Ауыл құрамасы – облыс чемпионы
Көкпар – ата-бабалары-мыздың көнеден келе жатқан ұлттық ойыны. Кейбір қариялардың айтуынша, көкпар – жаугершілік заманда жігіттерді мықтылыққа машықтыруға арналған мектеп болған. Сайып келгенде көкпар ойыны бүгінге дейін тіні үзілмей келе жатқан төл спортымыздың бірі әрі бірегейі. Сондықтан оған әрбір ауыл азаматы мен бозбаласының таласы бар деуге толық негіз бар. Солардың қатарына шулық шабандоздарды қосуға әбден болады.
Олай дейтініміз, күні кеше Балуан Шолақ ауылдық округінің құрама командасы Тараз қаласында өткен Үсіпәлі Әбілқайыр атаның 100 жылдығына арналған облыстық чемпионатта атой салып, І орынды иеленді. Көкпар дегенде көңілі көкдөнен ағайын, әсіресе, ауылдастары бұл жетістікке арқаланып қалғаны ақиқат. Себебі, бұл ауылда алдыңғы буын қалыптастырып берген көкпардың мықты мектебі қалыптасқан-ды.
Ауылдың ғана емес, ауданның абыройын асырған жеңімпаздарды ауылдастары зор қошеметпен қарсы алды. Олардың арасында аудан әкімі Б.Жәнібеков те бар. Ауыл ақсақалдарының ақ тілеуіне қосылған аудан басшысы чемпион көкпаршыларды жеңістерімен құттықтап, өңірдің ұлттық спорты бір жасап қалғанын жеткізді.
Ізгі лебізден кейін Бақытжан Оразалыұлы ұлттық өнерді дамытуға үлес қосқан Балуан Шолақ ауылының қариясы Амангелді Жексеновты, ел ағасы Бақытжан Тұтқабаевты, жастар буыны Жасұлан Абиров пен Данияр Төкенов сынды азаматтарды марапаттап, естелік сыйлықтарды табыс етті.
Аталмыш шараға арнайы шақырылған көкпардан еліміздің 14 дүркін жеңімпазы, ұлттық спорт түрлерінен «Әулиеата» кәсіпқой спорт клубының басшысы, есімі елге белгілі Нұрдәулет Момынов та сөз алып, шулық шабандоздардың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
-Күні кеше өткен облыстық додада Балуан Шолақ ауылының жігіттері бәрімізді таңқалдырып, тамсандырып кетті. Небәрі 8 атпен келіп, қарсылас шыдатпаған жігіттер 12 атпен келгенде не болар еді дедік. Тыңғылықты дайындықпен келген жігіттер азулы қарсылас Талас ауданының командасынан айласын асырды. Бұл – мықтылық пен еңбек. Жерлестеріңіздің жеңісі құтты болсын,-деген Нұрдәулет Нәбиұлы балуаншолақтық шабандоздарға көкпарға арналған 12 етікті табыс етті. Әрбір етіктің құны 100 мың теңге болатындығын ескерсек, бұл – өте құнды сыйлық.
Мейманына ықыласы бөлек ауыл тұрғындары мен атпал азаматтары Н.Момыновқа тұлпар сыйлап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Жігіттерді жігерлендіріп жүрген жастың бірі – Данияр Төкен. Ол ауылдың құрама командасына жетекшілік етіп, жарыстарға қатысуына мұрындық болып жүр. Әрі ұдайы жаттығу жасауға түрткі болып, командалық күштің сақталуына себеп жасауда.
-Ауылдың жігіттері облыстық жарыстың жеңімпазы атанып, ауылдың үлкен-кішісі қуанышқа кенелуде. Намысты қолдан бермеген, талабы таудай шабандоздар тегеурін танытып, жеңісті қолдан бермеді. Бұл өз кезегінде ақылман ағалардың, құймақұлақ інілердің, тиянақты дайындық пен ауызбіршіліктің себебінен екенін ұмытпауымыз керек. Сол үшін барша жерлестерге, олардың үмітін ақтаған жігіттерге мың алғыс. Бүгін «Рашид ата» спорт кешенінде тамаша кеш өтіп, мәртебелі меймандар жиналып отыр. Бұл сәт те командаға жауапкершілік жүктеп отыр,- дейді Данияр Төлеуұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, «Әулиеата» көкпар командасын жаттықтыратын Нұрдәулет Нәбиұлы жеңімпаз 8 жігітті аталмыш команданың базасында дайындап, республикалық жарыстарға жетелеуге уәде берді. Сондай-ақ келешекте жерлестеріміз облыстық құраманың белді шабандозына айналуы бек мүмкін.
Байжан Емберді.