Арулар құрмет құшағында
Жұма күні аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтіп, соңы мәдениет және өнер қызметкерлерінің «Ана жүрегі» атты мерекелік сазды бағдарламасына ұласты.
Мерекелік шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Жиын шымылдығы вокалдық квартеттің орындауындағы әсем әнмен ашылып, кейін аудан басшысы мінберге көтерілді.
Ақ жаулықты аналарды, аяулы аруларды, қаракөз қарындастарды төл мерекесімен құттықтаған Бақытжан Оразалыұлы жүрекжарды лебізін жеткізіп, қыз-келіншектердің өңірдің дамуына қосып жүрген үлестерін жоғары бағалады.
– «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген дана сөз тегін айтылмаған. Бүгінде сіздер сымбатты болмыстарыңызды сақтай отырып, шаңырақтың шырайын келтіретін аяулы ана, адал жар, үлгілі қызметкер рөлдерін қатар алып жүрсіздер.
Бүгінде ардақты аруларымыз кәсіпкерлік пен саясатта, білім мен денсаулық саласында, ғылым мен өнерде биік белестерді бағындырып, ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Әрбір шаңырақтың шаттығын жарастырып отырған аяулы жандарға құрмет көрсету – әр ұрпақтың перзенттік парызы,-деді.
Сондай-ақ облыс көлемінде, аудан шеңберінде белсенді қызмет етіп, қоғамның кемелденуіне күш қосып жүрген нәзікжандарға марапаттарын тапсырды. Олардың қатарында облыстық және аудандық деңгейдегі марапаттар бар.
Мұнан кейін құттықтау сөз кезегі аудандық мәслихат төрағасына берілсе, өз кезегінде Жасұлан Әлкенұлы бірқатар ханымдарға ауданның Құрмет грамотасын берді.
Марапаттау рәсімінде «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков те тиісті марапаттарды өз иелеріне тапсырды.
Салтанатты жиыннан кейін аудандық мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері мен күміс көмей өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекенің шырайын келтірді.
Сазды бағдарлама репертуарында мереке иелері мен махаббатқа арналған әндер шырқалды. Әсіресе, вокалдық аспаптық ансамблінің орындауындағы әндер жүректерге жол тауып жатты.
Байжан Емберді.