Ақпараттық портал

Мейірімді жүректің иелеріне арналған мереке

Әлемнің жарығын сыйлаған асыл аналарға бүкіл адамзат бас иеді. Қасиетті хадистің өзінде “Жұмақ ананың табанының астында” деуі аналарға деген шексіз сый-құрметтің белгісі. Ана десе тебіренбес жүрек, жыр ағытпас кеуде жоқ шығар, сірә?! Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді деп текке айтпаса керек-ті. “Алып анадан туады” демекші, қандай ұлы кемеңгер болса да, анадан туған. Үлкен жүректің иесі болып жүрген аналар бауырынан шыққан баласын қандай болса да бар пейілімен жақсы көреді.
Сондықтан әйел затын әспеттеп, әлемнің бар асылын, жақұтын беріп, ең жақсы сөздерді арнасақ та аздық етеді. Тек 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні ғана емес, жыл он екі ай жүрегі кең жанашыр жандарымызды сый-құрметке бөлесек, бақыттың бастауы сол болмақ.
Десе де мерейлі мереке қарсаңында нәзік жанды аруларымызға лайықты құрмет көрсетіп, құшағын гүлге толтырып, езуіне күлкі үйірту-жылдағы дәстүріміз. Соның жарқын бір көрінісі, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаеваның ұйымдастыруымен аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалардың әжелеріне арналған “Аяулы ана” атты мерекелік жиыны өтті.
Мерекелік отырыстың ашылуында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Амангелдіқызы сөз алып, мейірімді жүректің иесі аналарымызға арнап ақ тілегін ақтарып, 16 әжеге сыйлық табыстады.
Отырыста аяулы әжелерімізге ақ дастархан жайылып, емен-жарқын әңгіме өрбіді. Мерекелік отырысты жоғарыда аталған бөлімнің психолог маманы Балжан Мадымарова жүргізіп отырды. Ең алдымен әжелеріміздің көңілі бір серпіліп қалсын деген ниетпен бөлім қызметкері ана туралы әнді шырқады. “Ауылдың алты ауызы” демекші, әжелеріміз де қалыспай ән шырқады. Мұнан кейін логикалық сұрақтарға құрылған қызықты ойын өтті. Бөлім қызметкері Балжан Берікқызы қабырғадағы үлкен ағашта жабыстырылып тұрған алма жемісінің астындағы жасырылған сұрақтарды әжелерімізге қойды. Кей сұрақтарға әжелеріміз әу баста тосылып қалғандай болып еді, кейіннен логикалық сұрақтарға машықтанып, дұрыс жауаптарын айтып отырды. Сұрақтар қызық болғаны сонша әжелеріміздің екі езулері жиырылмады. Күнделікті күйбеңнен, жадау тіршіліктен бір ауық сейілгісі келген аяулы жандар сәні мен салтанаты келіскен мерекелік отырыста бір серпіліп қалды.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.