Ұлттық дәстүріміздің тарихын білейік
Наурыз айы келіп, тіршілікке қан жүгіріп, жер-жерде тәрбиелік мәні зор іс-шаралар көптеп өтуде. Соның бірі, Төле би ауылындағы Әл-Фараби атындағы орта мектебінде Шу аудандық ардагерлер алқасы мүшелерінің қатысуымен өткен кездесу.
Тағылымы мол кездесу барысында ардагер аталарымыз жасөспірімдерге қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттап, ескіден келе жатқан шаруашылық, тұрмыстық жәдігерлердің күнделікті өмірде қолданылуын түсіндірді. Сондай-ақ, іс-шараны оқушылар халық ауыз әдебиетінің озық үлгісі – жұмбақ айтудан бастап, ал шешуін аталар тауып, тұрмыстық заттардың, ат әбзелдерінің, қару–жарақтың не үшін, қалай қолданылатынын балаларға мұқият талдап түсіндіріп берді. Шу аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Мейірхан ата қолына қамшыны ұстап тұрып балаларға:
-Бұл қамшы ықылым заманнан бар жәдігер. Мал бағушылардың қолында таяқ болған, ал адамзат атқа мінген кезден бастап қамшы мен шылбыр пайда болған. Яғни көне дәуірдегі сақ пен ғұн бабаларымыз осы жәдігерлерді дүниежүзі ұлыстарының арасында алғашқы болып қолданған. Уақыт өте келе қолданыс түріне қарай қамшының сан түрі шығып, заман алға жылжыған сайын түрлендіріп, жетілдіріп отырған. Оны ұрыс–соғыс құралы ретінде де пайдаланған. Түркі – қазақ халықтарының арасында «қамшыгер» деген түсінік қалыптасқан, ол батыр дегенмен деңгейлес болған. Мәселен арғы тарихымызда Иманжүсіп деген кісі қамшымен бір тартқанда төрт қабат өгіз терісін сылып түскен деседі.
Қамшыны қазақ алқалы жиындарда, ұлттық құрылтайларда да сөз сұрау, сөз алу үшін ишарат құрал ретінде пайдаланған. Сол замандардан бері бізбен бірге жасасып келген ұлттық жәдігерлерді қастерлейік, әр қазақтың үйінің төрінде қамшы мен домбыра қатар ілініп тұруы керек. «Нағыз қазақ – домбыра» деген қағиданы да ұмытпаңдар, балалар! – деді Мейірхан ата.
Келесі кезеңде асық атудан жарыс болды. Бұл сәтте бұқаралық спорттың асық ату түрінен облыс чемпионы әрі осы жолдардың авторы Жылқыбай Қойшыбековтың шеберлігіне барлығы дерлік тәнті болды. Бүлдіршіндер де атасынан қалыспады.
Кездесу барысында бүлдіршіндер де үлкендерге ілтипат білдіріп, ән шырқады, би биледі, мәнерлеп өлең оқыды. Осы іс–шараны ұйымдастырған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Төлегенованың тәжірибелі, әбден ысылған, өз ісінің маманы екеніне ақсақалдар риза болып, бас изесіп отырды. Бір қызығы, кездесуде ұстаздар да, оқушылар да, ардагерлер де бір-бірімен бұрыннан таныстар секілді емін-еркін отырып, белсенділік көрсетті.
Мектеп директоры Әлиасқаров Жанат Ұзақбайұлы қонақтарға ризашылығын білдіріп, оқушыларға ұлттық құндылықтардың маңызын, мәнін түсіндіріп бергендері үшін алғысын жаудырды. Шу ауданының құрметті ардагері Әнафия Шабанбаев ақсақал бүлдіршіндерге салт–дәстүр мен оқу құралдарын сыйға таратты.
Мектеп ұжымы да ардагерлерге дастархан жайып, сый–сияпат, жасады. Әйтсе де «нұр үстіне нұр» деген қазақпыз ғой, осыншама еңбектеніп дайындалған іс–шарада ұлттық киім киіп, жәдігерлерді пайдаланып, салт-дәстүрлердің орындалуын қойылым арқылы көрсеткенде бұдан да қызықты әрі тартымды болар еді. Басқа мектептерге де құлаққағыс.
Жылқыбай Қойшыбеков,
Шу аудандық әкелер кеңесінің мүшесі.