Ақпараттық портал

Жамбыл облысында Жұмысшы мамандықтар жылы салтанатты түрде ашылды

​Жамбыл облысында «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында Жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылуы өтті.
​«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өткен игі шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, басқарма басшылары, ЖОО-ның ректорлары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ ірі кәсіпорын өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.
​- Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
​Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Қарапайым еңбегімен адал табысқа жетіп жүрген мамандарға құрмет көрсетуіміз керек, – деген облыс әкімі Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылатын жобаларға тоқталып өтті.
​Өңірде биыл 37 инвестициялық жоба қолға алынады. Соның арқасында 1 300-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады десек, оның 91 пайызы жұмысшы мамандықтарына арналған.
​2025-2026 жылдары ІТ hub орталығын ашу, халықаралық салалық аккредиттеуден өту, кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысына мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандық ашу жұмыстары жалғасын таппақ.
​Облыс аумағында 42 колледж бар, онда 28 мыңнан астам жас білім алуда.
2022 жылдан бастап кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес мақсатты кадр даярлау жұмыстары жалғасуда.
​Мемлекет тапсырысы бойынша оқитын студенттер қатары артып келеді: соңғы үш жылда білім алған 8 мыңнан астам түлектің 86 пайызы жұмыспен қамтылған.
​Өңірге қажетті әрі сұранысқа ие кәсіптерді анықтау мақсатында жаңа мамандықтар атласы әзірленді.
​Бұдан бөлек, Мойынқұм колледжіндегі қолданыстағы «Дәнекерлеу ісі», «Электрмен жабдықтау» мамандықтары жаңғыртылады.
​Жаңа оқу жылында «Гидрогеологиялық және инженерлік геология», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандықтарын ашу жоспарлануда.
​Алдағы уақытта атом электр станциясы құрылысына қажетті кадр даярлау жұмыстары қолға алынбақ.
​- Аймақтың дамуы еңбек адамдарының қолында! «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асатын жобалар – өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің өркендеуіне серпін берері анық, – деді Ербол Қарашөкеев.
​Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Ерасыл Үсенов: Мен Президентіміздің «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын қолдай отырып, жастарды ерінбей еңбек етуге, үздіксіз білім алуға, өз кәсібін жетік меңгеруге, еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгуге шақырамын!
​- Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының негізі. Дәнекерлеу ісі – тек ауыр еңбек қана емес, сонымен қатар, шыдамдылық пен дәлдікті қажет ететін өнер. Мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді Жамбыл индустриалды технологиялық колледжінде «дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша білім алатын жалғыз қыз Виктория Маркова.
​Сондай-ақ «Казфосфат» тау-кен өңдеу комбинаты «Шолақтау» ЖШС-нің директоры Құдиярбек Омаров пен «Казфосфат» ЖШС «Көксу» кешенінің қызметкері Акпар Амангелдиевке сөз берілді.​
Жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылуында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмыс беруші кәсіпорындардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар колледждердегі оқу бағдарламаларымен танысып, кәсіптік білім берудің заманауи мүмкіндіктерін көрді.
​Ғылыми эксперименттер, мастер-класстар, шеберлік сабақтары өтті.
​Сонымен бірге 30-дан астам кәсіпорын бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұсынса, келіссөз алаңында колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайтуға, түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ кадрларды даярлау ісін жандандыруға бағытталған 8 меморандумға қол қойылды.
​Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.