз өз қолдарыңызда екенін естен шығармаңыздар.
А.Калисаева,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.