Ақпараттық портал

Келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау

Қазақстандағы келісімшарт бойынша әскери қызмет – бұл мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшінің өзін және оның отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ете отырып, перспективті кәсіби өсуге арналған беделді жұмыс.
Келісімшарт бойынша әскери қызметтің мүмкіндіктері мен артықшылықтары:
– мемлекеттік қызмет өтілі;
– мансаптық өсу;
– тегін және жеңілдікпен оқу;
– әлеуметтік төлемдер мен кепілдемелер;
– тұрғын үймен қамтамасыз ету;
– шынығу және дене сапасын дамыту;
– тұрақтылық пен келешекке сенімділік;
– отбасын қолдау және әлеуметтік қорғау;
– еңбек өтілі бойынша зейнетке шығу.
Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келіп, қажетті мәліметтерді алуға болады.
Әлеуметтік қамтамасыз ету
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілер мемлекеттің қамтылуында болады. Әскери қызметшілер ақшалай ризықпен, заттай және басқа да мүлікпен қамтамасыз етіледі. Тұрғын үйге мұқтаж адамдар әскери қызмет өткеру кезеңінде мемлекет есебінде тұрғын үймен және тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етіледі. Коммуналдық қызметтер шығындарын төлеу қарастырылған.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге 2 лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, жылдық негізгі демалыс беріледі.
Әскери қызметшінің қызметі бойынша ауысқанда, стационарлық емделуге барғанда және кері қайтқан кезде мемлекет есебінен теміржол, әуе, автомобиль көлігімен жол жүруге де құқығы бар.
Медициналық қамтамасыз ету
Әскери қызметшілерді және олардың отбасы мүшелерін әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Егер әскери қызмет өткеру орнында мұндай ұйымдар болмаса, онда медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, азаматтық Денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және (МӘМС) шегінде көрсетіледі.
МӘМС жүйесінде әскери қызметшілер қорға жарналар төлеуден босатылған, сонымен бірге сақтандырылған болып табылады.
Зейнетақымен қамсыздандыру
Әскери қызметшілер еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақымен қамсыздандырылуға жатады:
1. әскери қызметте кемінде жиырма бес жыл еңбек сіңірген және қызметтен шығарылған кезде қызметте болудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті жасына жеткен адамдар;
2. әскери қызметте кемінде жиырма бес жыл еңбек сіңірген, штаттың қысқартылуы немесе денсаулық жағдайы бойынша жұмыстан босатылған адамдар;
3. жиырма бес және одан да көп жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның кемінде он екі жылын және алты айын үздіксіз әскери қызмет құрайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін не штаттардың қысқаруы немесе денсаулық жағдайы бойынша қызметтен шығарылған адамдар.
Бұл ретте үздіксіз әскери қызмет жеңілдікті есептеуді ескере отырып есептеледі. Әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері қызметтен шығарылған (жеке құрам тізімдерінен шығарылған) күннен бастап, бірақ оларға ақшалай қаражат төленген күннен ерте емес тағайындалады және жүзеге асырылады.
Әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері еңбек сіңірген 25 жыл немесе жалпы еңбек өтілі үшін ақшалай қамтылымның елу пайызы есебінен белгіленеді.
Әскери қызметте жиырма бес жылдан астам еңбек сіңірген жылдарының әрбір толық жылы үшін еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері екі пайызға, ал қызметтен шығарылған күні еңбек өтілінің әрбір толық жылы үшін ақшалай қамтылымның бір пайызына ұлғайтылады.
Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру үшін ескерілетін ақшалай қамтылымның мөлшеріне лауазымдық жалақы, әскери атағы бойынша жалақы енгізіледі.
Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру үшін ескерілетін ақшалай қамтылымның мөлшері қызметтен босатылған (жеке құрам тізімдерінен шығарылған) күні айқындалады және соңғы қызмет орны бойынша берілген ақшалай аттестатпен расталады.
Әскери қызметшілердің еңбек сіңірген жылдары үшін айлық зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері ақшалай қамтылымның 65 пайызынан және «Республикалық бюджет туралы» заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 109 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Заңның 64-бабының 8-тармағына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығы бюджет қаражаты есебінен аударылған МЗЖ-ның 50 пайызы қайтарылған жағдайда туындайды, ол міндетті зейнетақы жарналары сомасының жеке зейнетақы шотынан есептен шығарылғанын растайтын анықтамамен расталады.
Жоғары білім алу мүмкіндігі
Сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарында күнтізбелік есеппен кемінде сегіз жыл қызмет өткерген келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалған шығындарын бюджет қаражаты есебінен оқыту құнының елу пайызы мөлшерінде өтетуге құқығы бар. Бұл құқықты әскери қызметші бір рет пайдалана алады.
Әскери қызметшіге көрсетілген шығындарды өтеуді құрылымында әскери қызметші әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган жүргізеді.
Әскери қызметшіні басқа білім беру ұйымына ауыстыру кезінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалған шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге жатады.
Әскери қызметшіге академиялық демалыс берілген кезде оның Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалған шығындарды өтету құқығы сақталады.
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалған шығындарды өтетуге құқығы бар әскери қызметшіге ол оқыған (оқитын) білім беру ұйымы таратылған және қайта ұйымдастырылған, қолданысы тоқтатыла тұрған, лицензиясынан айырылған жағдайларда басқа жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалған шығындарды өтетуге кепілдік беріледі.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету
• Әскери қызметші келісімшарт бойынша әскери қызмет өткергенде, тұрғын үйге мұқтаждар есебіне тұрады (тек әскери қызмет өткеретіндер ғана)
• Кезектілік тәртібімен әскери қызметшіге қызметтік тұрғын үй беріледі немесе Қорғаныс министрлігі тұрғын үй төлемдерін екінші деңгейдегі банктегі жеке арнайы шотқа аударады. Қызметтік тұрғын үй жабық әскери қалашықта орналасқан жағдайларда әскери қызметшіге қызметтік тұрғын үй және 50 пайыз мөлшерінде тұрғын үй төлемдері беріледі.
Әскери қызметші оларды:
• тұрғын үйді жалға алу немесе кейіннен сатып алатын тұрғын үйді жалға алуға;
• ипотекалық несиені (қарызды) пайдалана отырып, тұрғын үй-жайды меншікке сатып алуға;
• бұрын алынған ипотекалық несиені (қарызды) өтеуге;
• тұрғын үй құрылысына үлеске қатысу кезінде жарналарды төлеуге;
• жинақтарды тұрғын үй құрылыс жинақтары түрінде толықтыруға;
• тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдаланады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметке ниет білдірген азаматтар мына мекенжай бойынша қабылданады: Төле би ауылы, Егемберді көшесі 2/3 үй, Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, байланыс телефондары: 3-00-00, 3-00-02. Сондай-ақ, толық ақпараттар алуға, кандидаттарды іріктеу комиссиясында қарастыруға әскери бөлімдердің мекенжайына баруына болады.

Ж.Абиев,
Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы,
подполковник.

Leave A Reply

Your email address will not be published.