Жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді
Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен заманда қазақтың батыр қыздары да қолына қылыш алып жауға шапқан. Сақ патшасы Томиристен тамыр тартып, бертін келе Бопай мен Гауһар, Назым сынды тағы басқа батырлардың аты аңызға айналған. Ұлы Отан соғысы жылдары бойдағы батырлық рухы қайнаған Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апаларымыз кеудесін оққа тосып, фашизмге қарсы тұрған. Сондай сом тұлғалы сұлулардың көші әлі күнге дейін түгесілмеген. Олар әр салада тер төгіп, жетістікке жетіп жүр. Олардың қатарында мемлекеттік қызметте жүрген нәзік жан иелері де бар.
Олар жуырда Тараз қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы “Тараз-Арена” спорт сарайында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мемлекеттік қызметші әйелдер арасында өткен облыстық спартакиадаға барып, олжалы оралды.
Атап айтқанда, Шу ауданының қыз-келіншектерінен құралған мемлекеттік қызметшілер командасы жалпы командалық есепте I орынды иеленді.
-Халықаралық әйелдер күніне орай өткізілген облыстық спартакиада біз үшін жетістікке толы болды. Сайдың тасындай іріктелген сұлуларымыз спорттың 8 түрінен ұйымдастырылған сайыста 3 алтын 2 күміс, 2 қола медальді қоржынға салып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Қазіргі таңда ауданымыздағы жергілікті атқарушы органдарында қыз-келіншектердің үлесі 39 пайызды құрайды. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді орындап, спортпен де шұғылдануға уақыт табады. Тыңғылықты дайындықпен келген командамыз жеңіске қол жеткізіп отыр. Әріптестерімді жеңістерімен құттықтаймын,-дейді Шу ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Лиза Есмамбетова.
Байжан ЕМБЕРДІ.