Ақпараттық портал

«Мереке болғаны үшін емес, ерекше болғаны үшін асыға күтем»

Біздің қазақ халқында ғана емес, әлем елдерінде әр күннің өзіндік бір сыры, өзіндік бір сыны, өзіндік бір сипаты бар. Сол бір датада, сол бір күнде тарих таңбаланады, ол бүтіндей бір ұлтқа ортақ болады. Бұған қоса, бір шаңырақтың өзінде де қызылмен белгіленетін ерекше күн болып жатады, онысы сол әулеттің құрмет тұтар күніне айналады. Сол секілді тарихы тым тереңнен тамыр тартқан 8 наурыз-Халықаралық әйелдер мерекесі жалпы ұлтқа ортақ мереке болса да, кейбір жекелеген адамдар үшін естен кетпес әсер қалдырған ерек күн деп айтуға негіз бар. Бүгінгі кейіпкерлеріміз “8 наурызды асыға күтемін, бірақ мереке болғаны үшін емес, мен үшін ерекше сәт сыйлағаны үшін” дейді. Бірі дәл осы мерекемен тұспа-тұс келген күні өмірге перзент алып келсе, бірі дәл осы күні өмірлік жарымен отау тіктеген, енді бірі сүйгенінен алғаш сыйлық алған, бірінің отбасы үшін бір жақсы жанмен толыққан күн. Әр кейіпкердің өз баянының тарихы бар…
Ендеше сіз де оқып, әсер алыңыз…

Сайраш Тойшыбекова,
Бірлікүстем ауылы:
-“Қай жерде, мейлі, қай елде. Әлемнің мәні – әйелде” деп Жүрсін Ерман ағамыз жырлағандай, дүйім дүниенің, жалпақ жалғанның бар асылы аналарға арналғандай. 8 наурыз мерекесін барлық әйел заты асыға күтеді. Осынау көктемнің шырайлы күнінде нәзікжандылардың құшағын гүлге толтыратын, көңілін қуанышқа бөлейтін мерекеде кім-кім де болса сыйлық алғанды ұнатады. Әсіресе, ол сыйлығы сүйген жарынан болса, мың бақыт. “Махаббатсыз дүние бос” деп Абай атамыз жырлағандай, сезім кернеп, жүрек тербеп отырған бір жаймен бөліссем деймін.
Ол әсерлі сәт дәл осы 8 наурызда орын алған болатын. Бірлікүстем жұртшылығы тегіс біледі, мен өмірлік серігім Жомарт есімді азаматпен сонау 8-ші сыныпта оқып жүргенде-ақ танысып, көңіліміз жарасқан еді. Әріге көз салсам, 1985 жылдың 23 ақпанында Жомартпен жүздесіп, жақыннан таныстық. Кейіннен біздің ауылға қонақ болып келгенде маған сыйлығын ала келген екен. “Бұл ненің құрметіне?” дегенімде “8 наурыз мерекең ғой, соған кішігірім ілтипатым, қабыл ал” деген еді. Сол сәтті, сол сыйлықты ұмытпаспын. Жалғанда маған берілген сыйлықтардың ішіндегі ең бағалысы сол сыйлық деп айтар едім. “Құдай-ау қайда сол жылдар?! Махаббат қызық мол жылдар” демекші, қайта айналып сол сәттің келмесін білсем де, еске алған сайын елжірей түсемін.
Жомарт екеуміз қыз-жігіт болып, қол ұстасып 3 жыл жүргеннен кейін ол азаматтық борышын өтеуге әскерге аттанды. Оған деген адалдығымнан болар, Жомартты 2 жыл күттім. Ол әскерге кетсе де ғашықтық хат алмасып тұрдық. Аман-есен әскерден оралған соң отау тіктік. Екеуіміздің ыстық махаббатымыздан асықтай үш ұл дүниеге келді. Өкініштісі, жұбайымды сұм ажал ортамыздан ерте алып кетті. Жомарт десе, жомарт еді. Атына лайық азамат бола білді. Тәуелсіздік алған 1991 жылы шаңырақ көтеріп, екеуіміз жұбымыз жарасып 22 жыл бірге өмір сүріппіз. Дархан, Данияр атты ұлдарымның келіншектері аттас, екеуінің де аты Айгерім. Айгерім атты келіндерімнен 5 немере сүйіп отырмын. Кенже ұлым Еламан да өз алдына отау тігіп, келін алса деген тілегімді күні-түні тілеумен отырған бақытты анамын. Еламан әкесінің жолын жалғап, жеке шаруа қожалығының жұмысын дөңгелетіп отыр. Барша әйел затына бағасы биік ғұмырда бағалы болса деген тілегімді арнаймын! “Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат таусылмайтын әңгіме” деп Шаханов жырлағандай, қылықты қыздарымыз жұптарын тауып, мәңгілік махаббаттың дәмін татсын. Шуақты көктемнің шаттыққа бөлер мерекесі құтты болсын!

Аусанкүл Тілеужанова,
Абай ауылы:
-8 наурыз күні Әйелдер мерекесі жақындағанда жер-жердің барлығында анаға арналған ең ізгі іс-шаралар орын алып, көбінесе “Әлемнің жарығын сыйладың сен маған” деп басталатын Шәмшінің әнін әуелете шырқап жатамыз. Ана атын аспанға асқақтата ардақтаудың баға жетпес өлшеміне айналған өміршең әндегі “Есейіп кетсем де мен саған сәбимін” деген жолдарды айтқанда тебіренбейтін жан жоқ шығар, сірә?! Мен де дәл осы аналардың мерекесіне айналған 8 наурыз күні Мереке атты қызыма әлемнің жарығын сыйлап, өмірге әкелген едім. Содан бері міне табаны күректей қырық жыл да өте шығыпты.
Адам баласының өмір өткелдерінде кейінгіге көз тастағанда естен кетпес естеліктері қылаң беріп жатады. Ана деген құдіретті есімді арқалап жүрген кез келген әйел заты өмірге перзенттерін қалай әкелгенін әсте ұмытпаса керек, мейлі ол он баланы дүниеге алып келсе де, әрқайсының орны ерек. Мен сүт кенжем Мереке қызымды 1985 жылдың 8 наурызында дүниеге әкелдім. Босанатын күнім асып кетіп, ауруханаға алдын ала жеткізілген болатынмын. Дәл 7 наурыз күні асыл ерім Жайсан өзінің досы сол тұста бас инженер болып қызмет жасайтын Досымбаев Нұрболатпен бірге ауруханаға мені мерекеммен құттықтауға келген екен. Екеуі үндік деп жатамыз ғой, күркетауықтың етінен қуырдағы бар, қолдарында “советский шампанскийі” бар алып-ұшып келіпті. Жұбайымның жолдасы Нұрболат “екеуіңнің армандарың өмірге қыз әкелу ғой, бұйыртса қызды болыңдар” деп тілегін айтқан болатын. Содан екеуі малды ауылға жол тартып кетеді.
Мен ата-енемнің қолында тұратын келін едім. Ауылдағы ағайындас қайын інім Уәшірхан мен келінім Ғазиза мен перзентханадан шыққанша ата-енеме қолғабыс етіп, ас-суын дайындап беріп жүрді. Мені де перзентханадан шығарып алғаннан кейін малды сойып, қалжа етімді беріп, күтіп-баптап үйлеріне қайтқаны әлі есімде. Отбасымыздың әр қуанышына ортақтаса білетін қайын інім Уәшірхан “8 наурызда босандың ғой қызымыздың есімі Мереке болсын деп” сүт кенжеміздің атын Мереке қойған еді. Өмірге 3 ұл, 2 қыз әкелген ардақты ана, аяулы әжемін. Үш ұлдың ортасында туған Айгүл қызымнан кейін қызыма серік болса екен деп жүріп он жылдан кейін өмірге әкелген Мереке қызым қазір Қарағанды қаласында тұрады. Әр жыл сайын 8 наурыз – Аналар мерекесінде шаңырағымызда қос мереке аталып өтеді. Міне, біз әйел заты қарапайым сәттерден де көңіліміз марқайып жүретін жандармыз. Бар қазақ қыздарының әр күні мереке болып, құшағы гүлге тола берсін!

Рәткүл Әліпбаева,
Бірлікүстем ауылы:
-Қазақ әйелдерінің жиынтық образын көркем бейнелеп берген Қадыр Мырза Әлінің “Бәрі де ана бір өзіңнен басталды” деген өлең жолдарын оқығанда ананың абыройын асырар барлық сәттер ойға оралатыны бар. Дәл осы өлеңде “Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды”, “Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды” деген оралымды ойлар соның айғағы. Тұңғыш, алғаш деген сөздер қандай құдіретті болса, біз алғаш ананың аялы алақанын сезінеміз, алғаш ақ сүтін емеміз, алғаш қадам басқанда да жетектейтін сол анамыз. Қазір мен де өмірге перзент алып келген анамын.
8 наурыз – Әйелдер мерекесін қалай күтсек, осы күнді еселер тағы бір қуанышым-ұлымның өмірге келуі. Сол үшінде тіршілікке жан бітірер көктем айын ерекше жақсы көремін және асыға күтемін. Сонау 1982 жылы 8 наурызда Жандос атты ұлымды жарық өмірге әкеліп, жаным жадыраған сәтті есіме алып отырмын. Содан бері міне 43 жыл өте шығыпты. Қазір бәрі өзгерген, жаңа әрі жақсы сипат алған.
Шіркін, ол кезде перзентханаға қазіргі жас аналар сияқты сән-салтанатымыз келісіп бармаушы едік. 8 наурыз күні аяқ астынан толғағым қысып, “Газ-53” маркалы көлігімен селк-селк етіп ауруханаға жеткен едім. Ол тұста перзентханаға түскен аяғы ауыр әйелдердің барлығына бірыңғай халат, бірыңғай аяқ киім беріп қоятын. Жаңа дейсіз бе?! Жо-жоқ… Сарғайып, өңіп кеткен халат, екі аяққа екі түрлі өлшемде аяқ киім. Сағат үштен ауғанда шыр етіп өмірге Жандос атты ұлым келді. Ол кезде қазіргідей баланың жынысын айтатын “УЗИ” аппараты да жоқ. Сонда қолана баламды босанғанда “вот тебе девочка” деп қалғанда, “е, өмірге қыз әкеліппін ғой” деп қоямын. Сөйтсем, қызығы сол өмірге ұл әкелген екенмін. Қазіргі аналар босана салып, 1-2 күнде жағдайы жақсы болса шығарыла береді ғой, ол заманда біз баланың кіндігі түскенше жататынбыз.
Ойды ой қозғайды демекші, сол сәттерді еске алған сайын үсті-үстіне сол кездегі қызықтар көз алдыма елес беріп жатыр. Бәрінен қызығы, ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Жолдасым ауылдың конторынан қоңырау шалып, “әйелім кім босанды?” дегенде “вот тебе девочка” дегенді айтқан ғой. Содан күйеуім “Әйелім қыз босанды” деп қуанып, екі күн бойы жуып кеткен екен. Перзентханадан шығатын күн жақындағанда жұбайым үйден қолына іліккен киімдерді алғанда, аяқ киімімді ұмытып кетіпті. Сол перзентхана берген бір аяқтың өлшемі 36 болатын, келесі аяқтың өлшемі 40 болатын аяқ киімді киіп шыққаным әлі есімде. Қазір соны ойласам, езуіме күлкі үйіріледі.
Кейінгі жылдары 8 наурызда өмірге сәби әкелген аналарға үкімет тарапынан сыйлық беріп жатады ғой. Қазір кеңшілік заман, соның қадіріне жастарымыз жетсе екен деген тілегім бар. Өзім 36 жыл Бірлікүстем ауылындағы Домалақ ене мектебінде ұстаздық қызмет атқардым. Тәуелсіздік алған жылдардан былай қарай ағартушылық қызметіміз еленіп, түрлі марапаттарды алып жатырмыз. Ауылдағы Аналар алқасының төрайымы болып қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келе жатқаныма 6 жылдан асыпты. 8 наурыз күні өмірге әкелген Жандосымның жары Әсия қас-қабағымды бағып, күтіп-баптап отыр. Ал мен олардан көрген немерелеріме ертегі айтып, өнегесін көрсетіп отырған әжемін. Осы сәтті пайдаланып шуағын шашқан көктемде шаттыққа бөлейтін мерекемен барша аналарды құттықтағым келеді.
Айнұр Байдахметова,
Бірлікүстем ауылы:
-Текті халқымызға төрт мезгілдің табиғатының тосын сыйын көруге жазғаны, шын бақыт емес пе?! Соның ішінде әсіресе көктем мезгілі ерекше. Жылғалардан су ағып, жер қарайып, тіршілік оянар осы бір мезгілде қыз біткен құлпырып, қыздарымызға жігіттеріміз мойын бұрып жатады. Көктемнің алғашқы айы наурыз бойына мерекеден-мерекеге ілініп, думандатамыз. Ал, сол 8 наурызды қыз біткен асыға күтсе, бұл күннің де мен үшін мәні бөлек.
1993 жылдың 8 наурызында Көкқайнардан Бірлікүстемге қыз болып қыдырып келіп, келін болып тұрақтап қалдық. Ауылдың мәдениет үйіне мерекелік концертке келгенімде жұбайым Жұманәлі бір көргеннен ұнатып қалып, алып қашып кеткен болатын. Содан бері 32 жыл өтті. Отау тігіп, өмірге төрт перзент алып келдік. Тағдыр табыстырған 8 наурыздың сол күні отбасымыз үшін ерекше есте қаларлық күн. Әр күн, әр сәт бағалы, әрине. Сөйте тұра, жақын жанмен табыстырған күн күнтізбемізде қызылмен белгіленген айрықша дата деп білемін. Алдағы 8 наурыз мерекесінде де тағдырлар тоғысып, гүл сыйлаған жігіттер үміт еткен ғашықтарымен сөз байласар жақсы күн болсын!

Сержанкүл Әметқызы,
Төле би ауылы:
-Шеті жоқ, шегі жоқ мейірімнің иесі мейірбан аналардың мерекесі шексіздікке баланған сегіз санына белгіленгені кездейсоқтық емес. Шексіз махаббаттың лайық иесі Құдай болса, одан кейінгі орында ойып тұрып орын алар жан, ол-Ана! Баласы түгіл даласы түгел сыйып кететін жүрегінің кеңдігі өзегінен шыққан өз баласын ғана емес, өзгенікін өзіндей көре алатын жүрек иесі ол. Содан болар, ата дәстүріміздің сөздік қорында “өкіл ана”, “кіндік шеше” деген тіркестер кездесіп жатады. Туған анадан ерекшелеп, өкіл ана деп атау қойғаны болмаса өз баласындай көріп жақынының перзентін бауырына басып жүрген әйел заты әлемнің асылы емес пе?!
Сегізінші кереметке баланған сегізінші наурыздың иесі болып жүрген біз үшін бұл күннің орны тым тереңде. Жекжат болып араласып жүрген жақынымыздың қызы Раяна атты өкіл қызымның туған күні дәл осы 8 наурызда. Сегізінші наурызда дүниеге келген қызым сегізінші сыныпта оқиды. Жәннаттың сегіз қақпасының бір атымен аты аталған қызымды және оның анасы Зинат құрбымды 8 наурыз – Әйелдер мерекесімен құттықтаймын! “Аспанға жазам сенің есіміңді” деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай асқақ қалпы бар асыл аналарымыз ардақтала берсін!

Асел Кадырова,
Төле би ауылы:
-Тар құрсағын кеңейтіп, тас жүрегін жібітіп, алпыс екі тамырын идіртіп, жарық әлемге жаңа өмір сыйлайтын жан бар болса, ол – Ана! Алладан кейінгі құдіретке балап, Жәннатты табанының астынан іздейтін ананы әрқашанда тебірене жырлаудан жалықпаймыз. Мен де анамын, күміс алқалы анамын, мен де көктемнің алғашқы айымен тұспа-тұс келетін 8 наурыз – Әйелдер мерекесін асыға күтемін. Бір қызығы, 2020 жылы дәл 8 наурыз күні өмірге қос перзентімді әкеліп, өзіме үлкен сый жасағаным – Алланың шеберлігі дер едім.
Ең алғаш құрсақ көтергенімде “УЗИ-де” сізде егіз деп айтқанда сенер-сенбесімді білмей есеңгіреп жүрдім. Тағы бір мәрте “УЗИ-ге” түскенімде нақтылап тұрып, егіз ұл босанасың дегенде қуанышым көкке жеткендей күйде болдым. Бірақ егіздерімді тоғыз ай тоғыз күнін толтырмай, мерзімінен ерте жоспарлы кесір тілігімен босандым. Босанатын күнді дәрігерлер алдын ала белгілеп, “8 наурыз күні кесір тілігімен босандырып аламыз” деп айтқанда “8 наурыз қыздардың мерекесі ғой, менікі егіз ұлдар еді, күнін өзгертуге болмай ма?” дегенім бар. Сөйтіп, 8 наурыз күні егіз ұлды дүниеге әкеліп, жұбайымның анасы оларға Сұлтан және Ахмет деген есімдерді қойды.
Қазір, қос құлыншағым құлдыраңдап қатар өсіп келе жатыр. Бұрындары егіз, үшемдерді дүниеге әкелсе, таңқалатын едік. Қазір статистикалық мәліметтерге жүгінсек, егіздердің саны артуда. Қазағымның қыздары мойнына күмістен, алтыннан алқа тағуда. Үкімет те көпбалалы аналарға жағдай жасап жатыр. Күміс, алтын алқалы аналарымыз бір реттік сыйақы алып, төбеміз көкке бір елі жетердей қуанудамыз. Бастысы, мойнымызға таққан күміс, алтын алқаның нағыз иелері перзенттеріміздің мойнымызға асылғанынан артық бақыт бар ма?! Алтын құрсақты аналарымыз көп болып, еліміз өсіп-өркендей берсін!
Дайындаған Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.